Көлік жуу: суды үнемдемеске болмайды!

Шіл 31, 2025

Соңғы жылдары елімізде су үнемдеу мәселесіне ерекше мән беріліп келеді. Себебі тіршілік көзі де – таусылатын ресурс. Өкінішке қарай, кей кездері таза су шаруашылық мақсаттарда қолданылса, енді бірде кәсіпкерлер мен тұрғындар оны есепсіз пайдаланып жатады. Мұндайдың алдын алу үшін автокөлік жуу орындары мен моншаларға су тазарту қондырғыларын орнату міндеті қойылмақ. Сол арқылы бұған дейін қолданылған суды тазартып, қайта айналдыру талап етілмек. Бұл қаншалықты дұрыс? Мұндай өзгеріске қатысты кәсіпкерлер мен көпшілік не дейді?

Су тапшылығы болуы мүмкін

Әңгімемізді әріден бастар болсақ, елімізде су тапшылығы мәселесі жыл сайын күрделеніп келеді. Біріккен ұлттар ұйымының мәліметінше, 2030 жылға қарай Қазақстан су тапшылығына тап болуы мүмкін. Аталған ұйымның дерегіне сүйенсек, біздің елдегі су ресурстарына жүктеме 40 пайызға таяп қалған. Бұл мемлекетте су тапшылығы байқалатынын көрсетті. Осы орайда негізгі проблемалар ретінде суды тиімсіз пайдалану, суару жүйесіндегі ысырап және трансшекаралық өзендерге тәуелділік аталды.

Шынымен, Қазақстан су ресурсы тапшы елдер қатарына жатады. Географиялық тұрғыдан алғанда, бізде табиғи су қоры өте аз және негізгі су ресурсының көзі шекаралас мемлекеттер аумағында орналасқан. Соған қарамастан, Орталық Азияда суды көп тұтынатын мемлекеттердің көшін бастап тұрмыз. Worldometers ұйымы мынадай статистикалық деректерді келтірді: Қазақстан жан басына шаққандағы суды тұтыну бойынша әлемде 11-орында тұр. Біздегі тәулікті норма 3,5 мың литрді құрайды. Салыстырмалы түрде қарар болсақ, Ресейде бұл көрсеткіш бір адамға шаққанда 1,3 мың литр, Германияда — 855 литр, ал Ұлыбританияда – бар-жоғы 348 литр.

Сондықтан ел билігі халықты суды үнемдеуге әрі тиімді пайдалануға шақырады. Әйтпегенде су тапшылығы болуы мүмкін.

— Су ресурсы — еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз –
трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер, — деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ал таяуда Президент Су кодексіне қол қойды. Бірнеше блоктан тұратын аталмыш құжат су үнемдеудің жаңа тетіктерін енгізуге, су нысандарын қорғауға, су тасқынының, судан келетін зиян мен залалдың алдын алуға бағытталған. Аталмыш Кодекс барлық автокөлік жуу орындары мен моншаларды пайдаланылған суды сүзгіден өткізіп, қайтадан айналымға енгізуді де міндеттейді.

Арнайы құрал орнатуы тиіс

Бұл мәселені, әсерісе, автокөлік жуу орындарының жағдайын және оларға қойылатын талапты күшейтуді Мәжіліс депутаттары бірнеше рет көтерген болатын. Мәселен, депутат Данабек Исабеков көлік жуу орындарына бері-летін шаруашылық және ауызсу мақсатындағы су көлемін бекітіп, таза
суды пайдалуды шектеуді ұсынды.

— Бір көлікті жууға орташа есеппен алғанда 50-60 литр су кетеді. Бір күнде бір ғана орында 10 көлік жуылады дегеннің өзінде 500-600 литр су ағып кетеді. Енді осы көлемді аудан-қалалардағы көлік жуу орындарына көбейтер болсақ, миллиондаған литр таза судың босқа кетіп жатқанын байқаймыз, — деген еді
депутат.

Сондықтан сала мамандарының ұсынысымен, депутаттардың қарауымен Су кодексіне өзгерістер енгізілді. Соған сәйкес, кейбір кәсіпкерлік нысандарға талап күшейтілмек. Сол арқылы су үнем-
деу мәдениетін қалыптастыруды көздеп отыр. Жаңа құжат бизнестің бірнеше саласын қамтиды.

— Алдағы екі жыл аралығында суды пайдалану, үнемдеу және қайтадан қолдануға қатысты жоспар дайындалып, бекітілуі тиіс. Бұл тек автокөлік жуу орындарына емес, сонымен қатар, ірі зауыттар, өндіріс пен ауыл шаруашылығы нысандарына да қатысты болмақ. Тиісті жоспар бекітілген соң 5 жыл ішінде аталмыш салада бизнесін дөңгелетіп отырған кәсіпорындар жаңғырту жұмыстарын жүргізуге міндетті болады. Дәлірек айтқанда, таза ауызсуды пайдаланудан бас тартып, өңделген суды қолдануға көшуі керек, — деді Мәжіліс депутаты Павел Казанцев.

