Бүгін аймақтағы барлық мектепте соңғы қоңырау салтанаты өтті. Игі шара барысында оқу озаттары мен республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. Ата-аналар мен ұстаздар қауымы алтын ұя мектебімен қоштасқалы отырған 4024 павлодарлық түлекке сәтті сапар тіледі.

Мектеп бітірушілер үшін ерекше толғаныс пен тебіреніске толы соңғы қоңырау салтанаты Павлодар қаласындағы №7 жалпы орта білім беру мектебінде де ұйымдастырылды. Оған қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Жанат Асайынова қатысып, жас түлектерге жүрекжарды лебізін білдірді.
Аталмыш білім ордасынан биыл 43 оқушы түлеп ұшпақ. Олардың қатарында жетістікке жетіп, білім грантын ұтып алған оқу озаттары да бар. Солардың бірі, үздік аттестат иегері Жібекжан Мағамет:
— Мен Алматы қаласындағы Тұран университеті мен өңіріміздегі Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінен екі білім грантын ұтып алдым. Бұл жетістікке ата-анам мен ұстаздарымның арқасында жеттім. Сол үшін оларға шексіз алғыс айтамын. Ал сыныптас достарыма сәттілік тілеймін, — дейді.
Бүгінде №7 мектепте 762 оқушы білім нәрімен сусындауда.


* * *
Соңғы қоңырау салтанаты облыс орталығындағы Малайсары батыр атындағы жалпы орта білім беру мектебінде де жоғары деңгейде өтті. Биыл бұл білім ордасын 16 түлек тәмамдап, жаңа өмірге жолдама алмақ.
— Бүгін – мектебіміз үшін тарихи сәт. Себебі, қазақ мектебі атанғаннан кейінгі алғашқы қарлығаштарымыз қанат қағып жатыр. Барлық түлекке ақ жол тілеп, алға қойған асыл мұрат пен асқақ армандарыңа жете беріңдер деймін, — дейді білім ордасының директоры Азамат Сыздықов. Айта кетерлігі, бұрын бұл білім беру мекемесі орыс мектебі болған, кейін, яғни 2012-2022 жылдар аралығында аралас, ал былтырдан бастап таза қазақ мектебі дәрежесін алған.
Қуантарлығы, білім ордасында білімді шәкірттер қатары өсіп келеді. Мәселен, биыл мұндағы 485 шәкірттің 75-сі оқу үздігі атанған.

Нұржайна ШОДЫР.