Ерлі-зайыпты Сабыржан Толымханов пен Әнел Құрманова «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасының игілігін көру үшін тамыз айында мыңдаған километрді артқа тастап, Алматы қаласынан Павлодар облысы Ертіс ауданына көшіп келген. Жас отбасы мемлекет тарапынан жас мамандарға берілетін көмекті пайдаланып, тұрақты жұмысқа орналасып, тұрмыстық жағдайларын көтеруді мақсат етеді. Бірақ жас мамандарға берілетін қолдауды әлі толық көлемде ала алмай отыр.
Ауылға келген жас отбасыға екі қабатты тұрғын үйден бір бөлмелі пәтер жалға беріледі. Сабыржан мен Әнел кішкентай баласын балабақшаға орналастырады. Бүгінде Сабыржан Ертіс ауданынан 40 шақырым жерде орналасқан Панфилов ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда учаскелік терапевт болса, жұбайы аудандық ауруханадағы терапиялық бөлімде еңбек етуде.
— Жолдасым екеуіміз үйленгеннен кейін Алматы облысындағы Кеген ауылында тұрдық. Жергілікті ауруханада еңбек еттік. Тұңғышымыз өмірге келгеннен кейін, өмірімізді өзгертіп, басқа өңірде жұмыс істеу жөнінде шешім қабылдадық. Мұндағы мақсат – болашағымызды қалыптастыру үшін тұрмыстық жағдайымызды түзету. Алматы — мол мүмкіндіктер қаласы. Дегенмен, үлкен шаһарда өмір сүру үшін де көп ақша керек. Жас отбасы болғаннан кейін жеке баспанамыз жоқ. Барлық отбасыдағыдай несиеміз бар. Әу баста ауылда жұмыс істегеніміз де сондықтан. Қазір жас отбасыларға мемлекет тарапынан қолдау көп көрсетілуде. Жас мамандарға мол мүмкіндік берілуде. Осындай бағдарламалардың игілігін көріп, баспаналы болуды қаладық. Көп ойланып, өзге өңірлерді салыстырып, Павлодар облысын таңдадық. Әрине, көшу оңай болмады. Жақындарымыздың қолдауымен бір шешімге келіп, қоныс аудардық, — дейді Ә.Құрманова.
Әнел Құрманова Ертіс ауданына келгенде оларды жергілікті билік жылы қарсы алғанын айтады. Жалдамалы бір бөлмелі пәтерге ай сайын 6 мың теңге төлеп, коммуналдық қызмет шығындарын өтейді. Жұмыстағы жаңа ұжымға да тез үйренген. Ұлдары балабақшаға барып жүр.
Жас отбасы жас маман-дарға берілетін көмекті біртіндеп алуда. Мәселен, алғаш келген кезде ерлі-зайыптылардың әрқайсысына 250 мың теңге көлемінде төлемақы берілген. Өткен аптада «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерде жұмыс істеу үшін келгендері үшін Сабыржан мен Әнелге 100 АЕК мөлшерінде көтерме жәрдемақы төленген. Бұл сома 369 мың теңгені құрайды. Ауылдық жерлерге жұмысқа келгендерге ең төменгі жалақының жүз еселенген мөлшерінде — 8,5 млн теңге төлем беріледі. Жергілікті бюджет қаражатынан көтермеақы алғандар 7 жыл көлемінде жұмыс істеуге міндетті. Міне, жас отбасының өзге өңірге көшуіне себеп болған осындай қолдау әлі қолдарына тимеген. Қызығы, дәл осындай көтермеақыны Ертіс ауданы бойынша 10 жас дәрігер күтіп отыр екен. Олардың ішінде көктемде жұмысқа тұрғандар бар.
Осы мәселе бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасы жауап берген болатын. Құзырлы мекеменің мәліметінше, қазіргі уақытта Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы «Павлодар облыстық мәслихатының 2021 жылғы 26 қарашадағы №82/8 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлегенін, құжатта Павлодар облысының ауылдық жерлері мен кенттерінде жұмыс істеуге жіберілген қызметкерлерге берілетін төлем көлемі 8,5 млн теңгеге ұлғайтылатыны жазылған. Павлодар облыстық мәслихаты жоғарыда аталған өзгерiстердi қабылдағаннан және облыстық бюджеттен қосымша қаражат бөлiнгеннен кейiн төлемдер берiлген өтiнiштерге сәйкес жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте дәрігерлер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Аталмыш сома жыл соңына дейін табысталмақ.
Бұл мәселе бойынша Ертіс ауданы әкімдігіне хабарласқан болатынбыз. Жергілікті билік ауданға келген жас мамандар баспанамен, жергілікті бюджет есебінен төленетін көтермеақымен қамтамасыз етілгенін айтады. Ал ауылдық жерде жұмыс істеуге келгені үшін төленетін сома — облыс деңгейінде шешілетін мәселе.
Аталған мәселе бойынша облыстық әкімдікке хабар-ласқан болатынбыз. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Салтанат Әкімбекова көтер-меақы төлену үшін алдымен облыстық мәслихат сессиясында жоғарыдағы норма-тивтік құқықтық актіге өзге-рістерді енгізу мәселесі қарас-
тырылуы қажет екенін айтады. Әлі мәслихат отырысы өткізілмеді. Сессияда мәселе қарастырылғаннан кейін, облыстық денсаулық сақтау басқар-масы жас мамандарға төлем жүргізе алады. Мәслихат сессиясы өткізіліп, нормативтік құқықтық актіге енгізілген өзгерістер өз күшіне енгенге дейін уақыт жыл соңына таяп қалады.
Әнел Құрманова жолдасы екеуі бұл соманы жыл соңына дейін күтетіндерін айтады. Осындай көтермеақыны күтіп жүрген өзге әріптестері уәде орындалмаса, жұмыстан кетпек ниетте екенін айтқан.
— Облыстық денсаулық сақтау басқармасы осы жылдың соңында аталған қаражат түседі деп сендірді. Көктемнен бастап ауылдық жерге жұмысқа келгені үшін көтермеақыны ала алмай жүрген дәрігерлер бар. Сондықтан тілегіміз орындалады деген ниеттеміз. Егер келер жылға дейін қаражат түспесе, жұмыстан кетеміз деп отырмыз, — дейді Ә.Құрманова.
Атап өтерлігі, бұл соманы алған жас мамандар ауылда 7 жыл жұмыс істеуі тиіс. Декреттік демалыс бұл мерзімге кірмейді екен. Егер мерзімінен бұрын басқа жаққа қоныс аударса, өтемеген қаражат көлемін қайтарып беруі керек.
Павлодар облысында медицина саласында кадр тапшылығы — күйіп тұрған мәселе. Сондықтан да жас мамандарды қызметке тартуда, әсіресе, ауылдық жерге дәрігер шақыру үшін қомақты сомада қолдау көрсету тәсілі қолға алынған еді. Жас мамандарды қызықтыратын да — осы жағдай. Жоғарыдағы дәрігерлерге берілген уәде орындалмаса, жас мамандарды жұмысқа шақыру ісі қиындай түсері хақ. Одан кейін де жырға айналған мұндай сома көлемі ешкімді қызықтырмас. Сондықтан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәселені уақытылы шешеді деген ойдамыз.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.