Жаз шыға тұрғындардың көпшілігі аллергиядан жапа шегеді. Түшкіріп-пысқырып, кісінің берекесін қашыратын ауру түрі жыл сайын белең алып келеді. Көк шөп шыққанда аллергияға шалдыққан адамдардың тынысы тарылып, жөтеліп, денесі бөртіп, көзі жасаурайды. Өсімдік тозаңынан пайда болатын ауру түрінен қалай айығуға болады? Аллергиядан қалай сақтану керек? Ауруды қалай жеңілдетуге болады? Күн тәртібіндегі өзекті мәселе жөнінде газет редакциясы «Instagram» әлеуметтік парақшасында «Тікелей желі» шарасын ұйымдастырды. Оқырмандардың сұрағына «Семей медицина университеті» Павлодар филиалының педиатрия және ішкі аурулар кафедрасының қызметкері, педиатр, аллерголог Ақмарал Қожанова жауап берді.

Тілші сауалы:

— Ақмарал Сапарқызы, күн жылынып, көк шөп гүлдегенде тұрғындардың басым көпшілігі маусымдық аллергияға душар болады. Оның себебі неде?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Жаз басталып, көк шыққанда аллергиясы бар адамдар әуреге түсетіні рас. Маусымдық аллергия кезінде аллергологтарға жүгінетін науқастардың саны артады. Оны тәжірибемізде көріп жүрміз. Аллергия – ең көп таралатын аурудың бірі. Облыста осы індеттің өршитін үш кезеңі бар. Бірінші кезең сәуірдің ортасынан мамырдың соңына дейін созылады. Бұл уақытта қайың, емен, терек сияқты ағаштар тозаңданады. Екінші кезеңде, яғни маусым-шілде айларында шабындық шөптер гүлдейді. Ал үшінші кезеңде аллергиктерді жусан иісі мазалайды. Барлық науқас түшкіріп, жөтеліп, денесі қызара бөртіп, мұрнынан су ағып беймаза күй кешеді. Бір қарағанда тұмау тиген адамның белгілеріне ұқсайды. Бірақ тұмаумен ауыратын адамдар өздерін әлсіз сезінеді. Ал аллергия кезінде ондай әлсіздік болмайды.

Тілші сауалы:

— Маусымдық аллергия кезінде тұрғындардың басым көпшілігін аллергиялық ринит мазалайды. Ол неден туындайды?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Аллергиялық ринит — иммундық жүйенің жоғары сезімталдыққа ие болған кез келген затқа дұрыс әсер етпеу реакциясы. Егер аллерген мұрын қуысының шырышты қабығына түссе, ол ерекше заттар — гистаминдердің бөлінуіне ұласады. Олар тұмау, мұрын бітелуі, қышу және түшкіру арқылы көрініс беретін аллергиялық қабынуды тудырады. Мұның бәрі, жоғарыда атап өткенімдей, шөп шыққанда өсімдік тозаңынан пайда болады. Тіпті, көзде конъюктивит пайда болуы мүмкін. Кейбір адамдардың көздері ісіп, қышиды.

Аллергия – күллі ғаламшардың пандемиясы деп айтар едім. Өйткені жыл сайын аллергиямен ауыратындардың саны өсіп келеді. Өңірдегі тұрғындардың аллергиямен ауыруына зауыттар да себеп. Облыс аумағында ірі өндіріс ошақтары орналасқан. Олардан бөлінетін техногендік қалдықтар қоршаған ортаны ластайды. Ауа таза болмаған соң, ауру да өршиді. Павлодар қаласының солтүстік бөлігінде шабындық жерлер орналасқан. Шығыстан-батысқа қарай соққан желдің салдарынан барлық шаң-тозаң облыс орталығына тарайды. Аллергияны тудыратын негізгі факторлар — осы. Аллергиялық ринит маусымдық аллергия кезінде жоғарыда аталған аллергендердің салдарынан туындайды. Бұдан бөлек, жылға созылатын аллергия да болады.

