Жақында еліміздегі екі бірдей лагерьде шу шығып, заң бұзушылықтар анықталды. Аталмыш мекемелердегі былықтың беті ашылғаннан кейін ондағы балалар шұғыл түрде басқа жаққа ауыстырылды. Бұл жағдай ел тұрғындарының ашуын тудырған еді. Мұндайға неге жол берілді? Балалар қауіпсіздігіне жауапты мекемелер қайда қарап отырған? Бұдан былай орын алған осынау оқиғаның қайталанбауы үшін елде қандай шаралар қолға алынуда? Облыс лагерьлеріндегі жағдай қалай? 

Былыққа неге батты?

Балалардың жазғы демалысын пайдалы әрі көңілді өткізуі үшін жыл сайын мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөлінуде. Соған қарамастан кейбір лагерьлер мен балаларға арналған жазғы сауықтыру орындарындағы жағдай сын көтермейді. Жуырда ғана Алматыда осындай екі мекеме анықталып, жұмысы тоқтатылған болатын. Соның бірі — Ұзынағаш ауылындағы «Арман дала» лагері. Мұнда балалардың демалуына тиісті деңгейде жағдай жасалмағаны айтылуда. Тіпті, әлеуметтік желіде осы демалыс орнындағы  саунада сүлгі оранып алып жартылай жалаңаш жүрген ер азаматтар мен еденде ұйықтап жатқан балаларды көрсеткен бейнежазба жарияланып, қоғам назарын аудартты. Аталмыш лагерьге алғашқылардың бірі болып Алматы қалалық мәслихатының депутаттары барып, мәселенің мән-жайын өз көздерімен көріп қайтты. Бұдан кейін Парламент депутаты Нұргүл Тау әлеуметтік желіде: «Жазғы лагерьде баланың демалуына жағдай жасалмаған, өрескел бұзушылықтар орын алғанына куә болдым. Лагерь бұрынғы сауна ғимаратында орналасқан. Қызмет көрсетуші — «БелРичи» ЖШС. Мемлекеттік сатып алу шартына сәйкес қызмет көрсету құны — 107,8 млн теңге. Жоспар бойынша 1150 бала демалыспен қамтылуы тиіс. Мемлекеттік сатып алу процедурасы қалай жүргізілгені төңірегінде мәселе туындауына байланысты өз тарапымнан ҚР Бас прокуратурасына, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне, Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне тексеру жүргізу жөнінде сауал жолданды. Бұл мәселені өз бақылауыма алдым», — деп жазады. Алматының білім басқармасы да «БелРичи» ЖШС компаниясының жауапсыздық танытқанын алға тартып,  Мемлекеттік сатып алуға қатысуға одан әрі тыйым салу туралы талап-арыз берген. Ал ҚР Оқу-ағарту министрлігі балаларды басқа демалыс лагерьлеріне жіберуге күш салды. Қазіргі таңда Алматы прокуратурасы сауна ғимаратында балалар лагерін ұйымдастыру ісі бойынша тергеу жүргізуде. Осыған ұқсас жағдай Алматы қаласындағы «Тау самалы» лагерінде де орын алған. Онда да балғындардың қауіпсіздігі сақталмаған және жайлы демалуына жағдай жасалмағаны анықталды. Басқарманың хабарлауынша, тексеріс аясында бүлдіршіндердің бағдарламасын бағалап, демалысты ұйымдастыру мәселесі бойынша кураторлармен жұмыс күшейтілген.

— Тиісті басқарманың қызмет-керлері «Тау самалы» лагеріне балаларды кіргізбеуге шешім қабылдады. Оқушылар Қаскелеңге уақытша орналастырылып, кейін Алматыға қайтарылды, — делінген хабарламада. Қызмет көрсетушінің жүктелген міндеттемелерді сапасыз орындауына байланысты шарт бұзылып, тиісті орынға хабарлама жолданған.

Арыз-шағым көбейген

Соңғы уақытта елдегі балабақша мен түзету орталықтарына қатысты ата-аналар тарапынан арыз-шағым көбейген. Осылай деп дабыл қаққан ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева әлеуметтік желіде бірқатар мәселені жария етті. Оның айтуынша, биыл жаз шыққалы лагерьлердің жай-күйіне байланысты жағымсыз пікірлер жиілеген. Ол мұндай жағдайлардан кейін балаларға арналған барлық демалыс орнын тексеру керектігін ұсынды. Сөйтіп, бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстарын аралап шыққан. Нәтижесінде, кейбір лагерьлерде заң бұзушылықтар анықталған.    Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде 120 мем-
лекеттік, 98 жеке меншік, 900 шатырлы және 9,5 мың мектеп жанын-дағы лагерь жұмыс істейді екен.

