«Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету — өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады.

Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс»

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп,

экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауынан.

Халықтың әл-ауқатын арттыру — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта елімізде тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға арналған жаңа реформалар жүзеге асып, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ең бастысы, жыл сайын әлеуметтік қолдау шаралары күшейтілуде.

Сонымен, биыл бұл салада қандай өзгерістер бар? Мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдаулар кімдерге тиесілі? Осы және өзге де сұрақтарға «Saryarqa samaly» газетінің «Тікелей желі» шарасы барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Аманқызы Дисюпова жауап берді. Сондай-ақ, басылымның оқырмандары да өздерін толғандырған сауалдарын тікелей қоюға мүмкіндік алды.

Тілші сауалы:

— Елімізде әлеуметтік кодекстің күшіне енгеніне біраз уақыт болды. Бүгінде бұл реформа халыққа не берді?

— Иә, әлеуметтік кодекстің қолданысқа енгізілгеніне бір жарым жылдан астам уақыт өтті. Осы мерзім ішінде аталған құжат өз тиімділігін көрсетті деп айтуға болады. Біріншіден, кодекстің арқасында отбасылар мен азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін бағалауға мүмкіндік беретін отбасының цифрлық картасы енгізілді. Бұл ақпараттық жүйе мемлекеттің әлеуметтік саясатының бағыт-бағдарын айқындау құралы болып табылады. Яғни, мемлекет кімдерге қолдау көрсететінін және қашан, қандай көмек керектігін нақты анықтап қана қоймай, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу шараларын да қарастыра алады. Екіншіден, осы карта отбасыларына ақпарат беретін электронды хабарламаның бір түрі ретінде қызмет етеді. Сол арқылы отбасы мүшелері әлеуметтік мәртебесін біліп, мемлекеттік қолдаудың қандай түрін алуға құқылы екендігінен хабардар болады. Үшіншіден, мемлекеттік қолдау проактивті форматта көрсетіледі. Яғни, әлеуметтік төлемдермен өзге де тиісті көмек түрлері ақпараттық жүйелердегі мәліметтер негізінде тағайындалады. Сөйтіп, қағаз құжаттар біртіндеп жүйеден шығарылады.

Айта кетерлігі, әлеуметтік кодекс енгізілгеннен бері арнайы қызметтердің ауқымы да кеңейді. Мәселен, ақыл-ой кемістігі бар мүмкіндігі шектеулі балалардың шипажайларда ем алуы үшін заңды өкілінің біріне 70 пайыз жеңілдікпен жолдама беріледі. Сондай-ақ, жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл бағыттағы қолдау шаралары биыл да жалғасын табады. Айталық, мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арналған кресло-арбаларды ауыс-тыру мерзімдерін қысқарту, тамырға дәрі енгізу құралы — катетермен қамтамасыз ету нормасын 12-ден 48 данаға дейін арттыру, зейнеткерлік жасқа толған жарымжан жандарды арнайы бағдарламалар орнатылған ноутбукпен, тифлокомпьютермен және І, ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарды ортопедиялық аяқ киімдермен қамтамасыз ету ісі қолға алынады. Емдеу-сауықтыру құралдары да қазына қаржысы есебінен қарастырылады. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 98,3 млн теңге бөлу жоспарлануда.

Қысқасы, әлеуметтік кодекстің басты мақсаты — қазақстандық отбасыларының жақсы да жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету екенін халық түсінгені жөн.

Тілші сауалы:

— Биыл атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындауға қатысты қандай өзгерістер бар? Тұрғындар нені білуі тиіс?

— Әлеуметтік кодекске сәйкес 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК тағайындау үшін кедейлік шегі халықтың орташа табысына байланысты анықталады. Ал кедейлік шегі орташа табыстың 35 пайызы деңгейінде, бірақ қолданыстағы деңгейден төмен емес, яғни өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы деңгейінде айқындалмақ. Мысалы, бұл көрсеткіш 2025 жылдың 1 тоқсанында 36339 теңгені құрайтын болады.