Тілші сауалы:

— Жылға созылатын аллергия неден туындайды?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Аллергияның түрі өте көп. Қандай да бір нәрсенің ағзаға жақпай, кері әсер беруінен туын-
дайды. Дегенмен, әркімде әртүрлі өршиді. Көктемде өсімдіктерден, шаң-тозаңнан асқынса, күз мезгілінде жерге түскен жапырақтардан қозатын аллергия бар. Сондай-ақ, үй жануарлары да осы ауруға себепші болады. Тағамдардан, дәрілік препараттардан да туындайтын аллергия бар. Науқастарға мұндай жағдайда симптоматикалық, яғни, уақытша көмек беріледі немесе аллерген-спецификалық иммунотерапия (АСИТ) арқылы ем жүргізіледі. Бұл терапия аллергияға деген сезімталдықты төмендетеді. Ал негізінен, бұл ауруды қыста емдеген жөн. Емдеу шараларының барлығы медициналық мекемеде әрі аллергологтардың бақылауымен өтуі тиіс.

Тілші сауалы:

— Аллергенді-спецификалық иммундық терапия (АСИТ) аллергияны толық емдеуге мүмкіндік беретін терапия деп естідік. Осы емдеу шарасы туралы толығырақ айтып берсеңіз. Емдеу курсы қанша уақыт жүреді?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— АСИТ терапиясы көп жағдайда қыс мезгілінде жүргізіледі. Бұл ағзаны «алдау» терапиясы. Яғни, адам аллергия тудыратын аллергенге үйренеді. Емдеу шарасын жүргізудің тәсілі көп. Мәселен, адам ағзасына аллергеннің сұйық түріндегі дозасы енгізіледі немесе адам дәрілік препарат қабылдайды. Маусымдық аллергиямен ауыратын адамдар қыс мезгілінде өсімдік тозаңынан болатын аллергенді кездестірмейтіндіктен, қыста ем қабылдайды. Тұрғындар қараша, желтоқсан, қаңтар айларында аллергологқа келіп, аталған дозаларды қабылдай алады. Өз басым елімізде өндірілетін «Антиполлин» препаратымен емдеймін. Емдеу курсы 2 айға созылуы мүмкін. Жусанға аллергиясы бар адам қыс айында дәріні қабылдау арқылы ағзасын аллергенге үйрете алады. Нәтижесінде жаз шыққанда маусымдық аллергиядан жапа шекпейді. Бұл терапияны жүргізу кезінде әр аллерголог адам ағзасына байланысты түрлі препараттармен жұмыс істейді.

Жадыра, Железин ауданы:

— Жазғы аллергия өсімдіктің барлық түрінен орын алуы мүмкін бе? Әлде тек бір түрінен ғана туындай ма?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Мұны анықтау үшін аллергологтардың көмегімен арнайы тестен өту керек. Аллергодиагностика жасалуы қажет. Тексеру шарасы облыс орталығындағы «Олимп», «Invivo» клиникалық-диагностикалық зертханаларында жүргізіледі. Бұл арқылы ағзаның жануарларға, тағамға, шаң-тозаңға, өсімдікке аллергиясы бары анықталады. Сонымен қатар, биохимиялық қан сараптамасын тапсырған кезде эозинофилия көрсеткіші асқынған болса, аллергияның барын көрсетеді. Аллергия — жұқпалы ауру емес. Сондықтан қан құрамында қабыну көрсеткіштері орын алмауы тиіс. Аллергологқа баратын кезде жоғарыдағы клиникалардан алдын ала Иммуноглобулин Е (IgE) сараптамасын тапсыруға кеңес беремін. Онымен қатар, мұрыннан алынатын мазок — риноцитограмманы да жасатуға болады. Бұл сараптамалар арқылы ағзада аллергияның бар-жоғы белгілі болады.

Әміржан, Павлодар қаласы:

