Облыс орталығындағы Усолка шағын ауданында оқушыларға арналған орын тапшы. Соның салдарынан шағын ауданның балалары үш ауысымда оқуға мәжбүр. Аталмыш түйткілді тарқату үшін келесі жылы «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында жаңа білім ордасы салынбақ. Алайда құрылыс алаңына айналдырар бос аумақ жоқ. Мектептің орнына жеке сектордағы үйлер, Зағиптар қоғамының тігін цехы немесе кеме жөндеу зауыты өз орнын босатуы тиіс. Бірақ олардың ешқайсысы баспанасы мен кәсіпорнын беруге бейілді емес. Сонда оқу орны қайда салынады? Таңдау қай учаскеге түседі?
Бірегей кәсіпорындардан айырыламыз ба?
Жалпы, Павлодар қаласында шәкірттерді мектептегі орынмен қамту мәселесі өзекті болып отыр. Кейбір мектептердегі оқушылардың саны жобалық қуаттылықтан айтарлықтай асып түседі. Сол себепті кей балаларға үшінші ауысымда оқудан, ал енді біріне басқа шағын аудандағы білім мекемесіне күн сайын барып-келуден басқа амал қалмай отыр. Аталмыш мәселені шешу үшін биыл Шапық Шөкин атындағы лицей жанынан биыл жемқорлар қайтарған қаржыға қосымша ғимарат салынды. Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп пен №34 білім беру мекемесінде орын тапшылығы мәселесі де осындай ғимараттардың құрылысы арқылы шешілмек. Сонымен қатар, №4 мектептің жанынан 600 орындық оқу орны, Достық шағын ауданында 1200 балаға арналған білім ордасының құрылысы қолға алынып жатыр. Ал Усолка шағын ауданындағы орын тапшылығына қатысты түйткілді тарқату оңайға соқпайтын сыңайлы. Себебі өзен жағалауында бой көтерген шағын ауданға мектеп салуға лайық бос орын жоқ. Сондықтан жергілікті билік екі гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарудың амалына кіріскен сияқты. Осыдан бірер апта бұрын елімізде кеме жөндейтін бірегей кәсіпорын басшылығына жерді қайтарып алуға қатысты ескерту хат жіберіпті. Павлодар қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Г.Рахимов қол қойған хатта Павел Васильев көшесі, 2/5 мекенжайындағы жалпы аумағы 2,0946 гектар жер учаскесін мәжбүрлеп алуға қатысты рәсім басталғаны хабарланған. Бірақ бұл кәсіпорын жұмысын тоқтатса, еліміздегі су көліктерін жөндейтін жалғыз зауыттан айырыламыз. Сондықтан кәсіпорын басшылығы бір ғасырдан астам уақыт бұрын салынған мекемені бергісі жоқ.
— Мұндай хат төбемізден жай түсіргендей болды. Қаланың бас жоспарында рекреациялық аймақ ретінде белгіленген учаскенің қалай мәжбүрлеп қайтарылатын жердің тізіміне қосылғанын да түсінбей дал боп қалдық. Жерді алатын болса, бұл зауыттың жабылуына әкеп соғары анық. Сонда бүкіл елден, көршілес Ресейден келетін кемелер қайда жөнделмек? Кәсіпорындағы қызметкерлер қайда барып, қайдан нәпақасын табады? – деп ашынады «Эллинг» ЖШС атқарушы директоры Николай Цепелев. Күз – кеме жөндеу зауытында жұмыстың нағыз қызатын уақыты. Навигациялық кезең аяқталған соң мұнда еліміздің әр өңірінен, көршілес Омбы облысынан жаз бойы суда жүрген көліктер жөндеуге жеткізіледі. Бұл – ауыр кемелерді көтере алатын жалғыз отандық кәсіпорын. Мұндағы рельс арқылы салмағы бір мың тоннаға дейінгі техникаларды судан көтеріп, қайта түсіруге мүмкіндік бар. Зауыт заманауи құралдармен жабдықталған. Жылына