Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру бағытында түрлі шаралар, қолдау тетіктері қарастырылған. Олардың жүріп-тұруы, қоғамға бейімделуі үшін де мемлекет тарапынан жәрдем жасалады. Қажетті құрал-жабдығымен қамтамасыз етуге де көңіл бөлінеді. Мәселен, мүгедектігі бар азаматтарға техникалық көмекші арнайы құралдар беріледі. Биыл маусым айынан бастап пилоттық жоба аясында жекелеген техникалық көмекші құралдарды уақытша пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл бастама қалай жүзеге аспақ? Мұндай құралдарды кімдер жалға ала алады? Осы және өзге де сұрақтарға «Бас тақырып» айдарында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рахимова жауап береді.
– Әлия Бекболатқызы, мүгедектігі бар адамдарға арба мен өзге де техникалық құралдарды жалға беру басталмақ. Пилоттық бастамаға Павлодар облысы да кіреді екен. Осы ретте, жалға берілетін құралдарға нақты не кіретінін атап өтсеңіз…
– Пилоттық жобаны іске асыру ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығынан басталады деп күтілуде. Пилоттық жоба аясында жекелеген техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдарды, арнайы жүріп-тұру құралдарын (арбалар, жүріп-тұруға арналған құралдар, балдақтар, таяқтар, сурдо- және тифлотехникалық құралдарды) уақытша пайдалануға беру көзделуде.
– Мұндай заттарды жалға беретін орындар айқындалды ма? Жалға беру орындары аудандарда да ашыла ма?
– Жобаны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы іске асырады. Жалға беру пункті Павлодар қаласы, Н.Назарбаев даңғылы, 42/1 мекенжайында орналасады. Жоба аясында құралдарды аудандарға жеткізу мәселесі де қарастырылуда.
– Техникалық құралдар қанша уақытқа жалға бері-леді? Қазіргі таңда жалға берілетін құралдар қоры жасақталды ма?
– Қазіргі уақытта жалға беру пунктін демеушілер мен халық есебінен оңалту құралдарымен толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Аталған құралдар кейіннен мүгедектігі бар адамдарға уақытша жалға пайдалануға беріледі. Жалға берілетін техникалық оңалту құралы мүгедектігі бар адамға шарт негізінде ұсынылады. Шарт бір жыл мерзімге жасалып, мүгедектігі бар адам мемлекеттік бюджет есебінен жаңа оңалту құралымен қамтамасыз етілгенге дейін ұзарту мүмкіндігі қарастырылады.
– Мүгедектігі бар адамдарға арналған арбалар, басқа да құралдар жалға берілсе, мұндай заттарға мұқтаж адамдар мемлекеттен жаңасын алуға құқығы бар ма?
– Иә, жаңа ұсынылған оңалту құралдарымен қамтамасыз етілу құқығы заңнамада белгіленген ауыстыру мерзімдерін сақтай отырып толық көлемде сақталады. Жобаның негізгі мақсаты – мүгедектігі бар адамдарға техникалық оңалту құралдарының жекелеген түрлерін уақытша пайдалануға беру. Мысалы, мемлекет тарапынан берілген мүгедектер арбасы сынып қалған жағдайда, алайда оны ауыстыру мерзімі әлі келмесе, әлеуметтік қорғау органдары бюджет қаражаты есебінен жаңа құралмен қамтамасыз ете алмайды. Осындай жағдайда мүгедектігі бар адам жалға беру пунктіне жүгініп, арбаны пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін уақытша жалға ала алады.
– Жалға берілген құралдар қайтарылғаннан кейін оған арнайы тексеріс жүргізіліп, жағдайына баға беріле ме? Яғни, келесі адамға ешбір ақаусыз берілуі бақылана ма?
– Міндетті түрде техникалық оңалту құралдарына әлеуметтік-техникалық сараптама жасау көзделген. Аталған сараптама техникалық оңалту құралымен қамтамасыз ету, оны жөндеу, пайдалану мерзімі бойынша немесе мерзімі аяқталғанға дейін ауыстыру қажеттілігі, сондай-ақ комиссияның жыл сайынғы сараптамасы негізінде техникалық оңалту құралын одан әрі пайдалану мүмкіндігі туралы қорытынды шығаратын болады.
– Мәселен, абайсызда аяғын сындырып алған азамат сіздерден арнайы балдақтарды уақытша жалға алуына бола ма? Ол үшін қандай құжаттар қажет болады? Әлде тек мүгедектік берілген адамдарға ғана жалға беріле ме? Бұл жалға беру тегін бе?
– Өкінішке қарай, абайсызда аяғын сындырып алған адамға жалға берілмейді. Жоба жеке абилитация және оңалту бағдар-ламасында белгілі бір техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз ету ұсынылған мүгедектігі бар адамдарды үздіксіз оңалтуға бағытталған. Айта кетейік, бүгінде облыста 30 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Олардың ішінде кресло-арбаны пайдаланушылар саны – 2,2 мың адам.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