— Жаз мезгілі басталысымен көшеге шығуға қиналамын. Далаға шықсам болды, көзім жасаурап, мұрнымның қуысы қышып, тоқтаусыз түшкіремін. Бірақ аллергияның неден туындайтынын білмеймін. Оны қалай анықтауға болады?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Сіз маусымдық аллергиямен ауырасыз. Сондықтан клиникалық-диагностикалық зертханаға барып, аллергияны анықтауға арналған тест тапсыруға кеңес беремін. Жаз айында аллергиядан қорғану үшін далаға шыққанда басыңызға міндетті түрде бас киім киіңіз. Егер шашыңызға өсімдік тозаңы түссе, сізде аллергиялық белгілер өршуі мүмкін. Көзіңізге көзілдірік тағып, бетпердемен жүруіңіз қажет. Ал желді күні сыртқа шықпаңыз. Үйге кіргенде сырт киімді шешіп, беті-қолыңызды, мұрын қуысын таза сумен жақсылап жуған абзал. Далаға шыққан кезде мұрын қуысын шаң-тозаңнан қорғайтын қабат түзетін «Аллергиз» препаратын қолдануға болады. Далаға шыққанда мұрынға сепсеңіз болғаны. Күніне 4-5 рет пайдалануға болады. Бұл дәрі аллергенді мұрынға жолатпайды. Сонымен қатар, мұрынға «Нафазолин», «Оксиметазолин» препараттары да бар. Оларды 5 күннен аса қолдануға болмайды.

Айсұлу, Май ауданы:

— Менің қызым цитрус жемістерін жей алмайды. Апельсин, мандарин жесе, денесі қызарып кетеді. Мұның қандай емі бар?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Мұның емі бар. Бар болғаны цитрус жеуден бас тарту қажет. Егер аталған жемістер ағзада аллергия тудырса, денсаулық үшін оны жемеуге болады. Тағамға аллергиясы бар адамдар гипоаллергенді диета ұстайды. Яғни, біреулер цитрустан, балықтан, сүттен бас тартып, ас мәзірінен осыларды алып тастайды.

Тілші сауалы:

— Аллергия кезінде қандай препараттарды қолдану керек? Негізгілеріне тоқталып өтсеңіз…

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Маусымдық аллергиялық ринит кезінде аллергенмен байланысты үзу керектігін айттым. Аллергиядан ең бірінші кезекте осы қорғайды. Аллерген болмаса, аллергия да болмайды. Аллергия бала кезден пайда болуы мүмкін. Мәселен, бала емізетін аналар тәтті көп жеп қойса, баланың беті қызарып, қотыр шығуы мүмкін. Кейін бала өскенде тәтті жегенде осы жағдай тағы қайталануы ықтимал. Жасөспірім дерматитке шалдығады. Ал препараттарды аллергологтар ғана тағайындайды. Өздігінен ем қабыл-дауға болмайды. Көп жағдайда бірінші кезекте антигистаминді препараттар тағайындалады. Бірінші топқа супрастин, димедрол, диазолин, тавегил, фенкарол, екінші топқа клоридол, лоратадин, кестин сынды өзге де дәрілер жатады. Сонымен қатар, үшінші топ бар. Яғни, дәрілік препарат өте көп. Бірақ оны маман ғана тағайындауы тиіс.

Жасұлан, Екібастұз қаласы:

— Анам аллергиямен 5 жыл алысып келеді. Қаралмаған дәрігеріміз қалмады. Көк шығысымен далада жүргенде тынысы тарылады, денесі бөртіп кетеді. Бұл жағдайда аллергияның емі бар ма?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Егер анаңыз 5 жыл бойы аллерголог маманынан ем қабылдап, қажетті сараптаманы тапсырған болса, аллергияның асқынған түрімен ауырады. Бәлкім, анаңыз антииммунды, коллагеноз дертіне шалдыққан болуы мүмкін.

Айгүл, Павлодар қаласы:

— Кітапханаға жұмысқа тұрғаныма 3 ай болды. Кітап-тардың бетін ашып, сөрелерге орналастырғанда мазам кетеді. Жөтел пайда болып, тоқтаусыз түшкіремін. Тіпті, денем бөртіп кетеді. Яғни, кітаптың иісінен аллергия туындап отыр. Бұл жағдайда не істесем болады? Жұмыс орнымды ауыстыру керек пе?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Сізге жұмыс орныңызды ауыстыруға кеңес беремін. Себебі кітапханада ылғал, шаң-тозаң үнемі болады. Сіз аллергенмен күнде жолығасыз. Сондықтан одан айығу мүмкін емес. Кейбір адамдарға белгілі бір аймақтың экологиясы да жақпайды. Сондықтан денсаулығы үшін өзге өңірге көшіп жатқандар да бар.

