Тарихпен тілдесу қашанда қызықты. Әсіресе, көне тарихтың куәсі болған құнды жәдігерлер кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Мысалы, қазақ жеріндегі алғашқы ультрадыбыстық зерттеу аппаратының қандай болғанын білесіз бе? Ал Павлодар қаласындағы ең алғашқы емхана 1905 жылы ашылғанынан хабарыңыз бар ма? Ертіс-Баян өңірінен шыққан ең алғашқы қазақ фельдшері Арын Сүлейменов жайында не білесіз? Осы және медицина саласына қатысты өзге де деректер аймағымыздағы алғашқы әрі жалғыз денсаулық сақтау музейінде жиналған.

Бірегей музейдің жұмысы осыдан он жыл бұрын басталған екен. Медицина саласы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Тентекпаев бас болып, архив қызметкерлері мен облыстың медицина саласының өкілдері қостап, заттай және құжат күйінде біршама жәдігердің басын қосыпты. Музей бүгінде Павлодар облысының кардиологиялық орталығында орналасқан.

Жәдігерлер соншалықты көп болмаса да, аса құнды. Оларға қарап, Павлодар облысы медицина саласының тарихын зерделеуге болады. Атап айтсақ, музей сөресінен 1961 жылы шыққан тіс бұрғылау құрылғысын, 1968  жылғы химиялық лабораторияны, 1987 жылғы электрокардиограф, алғашқы ультрадыбыстық зерттеу аппаратын көруге болады.

XIX ғасырдың соңынан бастау алатын мұрағат құжаттарынан облысымыздағы медицина сала-сының даму сатыларын айқын байқауға болады. Ол кезде ең білікті деген дәрігерлер әскери емшілер еді.

Қазір облысымызда медицина саласында соңғы үлгідегі заманауи технологиялар пайдаланылуда. Ал осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын дәрігердің қолындағы бар құрал микроскоп қана еді. Айтпақшы, сол кезеңдегі микроскоптардың бірі аталған музейде сақтаулы тұр.

Денсаулық сақтау музейіне жетекшілік етіп отырған «Саламатты Павлодар» медициналық қауымдастығының төрайымы Гүлнар Ситқазинованың айтуынша,  Павлодар облысындағы алғашқы емхана  1905 жылы ашылған.

— Онда 20 науқасқа арналған жатын орын болды. Емхана қазіргі Абай көшесі, 115 мекенжайында салынған. Екі дәрігер жұмыс істеді. Олардың бірі — Ертіс-Баян өңірінен шыққан алғашқы қазақ фельдшері Арын Сүлейменов. Бұдан кейін, 1907 жылы Песчаный ауылында, 1912 жылы Ертісте емхана бой көтерді, — дейді Г.Ситқазинова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми құрылым ретіндегі тарихы 1920 жылдан бастау алады. Сол жылы Павлодарда денсаулық сақтау бөлімі құрылған. Оған қарасты екі амбулатория, бір емхана жұмыс істеп тұрды. Әрине, ол уақытта ешқандай диагностикалық, зертханалық құрылғы болған жоқ. Санаулы дәрігер жұртшылыққа барлық бағытта медициналық көмек көрсетуге тырысты.

Міне, өңір медицинасының алғашқы даму сатысы мен қалыптасу кезеңін және бүгінгі даму жолын паш етуге арналған музейде осы тектес көптеген құнды тарих парақтары сақталған. Мұндағы мұрағаттар мен жәдігерлер денсаулық сақтау ісінің кешегісі мен бүгінгісі жөнінде сан алуан сырды аңғарта алады. Оның бастауы тым тереңде екендігі жоғарыда аталған деректерден айқын көрінеді.

– Өңір медицинасының қаз басып, қалыптасуына арналған музей жұмысының медициналық оқу орындарының студенттеріне тәрбиелік және тәлімдік тұрғыда маңызы зор деп есептеймін. Бұл жерге келген әрбір зерделі жас пен студент өмір мен өлім арпалысқан сыни сәтте дертке араша түсуге ұмтылған дәрігерлердің жанкешті еңбектерін түсіне алады. Музей
есігі әрдайым ашық екенін айтқым келеді. Келем деушілерді қуана қарсы аламыз, – дейді
Г.Ситқазинова.

 

Айдана ҚУАНЫШЕВА.