Биыл облыс бойынша 12 мыңнан астам оқушы мектепке қажетті кеңсе тауарлары мен киім-кешекке мұқтаж. Олардың мәселесі қалай шешілмек? Мұндай балаларға қайырым-дылық көмегін көрсетуге бағытталған республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында қандай іс-шаралар қолға алынуда? Осы және өзге де сұрақтар Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиха-тында талқыланды.

 

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанованың айтуынша, жақында, яғни 1 тамыз күні еліміздің барлық өңірінде республикалық «Мектепке жол» акциясы басталған. Дәстүрге айналған қайырымдылық шарасы 30 қыркүйекке дейін жалғасады деп жоспарлануда. Аталмыш акция аясында аймақтағы 113 мыңнан астам оқушының 10 пайызға жуығына көмек көрсетілмек.

– Биыл бұл акция ҚР Оқу-ағарту министрлігі бекіткен тұжырымдамаға сәйкес «Жақсы-лық жаса» деген ұранмен өтеді. Шараның басты мақсаты – аз қамтылған және көмекке мұқтаж көпбалалы отбасыларындағы оқушыларға, жетім балаларға демеушілік қаражат есебінен материалдық көмек көрсету, сондай-ақ, әлеуметтік себептерге байланысты балалардың мектепке келмеу жағдайының алдын алу болып табылады. Қайырымдылық көмегі мектеп формасы, кеңсе тауарлары, спорттық киім, аяқ киім түрінде үлестіріледі. Қазіргі таңда көмекке мұқтаж оқушылардың бірыңғай деректер базасы құрылды. Сол бойынша 3 мыңнан астам отбасынан шыққан 12 584 оқушыға қайырымдылық көмегі көрсетілетін болады, – деді Роза Қабиболлақызы. Сонымен қатар, ол облысымызда шынайы көмекті қажет ететін және қиын жағдайға тап болған отбасылары үшін аудан-қалаларда сенім телефондары мен жедел желілер жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бүгінгі таңда аталған телефондарға 40-қа жуық өтініш келіп түскен.

– Сенім телефондарының тізімі білім беру басқармасының, қалалар мен аудандардағы білім беру бөлімдерінің әлеуметтік желілерінде жарияланды. Ал облыстық білім беру басқармасында 65-00-60, 87074916405 сall-centr жұмыс істеп тұр. Жалпы, қайырымдылық көмек көрсетуге демеушілерді, меценаттарды, әлеуметтік серіктес-терді, мемлекеттік құрылымдарды тартуға бағытталған жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда демеушілердің есебінен 1600 оқушыға 15 миллионнан астам теңгенің көмегі көрсетілді, – деп атап өтті басқарма басшысының орынбасары. Сондай-ақ, ол акция аясында мектеп жәрмеңкелерін, шалғайдағы ауылдық елді мекендерде көшпелі мектеп авто-дүкендерін ұйымдастыру шаралары да қолға алынғанын алға тартты. Осы жылдың 11-26 тамызы аралығында алыс ауылдарда мектеп оқушыларына арналған көшпелі автодүкендер қызмет көрсетпек. Ал облыс орталығында әлеуметтік жәрмеңке 19 тамыз күні өтеді деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, балаларға жалпыға бірдей міндетті оқыту қоры есебінен де көмек берілуде.

– Өткен жылдан бастап респуб-лика бойынша әрбір білім алушыға жаппай оқыту қорынан күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен емес мөлшерде қаражаттың бірыңғай көлемі айқындалды. Соған сәйкес, Павлодар облысы бойынша әрбір оқушыға осы қаражат көлемі 47300 теңге болып бекітілді. Қазіргі уақытта 12 420 оқушының заңды өкілдерінің карточкалық шоттарына 587 млн теңге аударылды. Мұндай көмек алуға өтініш берген барлық оқушыға жалпы білім беру қорының қаражаты есебінен материалдық көмек көрсетіледі. Бұл ақшалай қолдауға ие болу үшін ата-аналар атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатынын немесе күнкөріс деңгейі төмен отбасы екенін растауы тиіс. Ол үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша орналасқан әлеуметтік қорғау бөліміне жүгініп, сол мекемеден отбасы мәртебесін растағаннан кейін мектеп әкімшілігіне хабарласып, тиісті құжаттарын тапсыруы керек, – дейді Роза Ақанова. Баспасөз мәслихатында аталған акция аясында Павлодар қалалық білім беру бөлімі тарапынан атқарылып жатқан жұмыс барысы да баяндалды. Шаһардың бас ұстазы Қуаныш Қыдырәлиннің айтуынша, қала бойынша көмекке мұқтаж 3796 оқушының бар екені анықталған.

– Жалпыға бірдей білім беру қорынан бұл балаларға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға 147 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Бір білім алушыға 47 296 теңге тиесілі. Бұл қаражат балалардың заңды өкілдерінің жеке шоттарына аударылады. Бүгінде мемлекеттен 103,3 млн теңге сомаға 2184 бала қаржылай көмек алды, – деді Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы. Сондай-ақ, қала бойынша «Мектепке жол» акциясы барысында 125 оқушыға 1,5 млн теңгенің киім-кешегі мен кеңсе тауарлары түрінде демеушілік көмек көрсетілген. Павлодар қаласы бойынша көмекке мұқтаж оқушылар мен олардың ата-аналары 30-14-97, 30-14-91 телефон нөмірлеріне хабарласып, қайырымдылық көмегіне қол жеткізе алады.

Нұржайна ШОДЫР.