11 мамырда қазақ археологиясының атасы, ғұлама ғалым Әлкей Марғұланның туғанына 120 жыл толды. Мерейлі датаға орай Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану музейінде дөңгелек үстел өтті.

«Әлкей Марғұлан мұрасы – ұлттық рухани байлық» тақырыбын арқау еткен шараға мектеп оқушылары, жергілікті жоғары оқу орындарының оқытушылары, ұстаздар қауымы қатысты. Қонақтар ғұлама ғалымға арналған көрмені тамашалады. Келушілердің назарына Әлкей Марғұланның жеке заттары, қолжазбалары және еңбектері ұсынылды. Бұдан бөлек, дөңгелек үстелге қатысушылар ұлттық археология мектебінің негізін қалаған ғұламаның өмірі жайлы бейнероликті тамашалады.

Шараға қатысқан Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеттің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сейфитден Сүтжанов жоғары оқу орнының бағдарламасына «Марғұлантану» пәнінің енгізілгенін атап өтті.

— Университет Әлкей Марғұланның есімін арқалағалы бірқатар іс атқарды. Өткен жылдан бері «Марғұлантану» пәнін барлық студент оқып келеді. Дәрістер қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі. Сонымен қатар, тәжірибелік сабақ та енгізілді.

Кезінде Мұхтар Әуезов Әлкей Марғұланды өзі тұрып жатқан үйге алдырып, жағдайын жасап, көмек көрсеткен. Екеуі елдің болашағы үшін көп еңбек тындырды. Менің таң қалатыным, Алаш арыстары сотталып, айдауға жіберіліп, атылып та кетті. Сол тұста Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан достықтарын үзген жоқ. Керісінше, сырлас, пікірлес болып халық үшін еңбек етті. Әлкейді жастайынан бойына сіңген ұлттық қасиеті жоғары деңгейге жеткізді. Ғалымның әлі де зерттейтін тұстары көп. Оны студенттерге дәріс беру кезінде аңғарамыз. Әлкей Марғұлан — Алаш арыстарының ізін жалғастырып, ұлттың ұлт болып қалыптасуына зор үлес қосқан ғұлама, — деді С.Сүтжанов.

Торайғыров университетінде екі жылдан бері Әлкей Марғұланға арналған энциклопедия әзірленіп жатыр. Аталған оқу орнының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Амантай Құдабаев Әлкей Хақанұлының еңбектері өшпес мұра екенін атап өтті.

— Әлкей Марғұлан еңбектерінде өзінің қалыптасуына өскен ортасындағы адамдардың әсер еткенін айтқан. «Ғалым болып қалыптасуыма Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қаныш, Әбікей Сәтбаевтар, Хакім Иманбеков, Жағыпар Серкебаев, Жаяу Мұса әсер етті» деген. Өмірімде үлкен рөл ойнаған адам – Әбікей Сәтбаев деген. Әлкей Марғұлан туған жеріндегі мектепте сабақ беріп жүргенде оған Әбікей Сәтбаев келіп жүрген. Ол Әлкейдің дүниетанымы ешкімге ұқсамайтынын көреді. Сондықтан оны қолынан жетектеп өзі басқаратын техникумға алып келеді. Әлкей Марғұлан Алаш қайраткерлеріне ерекше сыйластықпен қараған. Мағжан Жұмабаев түрмеден шыққан кезде ең бірінші болып сәлем беріп, қолдан келгенше көмек көрсеткен.

Оның алғашқы ізденісі Қазақстан мен Алтай халықтарының шежіресін зерттеуден басталды. Зерттеу жұмыстарын Ленинградта оқып жүргенде қолға алды. Әлкей Марғұлан Сыр, Шу, Талас өзендерінің бойында және көне Отырар, Сауран, Сығанақ қалаларының орнында түрлі қазба жұмыстарын жүргізді. Ғұлама Беғазы-Дәндібай мәдениетін зерттеп, дәлелдеп шықты. Осы зерттеулер негізінде Қазақстан тарихы үшін ғана емес, көне дәуірлердегі жалпы адамзат тарихы үшін маңызды ғылыми қорытындылар жасалды. Осылайша, еңбегімен әлемді таңқалдырады. Ғалым Шоқан Уәлихановтың әдеби мұраларын жинастырып, оны 5 том етіп шығаруға мұрындық болды. Ол осы еңбекті жазуға 5 жылын арнаған, — дейді А.Құдабаев.

Шара барысында республикалық домбыра жарыстарының жүлдегері Қылышбек Мейрамбек күйден шашу шашты. Сонымен қатар, ұстаздар қауымы да ғұлама туралы өз ойларымен бөлісті. Шара соңында жиналғандар естелік суретке түсті.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.