Елімізде бір жыл бойы қызу талқыланып келе жатқан «Масс-медиа» туралы заң жобасы жақында Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылды. Алайда, халық қалаулылары құжаттың «бір қайнауы ішінде» екенін айтып, тағы да толықтырулар енгізу қажет деген мәмілеге келді. Сонымен, қоғамда түрлі пікір тудырған жаңа заңда қандай өзгерістер болуы мүмкін? Оның тиімділігі неде? Жалпы, кімдердің мүддесі қорғалмақ? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.
Мақсат не?
«Заманың қалай болса, бөркіңді солай ки» демекші, бүгінде уақыт талабына сай ақпарат саласы да күн санап дамып, құбылуда. Осы ретте, отандық масс-медиа жүйесіне түбегейлі өзгеріс қажет деген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жаңа заң жобасын әзірлеуде. Бірнеше рет қоғам талқысына шығарылып, қайтадан жетілдіруге жіберілген құжатты дайындауға осы саланың білікті мамандары, заңгерлер мен сарапшылар жұмылдырылған.
— Заң жобасы аясында журналистердің мәртебесін көтеру, мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін реформалау, өзін-өзі реттеу институттарын дамыту, телерадио хабарларын тарату саласындағы трендтерді өзгерту жоспарланған. Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері туралы заңға түзетулер әзірленді. Ұсынылған өзгерістер азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығын заңсыз шектейтін мемлекеттік органдардың жауапкершілігін күшейтеді. Сондай-ақ, газеттерді тарататын «Қазпошта» мен қағазды бір көзден тікелей жеткізу мәселесі бойынша да алдағы уақытта келісімдерге қол жеткіземіз. Тек заңнама емес, оқыту мәселесі де назардан тыс қалмауы қажет. Өйткені, медиасауаттылық бәрімізге қажет. Журналистерге білім керек. Медиаға түрлі шабуыл жасалып жатады. Манипуляцияға өзіміз түсіп қалмау үшін ақ пен қараны ажырата алатын деңгейде болуы- мыз керек. Сондықтан қолына қалам ұстаған жандар әрдайым шындықтың жағында жүруі тиіс. Қазіргі уақытта журналистерге арналған басқосуларды көбейтіп жатырмыз. Мұның барлығы тәжірибе алмасу, біліктілікті көтеру үшін маңызды, — дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.
Демек, жаңа заң ойдағыдай жүзеге асса, отандық журналис-тика саласында біраз өзгеріс орын алады деп күтілуде.
Ұтамыз ба, ұтыламыз ба?
Дәл осы сұрақ көпшілікті толғандыруда. Себебі, жаңа құжатқа қатысты туындаған мәселе көп. Он шақты күн бұрын осы тақырыпта талқылау өткізген ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов жаңа заңда бірнеше бағыт қамтылғанын түсіндірген болатын.
— Ең алдымен БАҚ өкілдерінің мәртебесіне мән бердік. Соның ішінде – шектеу мерзімін белгілеу. Бұл — өте маңызды норма, өйткені қазіргі таңда бұл шектеу мерзімі жоқ. Яғни, 10-20 жылдан кейін кейбір азаматтарымыз кей БАҚ өкілдерін сотқа беруге құқығы бар. Бұл норма енді 3 жылға дейін шектеледі. Бұл өз кезегінде БАҚ-қа қатысты жұмыстарға үлкен кедергі болып отыр. Осы норманы қабылдасақ, БАҚ саласының әрі қарай дамуына серпін берері сөзсіз, – деді Қанат Ысқақов. Сонымен қатар, енді БАҚ өтініштерін қарау мерзімі 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне дейін қысқартылмақ. Бұл өзгерістерге қатысты өз пікірін білдірген «Media Net» халықаралық журналистика орталығы директорының орынбасары Думан Смақов:
— Осы заңның 25-бабы бірінші тармағында журналистердің ерекше статусы жайлы айтылады. Журналист үшін ерекше статус деген – ең бірінші объективті ақпаратты шынайы түрде жеткізу және сол ақпаратты жеткізе отырып, азаматтардың кері байланысын алу. Халық пен билік арасына көпір болу. Журналистерге ерекше статус беру арқылы басқа мамандықты алалап, болашақта барлық мамандыққа ерекше статус берсек, онда ерекше статустың не мағынасы, не мәні қалады? – деді. Ал «Әділ сөз» қоғамдық қорының өкілі Қарлығаш Жаманқұлова журналистердің қауіпсіздігі мен сөз бостандығына қатысты омбудсмен институтын құру қажет екенін алға тартты.
