Маңдай тердің жемісі

Нау 27, 2025

Аққулы ауданы Бесқарағай ауылының тұрғыны Нұрлан Тәубенов маңдай термен тапқан табыстың берекелі болатынын айтады. Қарапайым жұмысшы баласының санасына осы қағиданы сіңіріп, еңбекқорлыққа баулуда.

Нұрлан Қалиханұлы бала күнінен әкесі сияқты механизатор болуды армандаған. Ауылдың тұрмысына ерте үйреніп, сабағынан босаған уақытта әкесіне қолғабыс еткен. Техниканың тілін меңгеруге тырысқан. 8-сыныпты бітірген соң аудан орталығындағы училищеге оқуға түсіп, кәсіби білім алады. Кейін әскер қатарына шақырылып, 2 жыл азаматтық борышын өтейді. Туған жеріне оралып, мал шаруашылығымен айналысқан.

2010 жылы отбасын құрып, Бесқарағай ауылындағы «Әлкей» шаруа қожалығына механизатор болып жұмысқа орналасады. Жүрек қалауындағы мамандықта трактор жүргізіп, жер жыртып, егін егеді. Сол уақыттан бері ауыл шаруашылығындағы қиын жұмысты абыроймен атқарып келеді.

— Қызметтің оңайы болмайды. Кез келген жұмыс қадірлі. Табанды еңбегімен табысқа жетіп жүрген әр адам құрметке лайықты деп білемін. Қуантарлығы, ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлінуде. Қожалық иелері мемлекет тарапынан берілетін субсидия, төмен пайыздағы несиенің нәтижесінде заманауи техникаларға ие болып, мал санын арттыруда. Әкесінің жолын қуғысы келетін білімді ұрпақ та өсіп келеді. Озық технология жер жырту, егін егу жұмыстарын да жеңілдетіп отырғаны рас. Енді міне, осы еңбекті атқарып жүрген қарапайым жұмысшылардың мәртебесі де артатын болады. Мұндай қолдауды сезінген әр маманның жұмысқа деген жауапкершілігі одан әрі артатыны сөзсіз, — дейді Н.Тәубенов.

Тәжірибелі механизатордың әйелі Мейрамгүл балаларға тәлім-тәрбие беріп, ұстаз болып қызмет атқарады. Ұлы мектепте оқиды. Өмірін еңбекке арнаған Нұрлан Қалиханұлын ауылдастары құрмет тұтады. Өйткені білікті маман ауданда ауыл шаруашылығы саласының дамуына көп үлес қосып келеді.

— Ауылда туып, туған жердің дамуы жолында еңбек етуден асқан бақыт жоқ шығар. Ауыл шаруашылығы — өте күрделі сала. Осы жолда еңбек етіп жүрген әр маман табысты маңдай термен тауып жүр. Биыл еңбек адамдарының жұмысын бағалау мақсатында тура бір жылды арнап отырғаны қуантады. Бұл арқылы жастарды ауылға тартып, ауыл шаруашылығы саласына баулитын боламыз деп ойлаймын, — дейді механизатор.

А.АСҚАРҚЫЗЫ.