Бүгінде облыста 753 482 адам тұрады. Олардың 70,8 пайызы – қалалықтар. Маусым айындағы мәліметке сәйкес, облыс тұрғындарының саны былтырғы көрсеткіштен 2061 адамға азайған.  Жыл басынан бері бес айда аймағымыздан 6146 адам көшіп кетсе, 4901 азамат өңірі-мізде өмір сүруге қоныс аударған.

Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар бюросының Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Жақан Жәкенов мәлім етті. Айтуынша, аймағымыздан көшіп кеткен 6146 азаматтың 449-ы шетелге қоныс аударған. Басым бөлігі ТМД елдеріне аттаныпты. 95 пайызы Ресейге тұрақтаған екен. Ал еліміздің өзге өңірлеріне көшкендердің 51 пайызының таңдауы – Елорда. 10 пайызы Алматы қаласына қоныс аударыпты.

Павлодар облысын тұрақты мекен етуге ниет білдіргендер де баршылық. Бес айда өңірімізге 4901 адам көшіп келген. Олардың 800-ден астамы шекара асып келсе, басым бөлігі Қазақстанның басқа аймақтарынан қоныс аударған. Атап өтсек, 29 пайызы Астанадан, 14 пайызы Түркістан облысынан, 8 пайызы Алматы мен Абай облыстарынан өңірімізге көшіп келген.

Жыл басынан бері бес айда 3794 бала дүниеге келген. Бала туу көрсеткіші де былтырғы баламалы кезеңмен салыстырғанда кеміген. Мәселен, өткен жылы осы аралықта 4172 сәби дүние есігін ашыпты. Бес айда 3 мыңнан астам адам өмірден озған. Сәйкесінше, аймақ халқының табиғи өсімі 794 адамды құрады. Айта кету керек, жыл басынан бері 1573 неке тіркелген. Өкінішке қарай, 904 отбасы некесін бұзуға өтініш білдіріпті.

Халықтың табысына тоқталған департамент басшысының мәліметінше, бүгінде ең жоғары жалақы Екібастұз қаласында тіркелген. Ал ең аз көлемі — Ақтоғай ауданында. Облыста бес айдың қорытындысы бойынша аймақтағы орташа атаулы айлық көлемі – 352 06 теңге. Бұл былтырғы көлемнен 15 пайызға жоғары, алайда аталмыш сома республикалық орташа жалақы деңгейінен 30 мың теңгеге төмен. Ең жоғары жалақыны тау-кен өнеркәсібі саласының қызметкерлері алады.

Әдетте, орташа жалақы мөлшері айтылғанда халық таңданыс танытатыны рас. Мұндай айлық алмаймыз деп даурығатыны бар. Сондықтан орташа жалақы қалай есептелетіні жайында Жақан Жәкенов тарқата айтып берді. Яғни, есептелген айлық қорының жалпы сомасын нақты қызметкерлер санына және есептік кезеңдегі айлар санына бөледі. Мәселен, белгілі бір кәсіпорында бір жылдағы жалақы қоры — 730 миллион теңге, ал еңбек ететін азаматтар саны 185 адам делік. Сонда бұл соманы қызметкерлер саны мен 12 айға бөлсе, орташа айлық мөлшері 330 мың теңге болады. Ескеретін жайт, орташа айлық мөлшерінен табыс салығы, зейнетақы аударымы, міндетті медициналық сақтандыру жарналары алынып тасталады.

Бұдан бөлек, департамент басшысы эконо-микалық көрсеткіштерге де тоқталды. Мәселен, биыл алты айда өнеркәсіп кәсіпорындары
1 трлн 598 млрд теңгенің өнімін өндірген. Негізгі капиталға 395,2 млрд теңге салынған. 118 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылған. 319 жаңа ғимараттың құрылысы аяқталған. Оның 272-сі — тұрғын үй. Былтырмен салыстырғанда пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы аумағы 19,4 пайызға артқан.

 

Г.ТҮГЕЛБАЙ.