— Бұл орган ұлттық баяндаманы ұсынуы керек. «Құрғақ жерде шөп өспейді». Шектеу мен қысым көп жерде инновациялық идея дамымайды. Барлығымыз қазір анонимдік телеграмм каналдарының көбейгеніне алаңдаймыз. Журналистиканың деңгейі мен дәрежесі төмендеді деп күйзелеміз. Ал осы жағдайлардың барлығы БАҚ-қа қолданған шамадан тыс шектеулердің нәтижесінде болғанын мойындағымыз келмейді, – деді Қарлығаш Жаманқұлова.
Талқылау барысында құжаттың бүге-шігесіне дейін түсіндіруге тырысқан вице-министр ақпараттық кеңістіктің бәсекеге қабілеттігін арттыру, соның ішінде мемлекеттік тілдің рөлін көтеру нормасы да заңда көзделгенін атап өтті.
— Мемлекеттік тілдің рөлін арттыру үшін қандай норма енгізіп жатырмыз? Ең алдымен, мемлекеттік тапсырыс аясында жасалатын контенттің 70 пайызы қазақ тілінде болуы керек. Қазір бізде ондай норма жоқ. Бірақ қазір оны заңға бекітудеміз. Мемлекеттен бөлінетін қаражатқа жасалатын контенттің 3/2 бөлігі қазақ тілінде әзірленуі тиіс. Мемлекеттік контент қазір өте маңызды, тұтынушыларға қажет, бәсекеге қабілеттілігі де өте жоғары, — деді Қанат Ысқақов. Сонымен қатар, ол ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін оны субсидиялау енгізілгенін, заңда көрсетілген баспасөз картасы журналистердің ақпарат алуына, ақпарат таратуына ешқандай кедергі келтірмейтінін мәлімдеді. Вице–министр өңірлік баспасөз құралдарының бүгінгі жағдайына да тоқталды. Жаңа заң жобасында аймақтық БАҚ құралдарына арналған грант қарастырылғанын, ол қайтарымсыз қаржы түрінде берілетінін жеткізді. Мұндағы мақсат – өңірлік баспасөз құралдарын дамыту, деді ол.
Депутаттардың уәжі қандай?
ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, «Масс-медиа туралы» заң жобасы осы саладағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Құжаттағы 3 кодекске және 12 заңға өзгеріс пен толықтыру енгізу жоспарланып отыр. Алайда жаңа заң жобасымен жіті танысқан халық қалаулылары құжаттың олқы тұстары да бар екенін алға тартты. Солардың бірі — заң жобасын қатты сынға алған Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек:
— Мұнда көп шикілік бар. Біріншіден, баспасөз картасын беретін комиссия мүшелері – шенеуніктер. Кімге береді, кімге бермейді, өздері шешеді. Егер комиссия құрамының жартысы БАҚ өкілдері болса, комиссияға сенетін едім. Ал комиссия Ақпарат министрлігі, басқа да министрліктің шенеуніктерінен тұрады. Оған қалай сенуге болады? Журналистің билікті сынауға құқығы бар. Мысалы, Абай облысындағы өртте қызмет жасамаған шенеунікті журналист қалай сынамайды? Сынайды. Бірақ ертең ол баспасөз картасын ала ала ма? Сондай-ақ, журналистік салада арнайы білімі, дипломы болуы керек депті. Кешіріңіздер, қоғамдағы біраз өзекті мәселені көтеріп жатқандардың көбі журналист емес. Сонда олар бұл заң жобасы бойынша пресс-карта ала алмайды. Бір ғана мысал, Тәңірберген Бердоңғаров журналист емес қой. Тағы бір мәселе — соттылығы болмауы керек дейді. Мұндай қатаң талаптар тіпті, Кеңес Одағы кезінде де болмаған сияқты. Айталық, адам абайсызда біреуді соғып кетсе, ол шартты түрде сотталады. Сонда бұл адамды журналистикамен айналысу мүмкіндігінен айыра ма? — деді. Сонымен қатар, ол құжаттың 21, 22-баптарында журналистің құқығын шектеп, нұқсан келтіретін талаптар барын айтып, бұл заң жобасын қолдауға қарсылық білдірді. Ал Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев БАҚ өкілдеріне мәртебе беріп, баспана мәселесін шешу мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.
