Photo Valeriy BUGAYEV

Жуырда Павлодар қаласында жалпыоблыстық сенбілік өтті. Шараға облыс әкімі Асайын Байханов, депутаттар, зиялы қауым өкілдері және белсенді жастар қатысты. Аймақ басшысы сенбілік аясында техникалардың қысқы маусымға дайындығын, биыл және келесі жылы Павлодар қаласында жүзеге асатын көгалдандыру, шағын алаңдар мен субұрқақтардың құрылысы және Усолка шағын ауданындағы экосаябақты абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Қысқа  сақадай сай

Асайын Қуандықұлы алдымен Павлодар қаласының тазалығына жауапты  мердігерлік ұйымдардың қыс мезгіліне дайындығын тексерді.

Қаланың батыс бөлігін тазалаумен айналысатын «Горкомхоз-Павлодар» ЖШС директорының орынбасары Қанат Жанысбаев айтқандай, мердігер ұйым қыс маусымына 100 пайыз дайын. Кәсіпорынның автопаркінде бүгінде 230-ға жуық техника бар, шамамен 300-ге тарта адам жұмыс істейді. Қаланың шығыс бөлігінің тазалығына «Транс Павлодар холдингі» ЖШС жауапты.

— Екі мердігер бірігіп, шаһардың батыс және шығыс бөлігін қардан тәулік бойы тазалайды. Техникалар жұмысқа сақадай сай. Жұмысшылар мен техникалар саны жеткілікті. Жұмыстар алғашқы қар түскен күннен басталады, — деді Қ.Жанысбаев.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков қыс мезгіліне дайындықты талқылау барысында өткен жылы тұрғындардан ауа райы мен жауын-шашынның күрт өзгеруіне байланысты нақты ескертулер түскенін айтты.

— Өтініштер мен шағымдарға коммуналдық саланың қызметкерлері уақытында жауап беріп отырды. Сонымен қатар, өткен жылдан бастап жаңа реагентті қолдана бастадық. Оны қолданудың нәтижесінде мұз тезірек кетті. Осы жылы көктайғақтың жұмысын күшейту үшін мердігерлер қосымша төрт құм үрлеу машинасын, сонымен қатар реагенттің қосымша көлемін сатып алды, — деді шаһар басшысы.

Аймақ басшысы көшелерді қардан тазалау барысында павлодарлықтардың пікірлерін баса назарда ұстау керек екенін атап өтті. Одан бөлек, басты талап – қар жауған сәттерде тұрғындардың қажетті жерлеріне кептеліссіз жетуіне жағдай жасау, таңғы қызу қозғалыс басталғанға дейін жолдарды қардан дер кезінде тазарту екенін нақтылап айтты.

— Кез келген қала тұрғыны үшін қыс мезгілінде еш кедергісіз тротуармен жүріп, аялдамаға жетуі маңызды. Тұрғындардың қолайлығы мен қауіпсіздігі үшін көшелер мен жаяу жүргіншілер жолына құм-тұз қоспасы және реагенттер себуді әрдайым жүргізіп тұру керек, — деді А.Қуандықұлы.

Сондай-ақ, облыс әкімі аймағымызда рұқсат етілмеген  жерлерге қоқыс төгу мәселесі әлі де өзекті екенін атап өтті.

— Бұл мәселенің екі шешімі бар.  Алдымен камера бақылауын орнату қажет. Ол камераларды сатып алу арзанға түспес. Алайда осы арқылы абаттандыру ереже-лерін бұзған жауапсыз азаматтарды жауапқа тартамыз. Одан бөлек, жылына 150 мың тонна тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын сұрыптау кешенінің үлкен жобасын дайындап жатырмыз. Егерде қалдықтарды бөлек жинауға қол жеткізетін болсақ, бұл тұрмыстық қалдықтарды өңдеу эволюциясының жоғарғы кезеңі болмақ, — деді аймақ басшысы.

Ағаштар «жаңарады»

Кейін облыс әкімі павлодарлықтармен бірге Астана көшесінің бойына жөке ағашының 59 көшетін отырғызуға атсалысты. Бұл ағаш түрі облысымызда алғаш рет отырғызылды.

Облыс әкімінің айтуынша, Павлодарда 95 мыңға жуық ағаш өссе, оның 77 пайызының жасы 40-50 жылдан асқан. Сондықтан жарамсыз ағаштарды жаңа тал түріне ауыстыру қажет.

— Ағаштар көмірқышқыл газын сіңіріп, қаланың оттегін өндіретін «өкпесі» ретінде қызмет етеді. Сондықтан оларды қайта жаңғырту, яғни ескілерін алып тастап, жаңаларын отырғызу керек. Жасыл желектерді бақылайтын мердігерлермен үш жылдық келісімшарт жасалады, — деді А.Байханов.

Қайта құру жұмыстары алдымен Астана және Академик Шөкин көшелерін қамтымақ. Астана көшесіндегі 10-12 жастағы жөке ағаштарының алғашқы партиясы жуырда тамырымен жұлынған кәрі қайыңдардың орнына отырғызылды.