Биыл енгізілген тағы бір жаңашылдық – АӘК алуға үміткер адамдардың келісімі арқылы шығыстарын есепке алу тетігін сынақтан өткізу. Осы мақсатта пилоттық жоба жүзеге асуда. Яғни, бұған дейін АӘК алуға үміткерлердің отбасына кіретін орташа кіріс көлемі ғана есепке алынса, жаңа жоба бойынша шығыстары да есептеліп, соның нәтижесінде көмек тағайындалады. Ол үшін үміткер жобаға қатысуға өз еркімен өтініш береді. Бұдан кейін өтініш берушінің отбасындағы кәмелет жасына толған барлық адамның ұялы телефондарына 1414 нөмірінен sms хабарлама жіберіледі. Оған бір жұмыс күнінің ішінде жауап беріп, растауы қажет. Сондай-ақ, 2025 жылы учаскелік комиссиялардың жұмысы күшейтіліп, қызметін цифрландыру ісі жүзеге асырылады. Бұрын олар құжатқа қарап тексеретін болса, енді көмекке мұқтаж жандардың үйіне барып, отбасының материалдық жағдайын көзбен көріп, мобильдік қосымша арқылы бірден шешім шығарады. Сол үшін комиссияларға арналған FSM social мобильді қосымшасы жасалды.

Айта кету керек, ақпарат алу өтініш берушінің келісімі бойынша және мемлекеттік органдармен ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы жиынтық түрде жүзеге асырылады.

Әсем:

— Мен бала күтімі бойынша үйде отырған анамын. Жолдасым жұмыс істейді. Жалақысы мардымсыз. Сол себепті АӘК рәсімдеу үшін Мансап орта-лығына барып едім, ондағы мамандар базаны тексеріп, біздің атымызда саяжай және жүк көлігі тіркелгендіктен көмек берілмейтінін айтты. Бірақ, жүк көлігі өте ескі болғандықтан жүрмейді, аулада тоқтап тұр. Саяжайдан да пайда тауып жатқан жоқпыз. Не істеуіміз керек?

— Учаскелік комиссия өтініш берушінің материалдық жағдайын жіті тексеріп, содан кейін ғана шешім шығарады. Алайда атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждықты айқындау өлшемшарттарына сәйкес, үміткердің жекеменшігінде ауылшаруашылық техникасы, автобус, микроавтобус, жүк көлігі болмауы тиіс. Сондықтан жүрмейтін ескі жүк көлігін тіркеуден шығарып, жаңа тоқсанда қайтадан АӘК тағайындауға өтініш беріп көргеніңіз жөн.

Тілші сауалы:

— Ендігі кезекте мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселесіне ойыссақ… Қазіргі таңда мүгедектігі бар адамдарға мемлекет тарапынан қандай әлеуметтік қолдаулар көрсетіледі? Яғни, олар қандай көмек түрлерін алуға құқылы? Шыны керек, бұл туралы біле бермейтін жарымжан жандар да баршылық.

— Әрине, мүгедектігі бар адамдар мемлекет назарынан тыс қалған жоқ. Оларға бюджет қаражаты есебінен жеке абилитация және оңалту бағдарламасы бойынша әлеуметтік қызметтер мен техникалық көмекші құралдар ұсынылады. Шипажайлар, оңалту орталықтары мен стационарлық бөлімшелерде, қажет болған жағдайда үйінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Министрлік бұйрығы бойынша жеке көмекшінің қызметін пайдаланатын І топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ, кресло-арбамен жүретіндер мен ақыл-ой кемістігі бар жандар инватакси тасымалдау қызметіне жүгіне алады. Облыстың қалалары мен аудандарының жергілікті өкілетті органдарының шешімі бойынша мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды тоқсан сайын 8 АЕК көлемінде өтеу көзделген. Қала және аудандық мәслихаттардың шешімі бойынша мереке күндері мүгедектігі бар адамдарға бірреттік әлеуметтік көмек көрсетіледі. Мысалы, Конституция күні қарсаңында мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 3566 отбасына жалпы сомасы 263,3 млн теңгенің әлеуметтік көмегі берілді. Республика күніне орай 5 АЕК (18460 теңге) мөлшерінде тағы да бірреттік қаржылай қолдау көрсетілді.Сонымен қатар, қыркүйек-қазан айлары аралығында аймағымызда «Қамқорлық» қайырымдылық айлығы өткізіледі. Соның аясында да демеушілік көмектер үлестіріледі.

Жалпы, жарымжан жандар өздеріне қажетті оңалту шаралары, әлеуметтік көмек құралдары мен қызметтері жайлы ақпарат алу үшін тұрғылықты жері бойынша орналасқан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне барғаны жөн.