— Қазіргі күннен бастап Отбасы банк, екінші деңгейлі банктермен тікелей келіссөздер жүргізу қажет. Қалай және қандай бағытта енгіземіз? Үйді қанша пайызбен алу мүмкіндігіне ие болады? Өйткені, журналистерді категория ретінде тек қана 2019 жылы қабылданған «Алматы жастары» сияқты бағдарламада пысықтаған болатынбыз. Қазір журналистер «бір күнде бізді категорияға енгізеді» деп ойламауы қажет. Себебі, әрбір мамандықты категорияға қосу мүмкін емес, – деді Е.Бейсенбаев. Павлодарлық Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы Журналистер одағы тарапынан куәлік бей-берекетсіз берілетінін сынға алып, бұл жағдай тәуелсіз журналистердің көбейіп кетуіне әкеліп соғатынын тілге тиек етті.
Есенбек САНАТҰЛЫ, «Atameken-Business» телеарна-сының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі:
— «Масс-медиа» туралы әзірленіп жатқан жаңа заң жобасының мақсаты журналистерді билікке тәуелді етіп қою деп ойлаймын. Мәселен, мен коммерциялық телеарнаның журналисімін. Кез келген сыни материалды еш бүкпесіз жариялай аламын. Егер аталған заң жобасы қабылданып кетсе, кейбір мәселелерді ашық айта алмай қалуымыз ықтимал. Яғни, билік бізге тосқауыл қояды деген сөз. Сондықтан журналист қауымын төртінші билік иесі дейді ғой, соған лайық болуымыз қажет. Ал біреудің айтқанын істеп, айдағанына жүру – журналистика саласына жат құбылыс. Сол себепті құжат жобасындағы журналистерді акредиттеу туралы мәселеге мен де қарсымын. Сондай-ақ, нағыз журналисттің дипломы болуы қажет деген талаппен де келіспеймін. Бұрын Павлодар облысында журналистика факультеті болған жоқ. Тіл байлығы мен шығармашылық қабілетінің арқасында өзге саланың өкілдері бүгінде білікті журналист болып еңбек етіп жүр. Бүкіл Қазақстандағы журналистердің бәрі осы мамандықты оқып, диплом алып шыққан жоқ. Оны да ескеру қажет. Тағы бір өкініштісі, құжатта кәсіби журналистерден гөрі блогерлердің құқығын көбірек қорғап, соларға басымдық беріліп жатқан сияқты.
Жалпы, жаңа заңда әлі де жетілдіретін тұстар көп екені байқалады. Оны дайындауға осы саланың тәжірибелі мамандарын тартып, әбден зерттеу керек деген пікірдемін.
Түйін:
Осылайша, Шерхан Мұртазаның тілімен айтқанда «Жегені — жантақ, арқалағаны — алтын» журналистер қауымының жоғын жоқтап, мұңын мұңдауды мақсат еткен «Масс-медиа» туралы заң жобасы әлі де қабылдауға әзір еместігін көрсетті. Бастысы, шынайы жанашыр жандар тарапынан айтылған ұсыныстар еленіп-ескеріліп, журналистің құқықтары мен әлеуметтік жағдайын жақсартуға қызмет ететін қауқарлы заң қабылданса екен дейміз. Бұл — барша журналист қауымының тілегі!
Әзірлеген — Нұржайна ШОДЫР.