Биыл облысымызда халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік іс-шараларды жүзеге асыруға 8,3 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Әлеуметтік қорғау саласындағы осы және өзге де өзгерістер Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар-ламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпованың айтуынша, ағымдағы жылы аймақ бойынша 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Оның 19 мыңы тұрақты жұмыс орны ретінде құрылмақ. Сондай-ақ, бюджет қаражаты есебінен субсидияланатын жұмыс орындарымен 5,5 мыңнан астам азамат қамтылады деп күтілуде. Алайда осы жылдан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі субсидияланатын жұмыс орындарының тиімділігін арттыру мақсатында «Бірінші жұмыс орны», «Ұрпақ келісімшарты» және «Жастар тәжірибесі» жобаларын біріктірмек. Бұл жөнінде алдағы уақытта толығырақ түсіндіретін боламыз, деп атап өтті басқарма басшысы. Оның сөзіне қарағанда, биыл мүгедектігі бар жандарға да барынша жағдай жасалмақ.

— Бүгінгі таңда облысымызда 29 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Өткен жылдың 31 желтоқсандағы жағдай бойынша мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге берілген 22 229 өтініштің 21 616-ы, яғни  97,3 пайызы орындалды. Сонымен қатар, 25 адам заманауи технология бойынша әзірленген аяқ протездерін алды. Ағымдағы жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар адамдарды оңалту сапасын жақсарту үшін жаңа бастамалар енгізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, катетермен қамтамасыз ету нормасын 12-ден 48 данаға дейін ұлғайту, ересектерге арналған жабық кресло арбаларды 7 жастан 6 жасқа дейін төмендету және балалар арбаларын ауыстыру мерзімдерін қысқарту, 2 және 3 топтағы мүгедектігі бар адамдарды ортопедиялық және аппараттарға арналған аяқ киіммен, сондай-ақ, мемлекеттік бюджет есебінен емдік-профилактикалық құралдармен қамтамасыз ету, зейнеткерлік жастағы мүгедектігі бар жандарды сурдо және тифло ноутбуктерімен қамту, басқа да қолдау түрлері қолға алынады, — деді Альмира Дисюпова.

Баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедова да сөз алып, биылдан бастап аталмыш құзырлы мекеменің атауы мен міндеттері өзгергенін жеткізді. Сонымен, департамент әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты, азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыру бағытында жұмыс істейді. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл мекеме зейнетақы және әлеуметтік төлемдерді тағайындау мәселелері бойынша облыс тұрғындарына 17 түрлі мемлекеттік қызмет түрін көрсетуде екен.

Жиында сондай-ақ, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ-ның Павлодар облысы бойынша филиалының басшысы Айгүл Қапенова әлеуметтік сақтандыру саласындағы өзгерістер мен жаңашылдықтар жөнінде баяндап берді.

Нұржайна ШОДЫР.