Облыс орталығының аз қамтылған отбасылары коммуналдық қызметтерін төлеу кезінде мемлекеттің көмегіне жүгіне алады. Ол үшін нақты талаптар қарастырылған.
Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Айнұр Мұқашбекованың мәлімдеуінше, биыл екі тоқсанда 462 азамат коммуналдық қызмет шығындарының бір бөлігін мемлекет көмегімен төлеуге мүмкіндік алған.
— Тұрғын үй көмегін аз қамтылған отбасылардың алуына болады. Бастысы, баспана өз атында болуы тиіс. Сондай-ақ, атында бірнеше пәтері немесе өзге тұрғын үйде тағы үлесі барлар бұл көмектен үміттене алмайды. Себебі, барлық мәліметтер базаға енгізілгенде, арнайы бағдарлама мұның барлығын тексереді. Сәйкесінше, талапқа сай келмейтіндерді қабылдамайды, — дейді А.Мұқашбекова.
Айта кетерлігі, көмек бір тоқсанға тағайындалады. Бұл ретте, өтініш берушінің өткен тоқсандағы кірістері мен коммуналдық қызметке жұмсаған шығындары есепке алынады. Егер коммуналдық қызметке жұмсалатын сома отбасы табысының 5 пайызынан асса, сол асқан мөлшерді мемлекет өтеп береді. Ескерте кетейік, бұл сома тоқсанына бір рет қана төленеді.
Сонымен, өтініш беруші қандай құжаттар тапсыруы тиіс? Ең алдымен, жеке басты куәландыратын құжат, балалардың туу туралы куәлігін, өткен тоқсандағы кірісі туралы мәліметті, өткен тоқсанда коммуналдық қызметтің төлемдерінің түбіртектерін, банктік есепшотын тапсырады. Тұрғын үй көмегін тағайындауға өтінішті павлодарлықтар халыққа қызмет көрсету орталығы немесе egov.kz порталы арқылы береді. Қосымша ақпарат алу үшін +7 (7182) 32-17-28 телефонына хабарласуыңызға болады.
Айта кетейік, былтыр төрт тоқсанда 630 отбасы осындай көмек алған.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.