Одан бөлек, биыл облыс орталығында 8 шағын алаң абаттандырылып, Академик Сәтбаев – Ломов көшелерінің қиылысындағы субұрқақ қалпына келтірілді. Айналасына тұрғындар демалатын орындықтар қойылады. Ол 1998 жылы жұмысын тоқтатқан болатын. Жыл соңына дейін тағы да 8 шағын алаңның құрылысы басталады. Ал келесі жылы 17 шағын алаңның құрылысынан бөлек, 6 субұрқақ қайта қалпына келтіріліп, 2 субұрқақ бой көтермек.

Демалыс орталығына айналады

Жалпыоблыстық сенбілік барысында аймақ басшысының және павлодарлықтардың назарына
Усолка шағын ауданында болашақта демалыс орталығына айналатын экосаябақтың жоспары ұсынылды. Оның жалпы аумағы 59,4 гектар жерді алып, 90 пайызы өзінің бастапқы табиғи келбетін сақтайды. Экосаябақтың жобасын тікелей өзі бақылауға алған Асайын Байхановтың айтуынша, орталықтың құрылысы барысында бірде-бір ағашқа, бұтаға зиян тимейді.

Экосаябақта балық аулауға арналған жағалау пирстері бар ағаш үйлер, жағажай аймағы, фестиваль алаңы, сырғанауға арналған мұз айдындары, кампинг аумағы және спортпен шұғылдануға арналған алаңдар болмақ. Бөгет салу кезінде мердігерлер бетоннан бас тартып, оның орнына табиғи тастар мен жарамсыз ағаштар секілді табиғи материалдарды пайдаланбақ.

— Сондай-ақ, экосаябақта гүлді шалғын, оның үстіне қалқымалы көпір салынады. Көпір жаяу жүргіншілерге арналған жерден бір метрдей биіктікте болады. Гүлдер ашық күлгін түсті болады. Бұл демалушылардың суретке түсуіне және табиғатты тамашалауына арналған орынға айналары анық, — деп түсіндірді Асайын Байханов.

Тазалық – қоғам айнасы

Жалпыоблыстық сенбілік Усолка шағын ауданындағы тазалық жұмыстарымен жалғасты. Игі шараға 2500-ден астам павлодарлық қатысты. Тазалық жұмыстары барысында 5 мың тоннадан аса қоқыс жиналды.

Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның сөзінше, аталмыш акция аясында шаһардың бірнеше тұрғын үйінің маңында тазалық жұмыстары жүргізілді.

— «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы Павлодар қаласында жыл басынан бері әр аптаның сенбісінде өткізіліп келеді. Бұл жұмыстар қардың түсуіне дейін жалғаспақ. Негізгі жұмыстар адам көп шоғырланатын жерлерге бағытталған. Одан бөлек, әлеуметтік нысандардың алды да жиі тазаланып отырады, — деді С.Гладышева.

Облыстық сенбілікке аймағымыздың барлық қала мен аудандарының тұрғындары белсене қатысты. Бірлескен күш-жігердің арқасында мыңдаған ағаш пен бұталар отырғызылып, тұрғын үйдің аумақтары тазартылды. Сондай-ақ, саябақтарды ретке келтіре отырып, ескерткіш орындарына назар аударылды.

Ауылдықтар да белсенділік танытты

Жалпыоблыстық сенбілікке аудан-қала тұрғындары да белсене қатысты. Мәселен, Ақсу қаласы мен оған қарасты ауылдық аймақ азаматтары, 286 кәсіпорын, ұйым мен мекеме өкілдері бір кісідей жұмылып, аумақтарды тазалады. Олар сенбілік барысында 1629 аула, 20 саябақ пен скверді ретке келтірді. Сонымен қатар, бұл күні 300-ден астам көшет отырғызылды. Тазалық шарасына барлығы 45 техника жұмылдырылып, 263 тонна қоқыс полигондарға шығарылды.

Аққулы ауданының тұрғындары да көшелерді қоқыстан тазартты. Жергілікті тұрғындар өз үйлерінің ауласын жинап, жастар бекітілген аумақтарды ретке келтіріп, қураған жапырақтарды жинады.

— Аудандағы барлық елді мекен жалпыоблыстық сенбілікке қатысуда. Тұрғындардың белсенділігі жоғары. Жастар да, қарттар да қалыс қалған жоқ. Тазалық шарасы аясында ауылдардың іші ретке келіп қалды, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанова.

Ал Ертіс ауданында сенбілікке 2 мыңға жуық адам қатысты. Оның ішінде түрлі деңгейдегі 203 мекеме қызметкерлері бар. Елді мекен тұрғындары аулаларды, әлеуметтік нысан аумақтарын тазартып, 500-ге жуық ағаш отырғызды. Сондай-ақ, ескерткіштер тазартылып, бұзылған тас тақтайшалар қалпына келтірілді. Жалпы саны 24 арнайы техника жұмылдырылды. Тазалық шара-сының нәтижесінде ондаған тонна күл-қоқыс шығарылды.

«Қоршаған ортаны қорғау тазалықтан басталады» деген ұранды ұстанған шарбақтылық тұрғындар да жалпыоблыстық сенбілікке білек сыбана кірісті. Олар аудан орталығындағы көшелер, мекемелер, ойын алаңдары мен жеке үйлердің аумағын жинады. Бұл бағыттағы жұмыстарға 2 мыңға жуық адам, 12 техника жұмылдырылды. Сондай-ақ, көшеттер отырғызылды.

Сол сияқты Баянауыл ауданында 21 парк пен сквер, 64 әлеуметтік нысанның маңы және көшелер қоқыстан тазартылды.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.