Көп тіл білу – заман талабы

Қыр 4, 2025

Көп тіл білу – адамның көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, кәсіби әрі күнделікті өмірде де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бүгінде бірнеше тілді меңгерген жан бәсекеге қабілетті маман ғана емес, сонымен қатар, мәдениетаралық көпір бола алады. Солардың бірі – 4 тілді меңгерген тереңкөлдік Светлана Шнайдер.

Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін жетік меңгерген ол ауыл мектебінде ағылшын тілінен сабақ беріп қана қоймай, көп тілдің өмірге әкелетін артықшылықтарын күнделікті тәжірибесінде дәлелдеп келеді.

— Мен — Тереңкөл ауданы Тегістік ауылының тумасымын. Мамандығым – лингвист-оқытушы. Кезінде лингвистика мамандығына эксперименталды топ ашылғанда оқуға түстім. Ол кезде бұл мамандыққа оқытуға тек 1 рет қабылдау болды. Бірақ бізден кейін мұндай мүмкіндік қайталанбады. Сол кезде ағылшын тілін бастауыш деңгейден бірден тереңдетіп оқыдық. Кейін оқуды аяқтаған соң бұл дипломмен қазақ тілі және ағылшын тілінен сабақ беруге рұқсат етілді. Менің еңбек жолым да осылай басталды. Екі тілден де сабақ беріп келдім. Қазақ тілді шетел тілі мамандары тапшы болғандықтан соңғы 10 жылда оңтүстік өңірлерден келген студенттермен жұмыс істедім. Қазіргі уақытта Тереңкөл ауданының Песчан ауылындағы №2 орта мектепте ағылшын тілінен сабақ беремін. Сонымен қатар, қоғамдық-гуманитарлық пәндер әдістемелік бірлестігінің жетекшісімін. Аталған мектепте «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясындағы «Ұшқыр ой алаңы» әлеуметтік жобасының жетекшісімін, — дейді ол.

Светлананың отбасында әрдайым қазақ тілінде сөйлесу дәстүрге айналған. Анасы орыс тілді болғанмен, әкесі қаймағы бұзылмаған қазақы ортада – Тегістік ауылында туып-өскен. Сол жерде қазақ мектебін тәмамдаған. Сол себепті балалар үшін қай мектепке барып, қандай тілде білім алу керектігі жөнінде ешқандай сұрақ туындамаған. Әкенің ізін жалғап, барлығы қазақ мектебінде білім алған.

— Мен ауылдық мектепте 9 жыл оқып, алдыңғы 2 ағам мен әпкем сияқты 10-11-сыныпты Павлодар қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы интернатта оқыдым. Бұл жерде қазақ тілі мен әдебиеті пәні тереңдетілген сыныбында оқып, болашақ мамандығыма бағдар алдым деуге болады. Бүгінде қазақ, орыс тілдерінде еркін сөйлей аламын. Ағылшын тілін жоғары деңгейде жетік білсем, неміс тілін әзірге орташа деңгейде меңгердім. Негізі, өзімнің тілдерді меңгеруге деген қабілетімнің барын университет қабырғасында оқып жүргенімде білдім. Болашақта түрік немесе араб тілін үйренсем бе деймін. Бұл екі тілдің маған дыбысталуы, эмоционалдық түстері ұнайды. Оған қоса, түрік тілі қазақ тіліне ұқсас, ал араб тілінен қазақ тіліне енген көп сөз бар екенін ескерсек, оларды үйрену үрдісі қызықты әлі жеңіл болады деп ойлаймын, — дейді Светлана.

Оның айтуынша, көп тіл білу – кез келген маман үшін мол артықшылықтардың бірі. Бұл қабілет адамды бәсекеге қабілетті етіп қана қоймай, сұранысы жоғары, тапшы мамандар қатарына қосады.

— Көп тіл білу арқылы адамның жеке тұлғалық өсу, жан-жақты болу, түрлі мәдениет, менталитет, тарихты тану сияқты артықшылықтарын байқаймын. Одан бөлек, ағылшын, неміс тілдерін меңгеру нәтижесінде түрлі шетелдік фильм, бағдарламаларды түпнұсқасында көре аламын. Кейде оның да маңызы зор болып жатады. Ал ұлтым неміс бола тұра қазақ тілін білуім күнделікті өмірде түрлі қызықты оқиға мен тосын жағдайларға толтырады, — деп түйіндеді ол.

Айдана БОРАНБАЕВА.