Көше келбеті көркейеді

Қар 20, 2025

Ертіс жағасынан бастау алып, қаланың қақ ортасымен өтетін, Павлодар қаласындағы бірнеше орталық көшемен қиылысатын Лермонтов көшесінің келбеті жаңа кейіпке енуде. Тиісті терминмен айтсақ, реновациядан өтіп жатыр. Бұл дегеніңіз, мұндағы көрініс өзгеше болады. Ал ең бастысы – көпшіліктің емін-еркін жүріп-тұруына жағдай жасалады. Яғни, бұл көшеде қауіпсіз әрі жайлы орта құрылады. 

Естеріңізге сала кетейік, Лермонтов көшесінде ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Көшенің 2,2 шақырым бөлігі толық жаңарады. Бұл дегеніңіз көшенің 13,3 гектар аумағы реновациялық шаралармен қамтылмақ. Көшенің келбетін өзгерту жобасы урбанист мамандардың қатысуымен жасалды. Мұнда мәскеулік арбат үлгісімен көше жаяу жүргіншілердің променадына айналады деп күтілуде.

Көктемде жан-жақты жаңғыртылатын көшедегі жұмыстармен танысқанда аймақ басшысы Асайын Байханов Павлодарда алғаш рет асфальтты ғана ауыстыру емес, кешенді абаттандыру жүргізіліп жатқанын айрықша атап өтті. Яғни, үйлердің қасбеттері, бағдаршамдар жаңартылуда, жаяу жүргіншілер жолдары, жарықтандыру, веложолдар, демалыс аймақтары, құрғақ субұрқақтар, арт-нысандар құрылуда және автоматты суару жүйесімен көгалдандыру көзделген.

Бұл жобаны қолға алғанда инфрақұрылымды жаңартып қана қою мақсат етілген жоқ, сонымен қатар қаладағы кеңістікті пайдалануды қайта ойластыруға мән берілген. Жаяу жүргіншілерге, қозға-лысы шектеулі азаматтар, автокөлік жүргізушілері үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға басымдық берілген.

Бірақ, кейде кез келген өзгеріс орын алғанда көпшіліктің көңілінен толық шығу мүмкін еместігі де жасырын емес. Біріне ұнаса, бірі кемшілік іздеуге бейім келеді. Лермонтов көшесіне қатысты да сондай ойлар айтылды. Әсіресе, жолдың ені қысқарғанына, тұрақтар санының кемігеніне наразы адамдар табылды. Алайда, аймақ басшысы көптің пікірлері, барлық тараптың мүдделері ескерілгенін де мәлімдеген болатын. Жолдың ені қысқарғанымен, төрт жолақты қалпы сақталатынын айта кету керек. Келбеті өзгеретін көшеде 345 көлікке арналған 27 тұрақ болмақ. Десе де, бизнес нысандарының әрқайсысына жеке тұрақ жасалмайтыны да айтылды.

Өзгеше түрленетін көшеде үлкеннің де, кішінің де қызығушылығы, жайлылығы ескерілген. Лермонтов көшесінде 10 балалар, 6-7 спорт алаңы орнатылады. 5 мыңнан астам көпжылдық көшет, 300-ден астам ағаш, 50 мыңнан астам көпжылдық бұталар мен гүлдер отырғызылмақ. Ағаш-гүлдерді суаруға арналған жүйе де ойластырылған. Өсімдіктерді таңдауда өңіріміздің климатына төзімді әрі бейімделгендеріне басымдық берілген. Көшенің эстетикасына көп көңіл бөлінген. Мәселен, көше бойындағы көпқабатты үйлердің қасбеттері боялып, басқаша түрленеді. Бұл ретте, үйдің көшеге қараған жақтары ғана емес, төрт қабырғасы да жаңа кейіпке енеді. Көшемен өткен әрбір адам көз тоярлықтай көрініске куә болады деп күтілуде. Жайлылық пен қолайлы орта да басты назарға алынған.

Ал «Q88 аумақтарды тұрақты дамыту қауымдастығының» төрағасы Ерлан Әукенов қалалық ортадағы әрбір өзгеріс экономикалық өсімге әкелетініне сенімді. Оның пікірінше, әлем бойынша жаяу жүргіншілерге жайлы көшелерде шағын бизнес кірісі өседі, өзін-өзі қамтудың жаңа түрлері дамиды. Мамандар Лермонтов көшесінің 50-ден астам кәсіпкерімен кездесіп, реновация енгізілген қалаларда жаяу жүргіншілер қатарының артқанын цифрмен көрсетіпті. Мұндай жаңарған көшелерде дүкендер мен дәмханаларға келетін адамдар саны еселенетінін алға тартуда. Яғни, среуендеуге шыққан адам жолында дүкенге кіреді, сауда жасайды, сәйкесінше, шағын бизнестің дамуы орын алады. Урбанистер мұндай реновациялық шаралар жаңа қалалық этикаға тәрбиелеудің таптырмас тәсілі екеніне сенімді.

Бұл көшедегі жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Былтыр Набережная көшесінен Академик Сәтбаев көшесіне дейінгі бөлігі аяқталғанын көпшілік көрді. Биыл жұмыстар Ак.Сәтбаев көшесінен Назарбаев даңғылына дейін жүргізілуде.

Г.МАҒЖАН.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.