Тілші сауалы:

— Аллергиядан қалай сақтану керек?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Аллергиясы бар адам ең бірінші кезекте аллерголог маманның көмегіне жүгінуі тиіс. Ешқашан өздігінен ем қабылдауға болмайды. Ең бастысы, өсімдік тозаңдары ауа арқылы тарайтындықтан, желді күндері терезені жауып қойған абзал. Ал жылы күндері терезені ашқан кезде масадан қорғайтын торды шүберекпен тағы бір қабаттау керек. Осылай үйге жел арқылы шаң кірмейді. Газондарды тегістеп орып жатқан жерлерді айналып өту керек. Жазда ормандар мен тоғайға барудан бас тартқан жөн. Демалғысы келетіндер сулы, өсімдігі аз теңіз жағалауына барса болады. Өсімдіктердің гүлінен тозаң таңғы сағат 5-7 және кешкісін сағат 17-19 аралығында бөлінеді. Осы кездерде сыртта асығыс шаруа болмаса, көшеге шықпай, үйде болған абзал. Бөлме шаңын ылғалды шүберекпен сүртіп, жиі тазалап отырудың маңызы зор. Ал көшеден келгенде сырт киімді ауыстыру керек. Негізгі сақтану шаралары — осы.

Тілші сауалы:

— Аллергиядан толық айығуға бола ма?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Аллерген бар болған жағдайда адам аллергиямен ауыратын болады. Сондықтан аллергиядан құлан-таза айығу үшін аллергенмен байланысты үзу керек. Әр адамның ағзасы әртүрлі. Біреуі толық айықса, екіншісін жоғарыда аталған АСИТ терапиясын қолдану арқылы аллергенге ақырын үйретуге болады.

Дархан, Шарбақты ауданы:

— Мейіз жесем, ауыз қуысы тоқтаусыз қышиды. Демек, аллергия болғаны ма?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Әрине. Мейізден аллергия туындаса, оны жеуден бас тартыңыз. Біз өрік-мейізді құрғатқан кезде немен өңдеп жатқанын білмейміз. Сондықтан оның құрамында сіздің ағзаңызда аллергия туындататын өзге консервант болуы мүмкін.

Айдана, Павлодар қаласы:

— Нан илесем тамағымды жөтел қысып, тұмаумен ауырып қалғандай күй кешемін. Бұл неден?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Аллергия болуы мүмкін. Сізге аллергияның түрін анықтайтын тест тапсыруға кеңес беремін. Сондықтан клиникалық-диагностикалық зерттеу орталығына барсаңыз болады. Өйткені нан илегенде жұмыртқа, сүт сынды өзге де компоненттер бар. Бәлкім, аллергия ұннан емес, өзге тамақтан туындауы мүмкін. Мен айтқан клиникалар аллергияның нақты неден туындағанын анықтап береді.

Әйгерім, Аққулы ауданы:

— 2 жастағы қызым тәттіні көп мөлшерде жеп қойса, беті қызарып, қотырланып кетеді. Сонымен қатар, құлағының тұсы да бөртіп кетеді. Баламда тәттіге аллергия ма?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Иә. Сондықтан балаңызға тәттіні бермеңіз. Балаңыз гельминт сараптамасын тапсыруы керек. Ол ағзадағы паразиттерді анықтауға мүмкіндік береді. Кішкентай балалар кір қолдарын ауызға салып, қолына тиген затты жалайды. Сол себепті ағзаға түрлі паразит кіруі мүмкін. Бұдан бөлек, аллерготест тапсыруға кеңес беремін. Жалпы, медицинада балаға 3 жасқа дейін қант беруге болмайды.

Тілші сауалы:

— Облыста не себепті аллерголог мамандар аз?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Өңірде мемлекеттік емханаларда аллергологтар аз. Көбі жекеменшік клиникаларда жұмыс істейді. Бұған дейін аллергиямен ауыратын адам саны қазіргідей көп болмады. Аллерголог тапшылығы маусымдық аллергия кезінде туындап отыр. Бұған дейін халық санына байланысты штатқа тек бір аллерголог қана бекітілетін. Қазір бұл маманға сұраныс жоғары болып тұр.