мұнда 30-дан астам су көлігі жөнделеді. Бұл бағытта 30-ға жуық қызметкер еңбек етеді. Енді олардың барлығы кәсіпорын жабылып, жұмыссыз қаламыз ба деп қауіптеніп отыр. Сонымен қатар, мектеп құрылысы үшін «Қазақ зағиптар қоғамы» оқу-өндірістік комбинатының орны да қарастырылып жатыр. Мұнда еңбек ететін мүмкіндігі шектеулі жандар зауытқа керек сүзгілерден бастап күнделікті өмірде қолданылатын киім-кешек, төсек-орынға дейін тігеді. Егер бұл комбинаттың да аумағы мемлекетке қайтарылар болса, көру қабілеті нашар азаматтар табысынан айырылады. Мүгедектігі бар тұрғындардың басқа мекемелерге қызметке тұруы қиын екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан аталмыш кәсіпорынның ұжымы да жанын шүберекке түйіп отыр. Келесі жылы салынуы тиіс білім ордасы үшін қарастырылып жатқан тағы бір аймақ – жеке үйлердің секторы. Бірақ жылдар бойы тірнектеп ақша жинап, өз үйіне қол жеткізген мұндағы тұрғындар да баспаналарының сүрілгенін қаламайды.
Мектеп қайда салынады?
Павлодар қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралиннің айтуынша, аталмыш мекеме мектеп салар жерді таңдамайды. Олар үшін бастысы – орын тапшылығы мәселесін шешу.
— Усолка шағын ауданында бала саны көп, ал олардың білім алуына арналған орын аз. Сондықтан келесі жылы демеушілердің есебінен «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 1200 орындық мектеп салу жоспарда бар. Бірақ оның орналасатын жерін біз белгілемейміз. Ол – басқа мекемелердің құзы-ретіндегі іс, — дейді қаланың бас ұстазы. Ал Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның сөзінше, құрылыс алаңына қатысты нақты шешім әзірге жоқ. Мамандар оқу орнына лайық болар жерді қарастырып жатыр.
— Қазіргі уақытта сәулетшілер мен инвесторлар үш учаскені зерттеп, жан-жақты саралауда. Бұл ретте нақты қандай да бір нысанның аумағы, оның ішінде су кемелерін жөндеу зауытының учаскесі мектеп құрылысы үшін беріледі деп нақты кесіп айтуға әлі ерте. Бір анығы, сол үш мекеменің бірінің орны мектепке айналады, — деді С.Гладышева. Мұндай жағдайда әкімдік мемлекет қажеттігі үшін қайтарып алған жер учаскесіне тең келер басқа аумақ пен ғимаратты ұсынуы тиіс. Бұл ұсыныстың қай кәсіпорынға жасалары бірнеше апта дересінде анықталуы керек. Бұған қатысты көпшіліктің пікірі екіге жарылып отыр. Айталық, қаланың жаңа бас жоспарының жобасын әзірлеген «ГеоДата Плюс» ЖШС басшысы Людмила Кузнецова аталмыш жобада су кемелерін жөндеу кәсіпорнының аумағы рекреациялық аймақ деп көрсетілгенін алға тартты. Заңға сәйкес, мұндай учаскеде күрделі құрылыс жүргізуге болмайды. Ал мектеп күрделі құрылысқа жатады. Сонымен қатар, экологтар мектепке айналуы мүмкін зауыттың маңы өзенге жақын орналасқаны қауіпті болуы мүмкін деген дабыл қағып отыр. Кей тұрғындар болса, көпқабатты баспаналардың алыстау орналасқаны ертеңгі күні білім мекемесіне жетуде қиындық тудыруы ықтимал деген пікірін білдірді. Енді бұған қатысты маман-дардың ұсынысын біліп, жергілікті биліктің шешімін күту қалды. Жаңа мектептің бой көтеруі жақсы-ақ. Бірақ ол басқа меке-мелердің жұмысына кедергі келтірмесе болғаны.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.