Маңызды мамандық иесі

Қыр 25, 2025

Жыл сайын қыркүйек айының соңғы жексенбісінде елімізде «Еңбек күні» аталып өтеді. Айтулы мереке қарсаңында нағыз еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, солар жайлы айтылады, жазылады. Біз де газетіміздің бүгінгі нөмірінде ұзақ жылдар бойы өндірісті өңіріміздің дамуына өз үлесін қосып келе жатқан тәжірибелі маман, «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның өндірісті дайындау цехының аға шебері, облыстық «Еңбек жолы» байқауының «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымының жеңімпазы Ажманов Жексен Қайыргелдіұлы жайлы сөз еткенді жөн көрдік.

Бүгінде алпыстың асқарына шықса да еңбекқорлығымен жастарға үлгі-өнеге болып жүрген Жексен Қайыргелдіұлының есімі екібастұздықтарға етене таныс. Себебі, ол шахтерлар шаһарында жұмысшы маман ретінде
45 жыл бойы үздіксіз қызмет істеп келеді. Соның ішінде энергетика саласында 32 жыл еңбек етіп, осы уақыт аралығында көп шәкірт тәрбиелеп шығарған екен.

Сонымен, әңгімені әріден бастар болсақ, біз сөз етіп отырған кейіпкер 1965 жылы 4 сәуірде Ақтоғай ауданына қарасты Қожамжар ауылында дүниеге келген. Осындағы орта мектепте 8-сыныпқа дейін оқып, ары қарай арнайы кәсіптік училищеде білімін жалғастырып, жүргізуші куәлігін алып шығады. Бұдан соң Петропавл индустриалдық-педагогикалық техникумына оқуға түсіп, сол жақтан әскер қатарына шақырылады. Сөйтіп, Отан алдындағы парызын абыроймен атқарып келген ол қайтадан оқуын жалғастырып, ойдағыдай аяқтайды. Жас маман бірден еңбекке араласып, 1987 жылы отбасын құрады. Үш ұл, бір қыздың әкесі атанады.

Жұмысшы мамандық иесі кейін, яғни 1993 жылы энергетика саласына ауысады. Сол уақыттан бері осы жолда үздіксіз еңбек етіп келе жатқан ол:

— Алдымен кәсіпорынның токарь цехына жұмысқа орналастым. Сөйтіп, бастапқыда қатардағы токарь, одан кейін шебер, ал қазір аға шебер болып жұмыс істеп жатырмын. Осы уақыт аралығында біраз шәкірт тәрбиеледім. Әсіресе, жастарға бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп, білгенімді үйретуден аянбадым. Кейбір шәкірттерім тәжірибе жинап, басқа жаққа ауысып кетті. Көшіп кеткендері де бар. Осындай жастарға бір көмегім тигеніне қуаныштымын. Десе де, бір байқағаным, бүгінгінің кейбір жастары жұмыстың ыңғайын білмейді, икемі жоқ. Токарь болудың да өз қиындықтары, ерекшеліктері бар. Бұл – жай ғана техникалық мамандық емес, нағыз шеберлікті, дәлдікті, жауапкершілікті, ұқыптылықты, еңбекқорлықты қажет ететін маңызды жұмыс. Өндіріс орнында әр детальдың дәлдігі сол өнімнің сапасын айқындайды. Сондықтан мұқият болу қажет. Негізі, мен бала кезімде токарь істейтін жұмыстарға қызығып, кез келген заттан неше түрлі нәрселер жасағанды, темір-терсекпен алысқанды ұнататынмын. Сол балалық шақтағы сүйікті ісім осы саланы таңдауыма түрткі болды деп ойлаймын. Өзіме бұл жұмысым ұнайды, — дейді.

Көпті көрген тәжірибелі азаматты «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның қызмет-керлері де сыйлайды. Ол жайлы жағымды пікірлерін де білдіруде.

– Жексен Қайыргелдіұлы өте жауапты, өз ісін жақсы білетін нағыз шебер әрі кәсіби маман екенін көрсетті. Әрдайым сауатты және өзіне жүктелген барлық жұмысты уақытында бұлжытпай орындайды. Оның ұзақ жылғы жемісті еңбегі, өндіріс цехын дамытуға қосқан елеулі үлесі үлкен құрметке лайық, — дейді «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-ның кадр бөлімінің мамандары. Олардың айтуынша, отыз жылдан астам уақытын осы салаға арнаған Жексен Қайыргелдіұлы лифтілер, дәнекерлеу желілерін монтаждау және екінің бірінің қолынан келе бермейтін басқа да күрделі әрі жауапты жұмыстарды мінсіз атқаруда. Ол сондай-ақ, жүк көтергіш механизмдердің үздіксіз, яғни тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ете отырып, станцияның электр сүзгілерін қайта құру ісіне де зор үлес қосты, дейді әріптестері.

Мол тәжірибесі бола тұра үнемі ізденіп, өзінің кәсіби әрі техникалық білімін арттырып отыратын ол осынау еңбегі үшін «Интер РАО БЭЖ» ААҚ-ның Құрмет грамотасымен, «Самұрық Энерго» АҚ-ның медальдарымен, «СЭГРЭС-2» АҚ-ның награда-ларымен марапатталып, басқа да жетістіктерге қол жеткізген. Ал ағымдағы жылы облыстық «Еңбек жолы» байқауының
«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымына ие
болды.

Екібастұздың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген Жексен аға білікті маман ғана емес, отбасында ұл-қызына үлгі болып отырған асқар тау әке, немерелеріне ардақты ата атанған бақытты жан.

— Бар байлығым – отбасым, балаларым. Бүгінде үш ұлым да еліне қызмет етуде. Үлкен ұлым бұрын менің жанымда еңбек еткен еді, кейін Астанаға көшіп кетті. Негізі, балаларым жұмысшы мамандықтарды меңгерген. Монтаждаушы, машинист, дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Ал қызым мектепте оқиды. Сондай-ақ, алты немерем бар, —
дейді ол.

Жарты ғасырға жуық уақыт бойы тынымсыз еңбектеніп келе жатқан Жексен Қайыргелдіұлына ел үшін атқарған еңбегіңіз бен энергетика саласына қосқан үлесіңіз еленіп, ізіңізді басар шәкірттеріңіз көп болсын дейміз.

Нұржайна ШОДЫР.