Тілші сауалы:

— Аллергия жүре пайда бола ма әлде тұқым қуалай ма?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Аурудың белгілері әртүрлі болады. Аллергиясы бар адамдардың балалары да осы кеселге бейім келеді. Яғни, дерт тұқым қуалайды. Егер ата-ананың біреуі аллергиямен ауырса, 30 пайыз жағдайда бұл кесел балаларға беріледі. Егер ата-ананың екеуі де аллергиямен ауырған болса, 80 пайыз жағдайда ұл-қызына беріледі. Екінші фактор – экологиялық жағдай салдарынан жүре пайда болатын аллергия. Негізінен, адамға көз, мұрын, қолқа арқылы білінеді. Мұндай кезде адамдар дертіне өзі диагноз қойып, дәрілерді дәрігердің нұсқауынсыз алып, пайдалана береді. Бұл – дұрыс емес. Кеселдің өршіп кетуіне көбіне осы жағдай себеп болып жатады. Дер кезінде дәрігерге көрінбесе, ауру асқынып, демікпеге ұласуы мүмкін. Жалпы, көп жағдайда аллергия тұқым қуалайды.

Сәуле, Ақсу қаласы:

— Аллергиядан айығуға спорт көмектесе ме?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Аллергиядан айығуға спорт көмектеседі деген — қате түсінік. Спортпен салауатты өмір салтын ұстану үшін айналысуға болады. Ал аллергиясы бар адамдардың спортпен шұғылдануын не айналыспауын тек аллерголог шешеді.

Берік, Павлодар қаласы:

— Аллергияға қарсы вакцина бар ма?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Аллергияға қарсы вакцина жоқ. Жоғарыда АСИТ терапиясы туралы айттым. Сондықтан бұл кеселді емдеуге болады.

Майра, Баянауыл ауданы:

— Менің аллергиям қыс мезгілінде өршиді. Аяз тері мен тыныс жолдарымды тітіркендіреді. Мұны қалай емдеу керек?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Маусымдық аллергияны қоздыратын факторлар қатары тек өсімдіктермен шектелмейді. Қыстың қақаған суығы да қауіпті аллергендер тізіміне жатады. Бұл — өте сирек кездесетін аллергия түрі. Сізге жылы жаққа көшуге кеңес берер едім. Аязды күндері өте жылы киіну керек. Қолғапсыз, мойын орағыш, бетперде тақпай далаға шығуға болмайды.

Айым, Павлодар қаласы:

— Аллергиядан қорғайтын дәрумендер бар ма?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Жоқ. Аллергиядан қорғану үшін алдын ала дәрумен қабылдаудың қажеті жоқ. Кеселден қорғануға ешқандай дәрумен көмектеспейді. Оданда фаст-фуд, қоспалар, бояғыш заттар, газды сусындар ішуді азайтыңыз. Керісінше, табиғи таза өнімдерді тұтыну керек. Пайдалы ботқалар, ет сияқты тағамдарды жеу керек. Қоғамда ауыл тұрғындарынан гөрі қала халқы аллергиямен көп ауырады. Өйткені ауылда таза ауа, тұрғындар табиғи өнімді мол тұтынады.

Ақбота, Екібастұз қаласы:

— Аллергиямен ауырғалы демікпе мазалайды. Оны қалай емдесе болады?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Егер сізді демікпе мазаласа — сізде аллергияның асқынған түрі. Сізге пульмонолог, терапевт, жалпы тәжірибе дәрігеріне барып, өкпеңізді тексертуге кеңес беремін. Мамандар сіздің тыныс алу жолдарыңызды толық тексеріп, аллергологқа жолдайды. Бәлкім, сізде астманың алғашқы сатысы басталып жатқан шығар. Сондықтан уақыт жоғалтпай әрекет етіңіз.

Сәния, Екібастұз қаласы:

— Жүктілік кезінде сәбиді аллергиядан қорғау үшін болашақ аналарға не істеу керек?

Ақмарал САПАРҚЫЗЫ:

— Құрсағында сәбиі бар адамдар баласын аллергиядан қорғау үшін ештеңе жасай алмайды. Бастысы, салауатты өмір салтын ұстанып, табиғи өнімдерді қолдану маңызды. Көп боянуға болмайды.

 Түйін:

«Тікелей желі» шарасы кезінде оқырмандардан 50-ден астам сұрақ түсті. Кейбір сауалдардың мағынасы қайталанғандықтан, қысқартылып берілді. Аллерголог жұртты толғандырған сұрақтарға тұшымды жауап берді деген ойдамыз.

«Тікелей желіні» жүргізген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.