Бүгінде желіде қызу талқыға түсіп жатқан тақырыптардың бірі — автокөлікті бес минуттан артық қыздырғандарға салынатын айыппұл. Көпшілік мұны «жаңа заң» деп қабылдап, наразылықтарын ашық білдіруде. Асылында, аулада тоқтап тұрған көлікті қыздыру мәселесі заң аясында қалай реттеледі?
Қыстың аязды күндерінде көлікті алдын ала жылыту – қазақстандықтар үшін әдеттегі жағдай. Әсіресе, солтүстік аймақтарда. Алайда экологиялық стандарттар бұл әрекеттің қаншалықты дұрыс екенін қайта қарауды талап етеді. Ұзақ уақыт көлікті жылыту жанармай шығынын арттырып қана қоймай, атмосфераға зиянды заттардың, соның ішінде көміртек тотығының бөлінуіне себеп болады. Осыған байланысты, Қазақстанда тұрғын үйлердің жанында автокөлікті 5 минуттан артық қыздыруға тыйым салынған. Ережені бұзғаны үшін алғашқы ретте – 5 АЕК, яғни 19 660 теңге көлемінде айыппұл салынады. Қайталанған жағдайда – 10 АЕК немесе 39 320 теңге айыппұл төлеу керек. Айыппұл салу үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі, құқықбұзушылық жасалған уақыт пен күні көрсетілген 5 минуттан астам бейнежазба қажет.
Ал көлікті қыздыру қажет пе деген тартысқа тоқталсақ, жүргізушілердің басым бөлігі дизель отынды пайдаланатын көлікті міндетті түрде қыздыру қажет деп есептейді. Көлікті қыздыру уақытын сырттағы ауа температурасына қарай бағамдау керек. Мәселен, Кенжекөл ауылының тұрғыны Асылбек Едігенің айтуынша, қысты күні көлікті қыздыруға 5 минут уақыт жетпейді. Бұл уақыт аралығында көліктің терезелері қыраудан да ашылып үлгермейді екен.
— Жол жүрісі туралы ережеде қозғалтқышы қосулы тұрған көліктің тұрақтауына тыйым салынатынын ескеру керек. Ережеге сәйкес, көлік белгілі бір себептерге байланысты 5 минуттан аса уақытқа тоқтатса, ол оның тұрақта тұрғанын білдіреді. Егер де сіз көлігіңізді оталдырып, ол қызғанша үйге кіріп кетсеңіз, бұл ереже бұзушылық болады. Бұл ретте сіз көлікті көп дегенде 5 минут уақыт қыздырғаныңызды дәлелдеуіңіз қажет болады. Бірақ оған полицейлер назар аудармауы да мүмкін, бірақ көршілер бұл ереже бұзушылықты видеоға түсіріп, полициядағыларға немесе ІІМ өкілдеріне жолдауы мүмкін, — дейді ол.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Жол жүрісі туралы ережесінің 12-пунктіне сәйкес, қозғалтқышы қосулы тұрған көлік құралдары көршілеріне қолайсыздық тудырған жағдайда ғана оған тыйым салынады. Яғни, көршілер наразылық танытпаса, көлікті аулада қыздыруға болады. Полицейлер де оған тыйым салмайды.
— ҚР «Жол жүрісі» туралы Заңның 17 бөлігі, 2-тармағында тоқтап тұрған көлікті тұрғын үй аулаларында қыздыруға тыйым салынса, 12-тармағында: «бұл тұрғындарға қолайсыздық тудыратын болса, елді мекендерде қозғалтқышты қосып қойып тұрақтауға тыйым салынған. Ереже бойынша көлік белгілі бір себептерге байланысты 5 минуттан аса қозғалтқышы қосулы күйде аялдаса, осы уақыт шегінен асса оның тұрақта тұрғанын білдіреді. Егер сіз көлігіңізді оталдырып, ол қызғанша үйге кіріп кетсеңіз, бұл ережені бұзу болып саналады, — деді баспасөз қызметінде.
Сонымен қатар, ведомствода бұл жаңалық емес екенін, норма ҚР жол қозғалысы ережесінде 20 жылдан астам уақыт бойы бар екенін атап өтті.
— Ішкі істер органдары азаматтарға осы бұзушылық үшін жаппай айыппұл салуды мақсат етіп қоймайды. Аталған бап бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс азаматтардың шағымдары келіп түскен кезде және бұзушылық туралы дәлелдер болған кезде ғана қозғалады, — деп толықтырды баспасөз қызметінде.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.