Діни білім алуға әлі күнге үрке қарайтындар арамызда жоқ емес. Бұған бір жағынан, дүниежүзіндегі діни алауыздықтар немесе теріс ағымдағылардың бұрмалауы әсер етсе керек. Сөйте тұра, Әбу Насыр әл-Фараби, Абай бастаған талай ағартушылардың медреседе білім алғанын ешкім жоққа шығара алмайды. «Асылды тот баспайды» демекші, дәстүрлі дініміз бен ділімізге сай, шариғат талаптарымен қызмет ететін сол арнаулы оқу орындардың сабақтастық жібі бүгінге дейін үзілген жоқ. Еліміздегі санаулы медресенің бірінің Павлодарда болуы — сөзімізге дәлел.
Бұрынғы уақытта ел ішіндегі білімді рухани тұлғалар қазақ балаларының хат танып, сауат ашуына оң ықпалын тигізіп отырған. Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ жерінде білім беру жүйесінің мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар. Медреселер — мұның айқын айғағы. Халықтың ұлттық құндылықтары мен салт-санасының, жалпы мәдениетінің қалыптасуында медреселердің алатын орны ерекше.
Қазіргі уақытта елімізде арнайы орта діни білім беретін 9 медресе жұмыс істейді. Солардың бірі – облыстағы осы бағытқа арналған жалғыз оқу орны Әбу Бәкір Сыддық колледж-медресесі.
Павлодар ауданы Павлодар ауылындағы Әбу Бәкір Сыддық медресесі 2008 жылдан бері білімімен де, біліктілігімен де танылған жас исламтанушы, имам хатиб мамандарын даярлайды. Орталықтың жабдықталуы барлық талапқа сай. Жатақханасында оқу корпусы, спортзал, кітапхана, лекциялық аудиториялар, интернет желісіне қосылған компьютер залы, асхана, жылы маусымға арналған футбол және спорт ойындары алаңымен толық жабдықталған. Сонымен қатар, бұл колледж-медресенің ауласында күнделікті іс-қызметке дағдыланатын (азан шақыру, намаз оқу, уағыз айту, Құран оқып беру т.с.с.) «Қасым қажы» атындағы зәулім мешіт бірге орналасқан.
Мекемеде жоғары білімді исламтанушы, дінтанушы мамандар дәріс береді. Олардың ішінде араб елінен шақырылған арнайы ұcтаз да бар. Яғни, студенттің білімді де білікті және салауатты маман болып қалыптасуына барлық жағдай жасалған.
Медресе-колледждің директоры Арман Қайыргелдінің айтуынша, бүгінде діни бағытта білім беретін орталықта 18 жастан 25 жасқа дейінгі 63 студент білім алады. Оқуға бастапқы діни білімі жоқ шәкірттер қабылданбайды. Алдымен олардан арнайы емтихан қабылданады. Кейін оқу бітірген шәкірттердің 70-80 пайызы мешіт, медреселерде жұмыс істейді, ал бірқатары шетелдерде білімдерін жетілдіріп жүр.
— Аталмыш колледж-медресеге жалпы орта білімі бар ер балалар қабылданады. Оқу мерзімі – 3 жыл 10 ай. Тек Құранды оқытумен шектелмейміз. Біз шәкірттерге жан-жақты білім береміз. Мысалы, мамандық бойынша, Құран, Ислам құқығы, Ислам сенім негіздері, араб тілі, діндер тарихы, Исламдағы мазһабтар сынды пәндер оқытылады. Сонымен қатар, Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, шешендік өнер, философия, психология секілді қоғамдық пәндер де бар. Себебі, біз зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқандықтан діни біліммен тоқталмаймыз. Ең негізгі атап өткім келетіні, бізде білім алу тегін. Сол секілді жатақханаға да ақы төлемейді. Студенттер тамақ және жатақханамен толық қамтамасыз етілген. Олар оқуларын аяқтаған соң Алматы қаласындағы Нұр-Мүбәрак Египет Ислам университетіне немесе исламтану бағытында білім беретін кез келген жоғары оқу орнына түсе алады. Бүгінде колледжіміз шағын болса да, болашақта мемлекет тарапынан грант алып, студенттер санын арттырып, елімізге тек дін саласында емес, сондай-ақ әр салада қызмет ететін кадрларды дайындау жоспарымызда бар. Аталмыш медреседе білім алған жастар еліміздің түкпір-түкпірінде халқына жан аямай қызмет етіп, асыл дініміз — Исламның құндылықтарын насихаттауда. Сондықтан түлектерді біздің оқу орнына түсіп, барлық мүмкіндікті пайдаланып, сапалы білім алуға шақырамын, — дейді А.Қайыргелді.
Шынымен, колледж түлектері бүгінде Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасына қарасты мешіттерде имам, ұстаз, азаншы, медреселерде ұстаз қызметін атқаруда. Сонымен қатар, әртүрлі діни және оңалту орталықтарында дінтанушы, теолог қызметін істеуге болады.
— Діни білім алуға деген қызығушылығым мектеп қабырғасында жүрген кезімде туындады. Сол кезде имамдардан білім ала бастадым. Кейін осы дін мәселесіне байланысты түсінбейтін бірнеше сауал туындады. Осы сұрақтардың жауабын білуге, білімімді тереңдетуге осы аталған медресеге өткен жылы түстім. Ата-анам еш қарсылық білдірген жоқ. Керісінше қуанды, себебі дін жолында жүретін адам түзу жолмен жүретіні анық, — дейді білім алушылардың бірі Абзал Бекмаханбет.
Әбу Бәкір Сыддық оқу ордасы 2020-2021 оқу жылынан бастап Қарағанды, Семей, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан таңдаулы деген 18 талапкерді қабылдап, оқу үдерісін табысты жалғастыруда. 2020 жылы колледж-медресе деген арнаулы лицензияға қол жеткізген аталмыш білім ордасы алдағы уақытта колледж студенттеріне шәкіртақы тағайындау жолдарын да қарастыруда.