Көпшілік арасында мемлекеттік деңгейдегі медаль-ордендердің, яғни марапаттардың мән-маңызы төмендеп бара жатқаны жайлы пікірлер жиі айтылуда. Тіпті, жуырда бұл мәселені ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерді. «Мемлекеттік наградалар мәселесіне жеке тоқталғым келеді. Бұл саланың қалыптасқан өзіндік дәстүрі бар. Қоғамға үлгі болатын жандарды мемлекет әрдайым қолдауға тиіс. Мен өзім бұл мәселеге айрықша мән беремін. Сол себепті әрбір орден-медальдің терең мағыналы әрі ерекше, жұрт көңілінен шығатындай болуы өте маңызды», — деді Мемлекет басшысы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда. Ойланарлық жағдай…
Шынымен де, бүгінде мемлекеттік марапаттар мәнін жоғалтқан жоқ па? Олардың маңызын арттыру үшін не істеу керек? Осы сұрақтарды «Алаңның» талқысына салып көрген едік.

Гүлмира НҰРХАНОВА, облыстық мәслихат депутаты:


— Әрине, мемлекеттік марапаттар қоғамға үлкен үлес қосқан еңбек адамына немесе елі үшін ерекше ерлік жасаған жандарға ғана берілуі керек. Негізі, «Құрмет» ордені және басқа да жоғары деңгейдегі наградаларға атқарған ісі ауқымды, жұмысы жемісті адамдар ұсынылып жатады. Елімізде мемлекеттік наградалар туралы арнайы ереже бар, азаматтар сол бойынша марапатталады. Ал кейбір жеңіл-желпі марапаттар жөн-жосықсыз берілуі мүмкін. Бұл – соны алған адамның және оны ұсынғандардың ар-ұятына сын!
Ендігі мәселе ел Президенті атап көрсеткендей, мемлекеттік наградалар терең мағыналы, көптің көңілінен шығатындай болуына мән берілуі тиіс деп ойлаймын. Бастысы, жылтыраған темірдің бәрін медальға балап, оның маңыздылығы мен құндылығын жоғалтпау қажет. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау туралы ой айтты. Өте орынды. Осы идеяны жалғастырып, сол арқылы ұлттық идеологияны қалыптастырып, тарихта есімі қалған талантты тұлғаларды кейінгі буынға үлгі ретінде көрсете беруіміз керек.

Нұргүл ҚАЙЫРДЕНОВА, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы:

— Мемлекеттік марапат – еліне еңбегі сіңген, ұзақ жыл бойы абыройлы қызмет істеген, өз кәсібінің нағыз майталманына ғана
берілуі тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ордендер мен медальдарды ойыншыққа айналдырып жіберді. Мұндай жағдайларды көріп те, естіп те жүрміз. Әсіресе, ел арасындағы жиындарда, халықпен кездесулерде жұртшылық тарапынан «бұл кісі әкімшіліктің сөзін сөйлеп, сойылын соғатын болғандықтан, барлық марапатты иеленді» деген сияқты пікірлер жиі айтылды.
Қазіргі халықтың көзі ашық, көкірегі ояу, кімнің мемлекетке сіңірген еңбегі зор екенін көріп, біліп отыр. Сол үшін ар-ұяттан аттамағанымыз жөн. Кез келген марапат нағыз иесін табуы тиіс. Ал медаль-орден иегерлері таза, әділ, адал адам болуы қажет. Қаншама лауазым иесінің былығы ашылып, кейін барлық марапаттарынан айырылып жатыр? Бұл – ұрпақ үшін ұят жағдай. Осындай қателікке жол берілмеуі керек.

Талжібек АТАМБЕК, ҚР Мәдениет қайраткері, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртісі:

— Жасыратыны жоқ, мемлекеттік марапаттардың құндылығы жойылып бара жатқан сияқты. Олай дейтінім, қазір әлеуметтік
желілерде төсбелгілер, басқа да мемлекеттік марапаттарды кейде әлі еңбегі сіңе қоймаған белсенділер алып жатқанын көресің. Бүгінде қалтаң қалың, ақшаң көп болса, жалған абырой-атақ пен наградаларды оңай олжалауға болады.
Сондай-ақ, кейбір мекемелердің басшы-қосшылары мемлекеттік марапаттарға қарамағында жұмыс істейтін туыс-туған, тамыр-танысы, бір сөзбен айтқанда «өз адамдарын» ұсынып жатады. Олар сол құрметке лайық па, жоқ па, ол жағына бас ауыртып жатқандар да, оны тектеп-тексеретіндер де жоқтың қасы. Соның салдарынан мемлекеттік марапаттардың мәні кетті. Осындай олқылықтарға жол бермеу керек. Ол үшін мемлекеттік марапат берудің тәртіп пен талабын қатаңдатып, үлкен жауапкершілікпен қарау қажет деп ойлаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.