Көп қырлы қаламгер

Қаң 19, 2026

Аймағымыздағы журналистика саласының бір буын мектебін қалыптастырып, ақпарат айдынында ақмылтық шәкірттер тәрбиелеген Социал Әйтенов биыл сексеннің сеңгірін бағындырды. Бұқаралық ақпарат саласындағы еңбек жолын мерзімді басылымнан бастап, телеарнадан түйіндеген көп қырлы қаламгердің кәсіби мамандығынан бөлек қоғамдық өмірдегі атқаран жұмыстары да ұшан-теңіз.

Социал Әйтенов 1969 жылы Алматыдағы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген соң екі жарым жыл Забайкалье әскери округінде шекара аумағында әскери борышын өтеп, офицер болып қызмет атқарған. Әскерден келген соң Павлодар облыстық «Қызыл ту», қазіргі «Saryarqa samaly» газетінде еңбек жолын бастап, 15 жыл жұмыс істеді. Сосын облыстық телеарна мен облыстық радиода 25 жыл еңбек етіп, зейнетке шықты. Жұмыс істей жүріп Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университетте журналистика мамандығын таңдаған студенттерге жеті жылдай дәріс берді. Бүгінде ағамыздан білім алып, тәжірибесін түйген шәкірттері еліміздің ең үлкен республикалық, халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеп, елге танылған.

Социал Әйтенов қоғамдық жұмыстағы еңбегін де ауыз толтырып айтуға болады. Әсіресе, мемлекеттік тіліміздің шын жанашырына айналып, осы саладағы көптеген келеңсіздікке тосқауыл болды. Мемлекеттік тіліміздің дамуы жолындағы атқарған жұмыстарын көпке үлгі етіп айтуға болады. Яғни, зейнетке шыққаннан кейін де ел ісіне білек сыбана кірісіп, 2015 жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалына төраға болып тағайындалды. Нәтижесінде, қадамы күрмелген қоғамдық ұйымның жұмысын қайта аяққа тұрғызды. Cол кездің өзінде ұйымның құрамында отыздан астам адам болған. Барлығы өздерінің шын ниеттерімен қатарға қосылып, тіл мүддесі, тіл құқығы жолында күреске дайындалып келген азаматтар еді дейді өзі.

— Мен аталған ұйымның төрағасы болып тағайындалғанда аты болғанымен заты жоқ болды. Келісімшарт уақыты біткен, мөрі жоғалған дегендей мәселелер қарсы алды. Сондықтан басынан бастап қайта қалпына келтіруге тура келді, барлық құжаттарын рәсімдеп, заңды ұйым ретінде тіркеттім. Сонымен қатар, аудандардағы филиалдарын қайта қалпына келтірдік. Тіпті, кейбір аудандарда мүлдем бөлімше болмапты, біз жаңадан ашып, тіл қорғаны бола алатын азаматтар тартылды. Олар бүгінгі күнге дейін өз ауыл, аудандарында мемлекеттік тілдің мүддесі жолында тер төгіп, аянбай еңбек етіп келеді, — дейді Социал Әйтенұлы.

Жалпы, «Қазақ тілі» қоғамының жұмыс нәтижесі мен қоғамдағы белсенділігін кезең-кезеңмен бөліп қарастыруға болады. Бастапқы жылдары осы ұйымға деген ел сенімі мен биліктің көзқарасы айрықша болды дейді Социал ағамыз: «Қоғамдық ұйымның қаз тұрып кетуі үшін билік орындарынан бастап жекелей кәсіпорын, мекеме басшылары, қалталы азаматтар көптеп көмек көрсеткен. Бірақ, уақыт өте келе, тіл комитеттері, тіл басқармалары құрылған соң қоғамдық ұйымның жағдайы әлсірей түскеніне куә болдық. Алдымен қаржылай қолдау көздері суалып, кіріс кілт тыйылды. Ұлтжанды азаматтар бастаған жап-жақсы бастамалар бірте-бірте құрдымға кете бастады. Қоғамдық ұйымның үні біржола өшпесе де, алғашқы беделінен айырыла бастады деп айтуға болады».

Социал Әйтенұлы, одан бөлек, «Ұлт тағдыры» клубы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының және аймақтағы ономастика комиссиясы мен «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлесті-гінің мүшесі болды. Осылайша, аймағымыздың саяси һәм мәдени-рухани өрлеуіне хал-қадірі жеткенше үлес қосып, әр салаға өзінің іскерлігімен, жанашырлығымен кірісіп, қолтаңбасын қалдырды. «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің жұмысына қазіргі күнге дейін атсалысып келеді.

— «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан жұмыстары өте ауқымды. Негізінен болашақ ұрпаққа, кейінгі өсіп келе жатқан жас жеткіншектерге тәрбие беру бағытында жұмыс жүргіземіз. Мәселен, мектептерді аралап, балабақшаға барып, түрлі кездесулер ұйымдастырамыз. Қазақтың салты мен дәстүріне, тілі мен діліне қатысты дәріс оқып, өмірден көрген-білгенімізбен бөлісеміз. Себебі, қоғамдық ұйым мүшелерінің бәрі — кезінде түрлі лауазымды қызмет атқарып, өмір көрген жандар. Сондықтан ондай адамдардың ақылын, білімі мен тәжірибесін ұрпақ тәрбиесі жолында пайдалану маңызды, — деді ол.

Социал ағамыздың есте сақтау қабілеті жоғары, көргені мен естігенін бірден жадына құйып алар ерекшелігі бар. Бұлай дейтініміз, осыдан бірер жыл бұрын облыстық «Saryarqa samaly» газеті «Қызыл ту» кезінде қызмет істеген майдангер журналистер тұрған үйлерге мемориалды тақта орнату мәселесін қолға алды. Сонда осы ағамыздың көмегіне жүгініп, кімнің қай мекенжайда тұрғанын анықтап едік. Тіпті, жетпісінші, сексенінші жылдары әріптестерінің тұрған үйлерінің бәрін есінде сақтап қалған.

Қаламгердің БАҚ саласы мен қоғамдық жұмыстағы еңбегі жергілікті әкімдік тарапынан да жоғары бағаланып, 2016 жылы «Павлодар облысы алдында сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 2017 жылы Қазақстанның Құрметті журналисі атанса, 2020 жылы «Қазақстан халқы ассамблеясына 25 жыл» медалімен марапатталды. Сол жылдары Май ауданының құрметті азаматы атағы да берілді. Ал өткен жылы ғана «Ertis» телеарнасының 60 жылдығына орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің «Еңбек ардагері» медалі кеудесіне тағылды.

Тілеуберді САХАБА.

Суретті түсірген —  Есенжол Исабек.