Көлік терезесін ақылы қараңғылау қаншалықты қисынды?

Мау 5, 2025

Елімізде 2010 жылдан бастап автомобильдердің алдыңғы және алдыңғы бүйір терезелерін қараңғылауға заңмен тыйым салынды. Ол кезде құзырлы орган өкілдері қараңғыланған әйнектер айналаға, жол қатынасына қауіпті деген тоқтамға келген еді. Ал заңға бағынбай, темір тұлпарының терезесін қараңғылап алғандар айыппұл арқалап келді. Күні кеше Мәжіліс депутаттарының бірі еліміздің Ұлттық экономика министріне өтінім жолдады. Онда депутат автомбильдердің алдыңғы бүйір терезелерін ақылы түрде қараңғылауды заңдастыруды ұсынған. Яғни, ол ақшаға алынатын VIP-нөмірлер сияқты тонировканы да қалтасы көтеретіндерге сатып, қазынаға қыруар қаржы құю мүмкіндігі барын алға тартқан. Жол-көлік қатынасында қауіпсіздік бірінші орынға қойылатынын ескерсек, ақылы түрде автомобильдің терезелерін қараңғылауға рұқсат беру қаншалықты орынды? Бұл өзгеріс қоғамға қандай пайда яки зиян әкелуі мүмкін? Бұл тақырыпты кезекті «Алаң»-да талқылап көрдік.

Марат АСЫЛБЕКОВ, жол полициясы саласының ардагері:

— Елімізде автомобильдердің алдыңғы бүйір терезелеріне тонировка жапсыруға ақылы негізде рұқсат беру, менің ойымша, дұрыс емес. Осыдан 15 жыл бұрын сала мамандары бекерден-бекер заң шығарып, әйнектерді қараңғылауға тыйым салмаған болар. Жолдағы қауіпсіздік тұрғысынан осындай қадамға бардық емес пе?!

Депутаттың ұсынысында ел қазынасына қыруар қаржы түсетіні туралы айтылыпты. Қаржы деп қауіпсіздікті екінші орынға қоюға болмайды. Көліктің артқы терезелерін қараңғыласа да, жеткілікті. Ақылы түрде орнатуға рұқсат етілсе, қалталы азаматтар қараңғылап алып, жол қозғалысына айтарлықтай қауіп әкелмесіне кім кепіл?! Депутат VIP-нөмірлер былтыр бюджетке 15,8 миллиард теңге түсіріпті деген деректі де келтіреді. Алайда нөмірден айналаға еш қауіп жоқ. Әдемі әріпті, өзгеше цифрлы нөмір көлік қозғалысына ешбір әсері жоқ. Ал терезені қараңғылаудан қауіп бар. Заң кезінде шығарылды, одан аттап, оны өзгертудің қажеті жоқ деп есептеймін.

Илья МУХОРТОВ, облыстық мәслихат депутаты:

— Бұл ұсынысты толығымен қолдаймын. Адамдардың бәрі бірдей күннің көзін көтере алмайды. Осы тұрғыдан алғанда көліктің алдыңғы бүйір әйнектерін қараңғылаудан қашудың қажеті жоқ. Әлбетте, әйнектің жарық өткізу көрсеткіші бойынша талап сақталуы тиіс. Кедендік одақтың техникалық регламентінің өзі жарық өткізуі 70 пайыздан кем болмаса, алдыңғы бүйір терезелерге тонировка жапсыруға рұқсат етіледі. Құзырлы органдар тас қараңғы етіп, тонировка жасауға жол бермейді. Мұнда ақылы тонировка жасауды заңдастырудың тиісті тетіктері әзірленеді. Жарық өткізу нормаларының сақталуын техникалық бақылау арқылы қамтамасыз етіледі деп есептеймін.

Тонировка жасау көлікке де эстетикалық түр береді. Жүргізуші мен алдыңғы орындыққа жайғасқан жолаушыға да жайлылық сыйлайды. Егер бұл ұсыныс құпталып, заңды түрде рұқсат етілсе, бірінші баратындардың қатарынан боламын. Көлік терезелерін қараңғылауды ақылы негізде заңдастыру әлемдік тәжірибеде де бар. Өзбекстанда 70 пайыз жарық өткізетін тонировкаға рұқсат бар. Бірлескен араб әмірлігінде және Оңтүстік Кореяда алдыңғы әйнектерді 50 және

40 пайыздық жарық өткізгіштікпен жүруге жол ашық. Әрине, барлық техникалық талаптарды сақтау, тиісті төлем жасауға мән беріледі.

Ұсынған әріптесіміз статистикалық мәліметтерді келтірді. Елімізде 6 млн 176 мың көлік тіркелсе, оның 86,5 пайызы — жеңіл көліктер. Енді оларға ақылы түрде тонировка жасауға рұқсат етілсе, олардың бес пайызы орнатқанның өзінде қазынаға бір жылда 50 млрд теңге түсуі мүмкін екенін алға тартып отыр. Бұл да еліміз үшін тиімді.

Жанболат ҚОБЫЛАНДЫ, көлік жүргізушісі:

— Естуімше, көліктің алдыңғы терезелерін қараңғылау ақылы түрде рұқсат беруде еліміздегі VIP-нөмірлерді сату тәжірибесіне сүйену ұсынылуда. Демек, оның ақысы да арзан болмайды. Бұлай ақшасы бар адамдарға ғана жайлылыққа рұқсат ету, бір жағынан, қоғамды екіге бөлумен тең деп санаймын. Оған қоса, жолда кетіп бара жатқан көліктің тонировканы ақылы немесе ақысыз орнатқанын құзырлы орган қалай біледі. Шетінен тоқтату қолайсыздық тудырмай ма?! Биыл ғана заңсыз тонировка жасағандарға салынатын айыппұл көлемін арттырып, талапты күшейтті ғой. Қатты қараңғыланған терезе жүргізушіге ғана емес, өзге жол қозғалысы қатысушыларына да қауіп тудырады. Әсіресе, түнде көлікті тұраққа қою кезінде маңынан өткен жаяу жүргіншіні немесе велосипедшіні көрмей қалу қаупі бар. Айналық тонировка болса, күн сәулесі қатты түскенде қарсы келе жатқан көлік жүргізушісінің көзін бірнеше секундқа қарауытып жібереді.

Әйнектің жарық өткізгіштігін техникалық бақылау кезінде тексеру ұсынылып отыр. Оның да әділ тексерілетініне күмәнім бар. Сондықтан, мамандар алдыңғы бүйір әйнектерді қараңғылау жол-көлік қозғалысына қауіпсіз деп таныса, бәріне бірдей рұқсат етілуі тиіс. Оны ақылы жасау артық. Қазынаны толтырамыз деп қауіпсіздікті ысырып қоюға тағы болмайды. Иә, жүргізушілер үшін екі жағының күн шақырайып тұрғанда қараңғыланып тұрғаны ыңғайлы. Бірақ, ол жолдағы қозғалыста қауіпсіз болса, ыстыққа да шыдап кетуге болады. Адам өмірі бәрінен жоғары деп санаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.