Павлодарда «Майдан жолы» павлодарлық іздеу-зерттеу жасағының 15 жылдығына орай ТМД елдері іздестіру жасақтарының халықаралық форумы өтті. Форумға қатысушылар тәжірибе алмасып қана қоймай, Отан қорғаушылардың майдандық тағдырын белгілеу бойынша әдістемелік әзірлемелерімен таныстырды.

Өскемен қаласындағы Ресей ынтымақтастығы басқармасының вице-консулы Александр Дяченконың айтуынша, ТМД елдері ішінде ұйымдастырылған мұндай іздестіру жасақтарының ауқымды халықаралық форумының басты мақсаты —
посткеңестік елдердің іздестіру және патриоттық ұйымдардың басын біріктіру. Олардың ынтымақтастығын арттыру.

— Бұл — жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған маңызды әрі ауқымды шара. Іздеу қозғалысының еңбегін бөлек атап өту керек. Өйткені, сол кезде хабарсыз кеткен ерлердің есімін қайтарды. Тәжірибе алмасу, тарихи жадыны сақтау және соғыс кезінде хабарсыз кеткендерді іздеу мәселелерін талқылау үшін әртүрлі елдерден іздеушілер келді, — деді ол.

Сондай-ақ, Еуразиялық Инновациялық университеті Жоғарғы колледжінің директоры Армангүл Ташекенова «Майдан жолы» жасағымен 2016 жылдан бері тығыз байланыста жұмыс істеп келе жатқанын айтып, жастардың бойына патриоттық рух қалыптастыруда бірлескен жобаларды атап өтті. Айтуынша, меморандумға қол қойылып, колледж базасынан жас іздеушілер жасағы құрылды. Қазір олар әр түрлі экспедицияға қатысып жүр. Ал «Майдан жолы» іздеу-зерттеу жасағының командирі Александр Шитов 15 жылдан бері павлодарлық еріктілер соғыста қаза тауып, ұмытылғандардың есімдерін қайтарып, ұрпақтарына майданнан оралмаған туыстарының тағдырын білуге көмектесіп жатқанын жеткізді.

Айта кетейік, «Майдан жолы» іздестіру-зерттеу тобы Павлодарда 2009 жылдан бері жұмыс істейді. 15 жылдың ішінде олар Ресей, Беларуссия, Украина, Молдова сияқты елдерде экспедициялар жүргізді. 321 сарбаздың сүйегін тауып, қайта жерледі, 7 жауынгердің сүйегі елге жеткізілді. Ондаған ескерткіш орнатылды.

А.МҰҚЫШЕВ.