— Қазір лагерь ашу үшін СЭС пен ТЖД-нен рұқсат қағазын алу қажет. Жағдайлары сұмдық әрі талаптарға сай келмейтін жеке меншік ұйымдардың олардан қалайша рұқсат алғаны күмән тудырады. Сондай-ақ, СЭС-тің рұқсат қағазынсыз жұмыс істеп жатқан лагерьлер де бар. Конкурс өткізу рәсіміне қатысты сұрақ та бар. Бұл үшін жауапкершілікке тарту қажет деп санаймын, тиісті сұрау да салдым. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – жүйелі мәселе, — деді Динара Зәкиева. Сонымен қатар, ол балаларға арналған ұйымдар жұмысының бірыңғай стандарттары мен заңнамалық тұрғыдан реттеу талаптары да жоқ екенін атап өтті. Оларға тексеріс шараларын жүргізуге мораторийдің жарияланғаны себеп болып отырған көрінеді. Бұл жағдай балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кедергі келтіруде. Бұған жол бермес үшін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл бөбектер мен жасөспірімдерге арналған барлық мекемеге қызмет көрсету ережесі туралы жаңа норма енгізу керектігін алға тартуда. Сол бойынша балабақшалар және дамыту, түзету орталықтары сияқты өзге де мекемелерді тексеру үшін мораторийді алып тастау, балаларға қызмет көрсететін барлық ұйым үшін лицензиялауды және бірыңғай стандарттар енгізу қажеттігін талап етуде. Аталмыш ұсыныстар алдағы күзде Парламентке жіберілмек.

 

Тексеріс басталды

Лагерьлердің жағдайына қатысты мәселе ел Үкіметінің де назарын аудартты. Таяуда ғана Премьер-Министрдің орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова аталған жағдайға байланысты кеңес өткізді. Вице-Премьер Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева көтерген мәселені бірлесе шешуге мемле-кеттік органдар да құлықты болуы тиіс екенін тілге тиек етті. Сөйтіп, жауапты мекемелерге бірқатар тапсырма берген Премьер-Министрдің орынбасары балаларға арналған барлық мемлекеттік ұйымға, атап айтқанда, оңалту орталықтары, интернаттар, балалар лагерьлері және өзге де мекемелердегі жөндеу жұмыстары, материалдық-техникалық базасын жаңарту бойынша тексеру жүргізуді ҚР Оқу-ағарту, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Мәдениет және спорт министрліктеріне тапсырды. Ал балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету құқық қорғау органдары мен басқа да жауапты министрліктерге жүктелді. Осылайша, бүгінде балалар құқықтарының өрескел бұзылуына байланысты Бас прокурордың тапсырмасымен аумақтық прокурорлар уәкілетті органдармен бірлесіп мемлекеттік, жеке меншік және шатырлы лагерьлердің қызметін тексеруге білек сыбана кірісіп кетті. Тексеру кезінде балалардың тұруы, санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың сақталуы, өрт қауіпсіздігі, тамақпен және медициналық көмекпен қамтамасыз етілу жағдайлары, жазғы демалысты ұйымдастыру қызметін сатып алу кезінде заң талаптарының сақталуы сынды мәселелер жан-жақты зерттеледі деп жоспарлануда. Оның қорытындысы алдағы уақытта жарияланып, заң бұзушылық анықталған жағдайда жауаптылар жазаға тартылатын болады.

 

Аймақтағы ахуал қалай?

Облыстық білім беру басқар-масының мәліметінше, биыл аймақ бойынша 40 мыңнан астам оқушыны қамтитын 326 мектеп жанындағы лагерь мен алаң жұмыс істеуде. Сондай-ақ, орта және жоғары буын оқушылары үшін мектептер мен қосымша білім беру ұйымдарының базасында 55 мыңға жуық балаға арналған 424 бейіндік лагерь мен түрлі бағыттағы жасақтар бар. Ал қала сыртында 12 лагерь қызмет көрсетеді.

— Жазғы лагерь маусымы ашылғаннан бері тұрғындар тарапынан ешқандай шағым түскен жоқ. Жалпы, жыл сайын демалыс орындары өз жұмысын бастамас бұрын санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және төтенше жағдай департаменттерінен рұқсат қағазын алады. Сондай-ақ, күн сайын аудандық, қалалық білім бөлімдері мен қосымша білім беру орталықтарының өкілдері лагерьлердің жұмысын қадағалап отырады. Яғни, балалардың дұрыс тамақтануы, ойын алаңдарының жағдайы, қысқасы жеткіншектердің қалай демалып жатқаны жіті бақылауда болады. Ол жағынан облысымызда ешқандай мәселе туындаған жоқ. Павлодарлық шәкірттердің көңілді демалуы үшін лагерьлер мен балалардың бос уақытын қамту орталықтарында күн сайын қызықты іс-шаралар ұйымдастырылуда. Негізі, қала маңындағы лагерьлерде 6 мыңға жуық оқушыны сауықтыру жоспар-ланған. Бүгінгі таңда 4 мыңға таяу бала аталған орындарда демалып қайтты. Сонымен қатар, біраз бала түрлі жоба бойынша «Жас дәурен» оқу-сауықтыру орталы-ғында, Астана қаласындағы Назарбаев университеті жанындағы «Айналайын» лагерінде демалып қайтты, — дейді облыстық білім беру басқармасының тәрбие жұмысы мен қосымша білім беру бөлімінің басшысы Бекбатыр Айтмахан. Оның айтуынша, осы жылы павлодарлық балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін қазынадан 397 млн теңге қаржы қарастырылған. Бөлім басшысы аталған қаражаттың мақсатты жұмсалуы басқарма тарапынан қатаң қадағаланып отыратынын айтады. Жазғы демалысты асыға күткен балаларға барынша жағдай жасау — осы салаға жауапты жандардың міндеті. Ең бастысы, балалардың бақытты өмір сүруі үшін мемлекет тарапынан бөлінген қыруар қаржы өз орнын тауып, балғындардың пәк көңілдері кірлемесе екен дейміз.

Нұржайна ШОДЫР.