Депутаттардың пайымынша, мұндай қатаң талап қойылмаса, елдегі өзен суы алдағы уақытта да бейберекет пайдаланыла беретін
түрі бар. Бұл өз кезегінде тапшылыққа әкелуі әбден мүмкін.

Атап өтерлігі, біздің облыстағы автокөлік жуу орындарының дені суды Ертістен тікелей алады. Енді бірі орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.

— Ертіс өзені – еліміздегі маңызды су артериясы. Ол тек Павлодар облысын емес, еліміздің өзге өңірлерін де тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отыр. Бүгінде автокөлік жуу орындарының кейбірі суды Ертістен алып, кәсіп барысында пайдаланса, кейбір қызмет көрсету орындары орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Енді осы бизнес түрімен айналысатын нысан басшылығы суды қайдан алғанына қарамастан айналымды-қайталама сумен қамту жүйесіне ауысуы керек, — дейді Ертіс бассейн инспекциясының басшысы Медет Жәдігерұлы.

Баға қымбаттамай ма?

Мұндай талапқа қатысты көлік жуу орындары өкілдерінің пікірі әр түрлі. Бірі құптайды, енді бірі оған қомақты қаржы қажет болатынын алға тартады.

— Біздің аумақта көлік жууға арналған алты орын бар. Мұнда жүргізушілер келіп, көлігін өзі жуып ала алады. Яғни, өз-өзіне қызмет көрсету тетігі қарастырылған. Біз су, жуу заттарымен қамтамасыз етеміз. Бұл қызмет үшін көп ақы да алмаймыз. Біз сияқты шағын ғана көлік жуу орындарына арнайы құрал орнатып, суды қайта тазартқан тиімді емес. Себебі қондырғыны орнатып, тазарту жүйелерін тартып, оны іске қосу үшін қыруар қаражат керек. Сондай-ақ, бір құрал кем дегенде 10 шаршы метр аумақты алады. Оған бөліп берер жер де жоқ. Бәлкім, ірі жуу орындарының бұдан ұтары көп болар. Ал біздің керісінше қалтамызды қағып, қиындық тудыруы мүмкін, — дейді облыс орталығындағы көлік жуу
орнының басшысы Андрей Павленко.

Ал ірі орталықтар, шынымен, мұндай жүйе жұмысты ілгерілете түсетінін атап өтті. Сондықтан тазарту қондырғыларын орнатуды қос қолдап қолдайды.

— Суды қайта тазарту жүйесінің жүзеге асу барысын Астана қаласындағы бірнеше әріптесі-мізден байқаған едік. Меніңше, бұл – жақсы тәжірибе. Бір көлікті жуу үшін тапсырыс берушінің қалауына қара 30 литрден 100 литрге дейін су кетсе, әлгі технология көмегімен сол шығынның орта есеппен алғанда 60 пайызын қайта өңдеп, кейін тағы екі-үш көлікті жууға пайдалануға болады. Сол арқылы орталық жүйеден келетін суды да, оны пайдаланғанымыз үшін төленетін ақы да үнемделеді. Бағасы 10-20 млн теңге көлемінде болатын осындай қондырғыны алып, кейін еш алаңсыз жұмыс істеуге болады деп ойлаймын, — дейді тағы бір көлік жуу орталығының менеджері Алмат Саматұлы.

Алайда кей тұтынушылар мұндай өзгерістер түптеп келгенде тұрғындардың қалтасын қаға ма деп алаңдайды. Айтуларынша, қазірдің өзінде көлік жуу қызметінің ақысы арзан емес.

— Мен көлікті өзім жуатын болсам, жарты сағатқа кем дегенде 1000-1200 теңге төлеймін. Берілген уақыт жетпей қалса, қосымша ақы төлеуге тура келеді. Кейде кешенді жууға тапсырамын. Оның ақысы
4 мың теңгеден басталады. Іші-сыртын толығымен жуу ақысы 15-25 мың теңге аралығында болады. Көлікті айына кем дегенде төрт-бес рет өзім жуамын, кешенді жууға да тапсырыс беремін. Жалпы, бір айда орта есеппен 10-12 мың теңге тазарту жұмыстарына жұмсалады. Соңғы уақытта жанармай баға-
сының тоқтаусыз өсіп жатқаны тағы бар. Егер көлік жуу орындарын жаңа технология енгізуге міндеттесе, оның ақысы тұтынушылар есебінен өтелетін сыңайлы. Яғни, қызмет көрсету бағасы көтерілуі мүмкін. Оған қоса, қазірдің өзінде кей көлік жуу орындарында техниканы мұнтаздай таза қылып шығармайды. Ал өңделген су қалай айнадай таза қылады? Өңделген су бәрібір лас болатын сияқты, — дейді тұрғын Ержан Асылханов.

Қалай болғанда да бір анығы – суды үнемдемеске болмайды. Әйтпегенде, 15-20 жылдан соң тіршілік нәріне зәру болып қалуымыз ғажап емес. Оның алдын алуды әр тұрғын, әр кәсіпкер өзінен бастаса керек. Үйде, жұмыста, қоғамдық орында суды мейлінше аз тұтынуға тырысса, бизнес өкілдері жаңа технологияларды енгізсе, құба-құп.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.