Биыл дәстүрлі түрде үшінші рет Ақсу қаласында «Tugan Qala» форумы өтті. Онда моноқалаларды дамыту аясында қатысушылар жобаны іске асыру ерекшеліктерін талқылады және тұрғын-дарды қалалардың негізгі жоспарлау тәртібіне тартудың дамыту мүмкіншіліктерін пайымдады.

ERG компаниясы бас директорының персонал және мәдениет жөніндегі орынбасары Ақмарал Найзабекованың айтуынша, «Туған қала» жоба-сының мақсаты – тұрғындарды қалалық инфрақұрылымды өз бастамасымен жақсартуға тарту. Сондай-ақ, шаһар тұрғындары жобалық командалармен және мердігерлермен бірге өз жобаларын жүзеге асыра алады.  Осылайша Ақсу, Рудный және Хромтау моноқалаларын дамытуға қатысады.

— Қала тұрғындарына, жер қойнауын пайдаланушылар қатысатын өңірлерге бөлетін қаражатты, қаланы/кентті дамыту жөніндегі идеяларды ұсыну, жобалау және дауыс беру арқылы бөлініске қатысу мүмкіндігі ұсынылады. Туған қаланы дамыту бойынша бірлескен жұмыс, болашаққа оң көзқарасты қайтарумен қатар, тұрғындарды, бизнесті және жергілікті атқарушы органдарды біріктіреді. 2020-2022 жылдар аралығында 102 жоба жеңіске жетті, оларды іске асыруға бөлінген қаражат көлемі 650 млн теңгені құрады, ал  жалпы қалалық дауыс беруге 21 мыңға жуық адам қатысты. Жыл сайын 14 мыңға жуық өтінім түседі. Алайда соңында 30-40 өтінішті қабылдаймыз. Олар өз бастамаларын жүзеге асыра алады. Ақсу қаласында осындай 12 адам бар, — дейді А.Найзабекова. 2020 жылдан бастап ERG (Еуразиялық топ) қатысу мәдениеті мен партисипаторлық бюджеттеу қағидаттарына негізделген «Tugan Qala» жобасын іске асыруда. Алдымен Хромтау қаласынан бастау алған жоба, бүгінде Ақсу және Рудный қалаларында, Қашар және Октябрьский кенттерінде әкімдіктер мен «Тель-Авив университетінің достар қауымдастығы» ЗТБ қолдауымен жүзеге асып жатыр. Процестің күрделілігі — жай ғана идеяны беру жеткіліксіз. Бастамашы барлық кезеңнен өзі өтуі керек. Яғни, жобалау, сметалық құжаттаманы жасау, жобалау, материалдардың түрлерін анықтау, мердігер, оның орындалуы жоспарға қатаң сәйкес болуы үшін оның жұмысы да бақылануы керек. Одан кейін жоба қалалық онлайн дауысқа салынып, кімде-кім өз идеясына жанашырлық танытса, оны қоғам игілігі үшін жүзеге асыра отырып, жеңіске жетеді. AksZF жобалық орталығының директоры Сергей Гуляев аймақтағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бизнестің қаланы тұтастай алғанда ыңғайлы ету үшін адамдардың өз көшесін, өз ауласын қалай көркейткісі келетінінен туындайды дейді.

— Бастамалардың алғашқы толқыны балалар мен спорт алаңдарына бағытталған болса, қазір сұраныс ортасы өзгеруде. Адамдарды креативті істер қызықтырады. Мәселен, жағажай инфрақұрылымын жақсарту, фотоаймақтарды ұйымдастыру, қызықты іс-шаралар, фестивальдар, көптеген азаматтарды қамтитын байқаулар, қаланы эстетикалық безендіру, — дейді ол. Мысалы, Ольга Вахитованың идеясымен, Ақсу қаласындағы аркалардың бірі адам танымастай өзгерген.

— Балалар қуанады, үлкендерге ұнайды. Көбі келіп суретке түседі. Енді 4-шағын ауданның тұрғындары да аркаларын осылай бояса екен деп сұрап отыр. Енді өзіміздің үйдің қабырғасына сурет салу идеясы бар, — дейді Ольга. Ал Ақсу қаласының тұрғыны Валентина Сидоркина өз ауласының жақсы жағына өзгеруіне себепкер болған.

— Бізде балалар мен жас-өспірімдер көп. Олардың бос уақытын тиімді өткізу үшін біз «Туған қалаға» қатысып, волейбол мен баскетбол ойнауға мүмкіндік беретін тренажерлары бар үлкен ойын алаңын жасауды жөн көрдік. Жобамызды қаржыландырған және оны жүзеге асыруға көмектескен ERG компаниясына рахмет! – дейді ол. ERG, сонымен қатар бұрыннан келе жатқан идеяны жүзеге асыруға көмектескен. Яғни, жоба арқылы паралимпиадалық спорт түрі боччамен жаттығатын орын салынған.  Ыңғайлы орындықтары бар террассалар орнату арқылы қалалық саябаққа жаңашылдық енгізуді ұйғарған компания өскелең ұрпақты да назардан тыс қалдырған жоқ. Ал Максим Дундуковтың бастамасымен қала тұрғындары жиі келетін жағажай одан сайын көркейген.

— Көбі сенбеді. Бірақ мен үмітімді үзбедім. Мен өтінім бердім. Жобалау орталығы бізге белсенді түрде көмектесті. Құжаттаманы жобалау және ресімдеуді үйретті. Қаламызға бұл шынымен керек екенін түсінген тұрғындардан қажетті дауысты жинадық. Мердігерлермен де жолымыз болды. Жігіттер істің қалай жүріп жатқанын көрсету үшін мені бірнеше рет шақырды. Үнемделген қаражатты пайдалана отырып, «Періште қанаттары» фотоаймағын орнатты және әткеншектер қосты, — дейді Максим. «Туған қала» форумы барысында «Ақсудың болашағын қалай елестетемін?» атты балалар суреттерінің марапаттау рәсімі өтті. Сондай-ақ, қала тұрғындарына арналған үш бөлімге жіктелген секциялар өткізілді.

 

Айдана БОРАНБАЕВА.

Ақсу қаласы.

Суреттерді түсірген – Константин Шелков.