Мәди:

— Менің ағамның мүгедек баласы бар. Ол ауылда тұрады. Тірек-қимыл қозғалысы бұзылған, яғни өздігінен жүріп-тұра алмайды. Мұндай баланы қалаға әкеліп емдету ата-ана үшін өте қиынға соғатыны белгілі. Ауылдағы осы сияқты жеткіншектерді оңалту мәселесіне неге назар аударылмайды?

— Облыс орталығында тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін арнайы орталық жұмыс істейді. Оның жанында қаладан тыс жерде тұратын адамдар түнейтін бөлімше бар. Ауылдардағы жарымжан балалар осы мекеменің қызметін ала алады.

Жалпы, елді мекендерде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету үшін лицензия алып, үкіметтік емес ұйымдардың күшімен оңалту орталығын құруға болады. Ал мемлекеттік орталық ашудың өз талабы бар. Ол үшін ауылда мүгедектігі бар және арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ бала саны 20-дан асуы тиіс.

Тілші сауалы:

— Өкінішке қарай, мүгедектігі бар бала саны артуда. Әсіресе, психоневрологиялық ауытқулары бар балғындар көбеюде. Облысымызда осындай бүлдіршіндерге арналған оңалту орталықтары ашылып жатқанымен, орын тапшылығы байқалады. Осы бағытта қандай жұмыстар жоспарлануда?

— Өңірімізде мүгедектігі бар балалар үшін 3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Өкініштісі, жыл сайын психоневрологиялық ауытқулары бар балалар қатары көбейіп барады. Осындай жеткіншектердің мәселесі де мемлекет назарында. Биыл 1 қаңтардан бастап елімізде әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау шеңберінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді лицензиялау, жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшу сияқты елеулі өзгерістер енгізілді. Меншік нысанына қарамастан мемлекеттік және жеке орталықтар лицензиялауға жататын болады. Қазіргі уақытта арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субъектілерді кеңейту мақсатында бизнес-құрылымдарды тартуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Жалпы, бүгінде аймағымызда «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетудің облыстық балалар психоневрологиялық орталығы» КММ жұмыс істейді. Онда 3-18 жас аралығындағы психоневрологиялық патологиясы бар балаларға қызмет ұсынылады. «Тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалтуға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ жүріп-тұруы қиын жеткіншектерге қызмет көрсетеді. Ал 2023 жылы аутизм спектрі бұзылған (АСД) балаларға арналған «Облыстық балаларды оңалту орталығы» ашылды. Бұл мекеме күніне 2 ауысыммен 120 баланы қабылдайды. Сондай-ақ, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде облыстың үш қаласында үкіметтік емес ұйымдар мүгедектігі бар балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуде.

Тілші сауалы:

— Жасыратыны жоқ, оңалту орталықтарында білікті мамандар жетіспейді. Бұл мәселе қалай шешілуде?

— Шынымен де, кадр тапшылығы мәселесі бар. Біз жоғары және арнайы білім беретін оқу орындарымен тікелей жұмыс істеп, осы мәселелерді шешу жолдарын қарастырудамыз. Сонымен қатар, кейбір мамандарды қайта даярлау курстарына жіберіп, сертификаттаудан өтуіне мүмкіндік жасайтын боламыз.

Асхат:

— Ауылдық жерде тұратын мүгедектігі бар адамдардың аудан, қала орталықтарындағы емдеу мекемелеріне келіп-кетуі қиын. Сондықтан осындай жандар үшін де инватакси қызметін ұйымдастыруға мүмкіндік бола ма? Яғни, әр ауданда ауылдардағы өздігінен жүре алмайтын адамдарды тиісті ауруханаға жеткізіп тұратын бір арнайы көлік болса деген тілегім бар…

— Инватакси қызметі жергілікті атқарушы органдардың бюжетінен қарастырылады. Бүгінгі күні облысымыздың үш қаласында ғана осындай қызмет түрі бар. Себебі, мүгедектігі бар адамдардың басым бөлігі осы үш шаһарда тұрады. Бірақ соңғы кезде ауылдық жерде тұратын жарымжан жандар тарапынан инватакси қызметіне қатысты арыздар жиі түсуде. Сондықтан біз бұл мәселені қала мен аудан әкімдіктеріне ұсыныс ретінде енгізген болатынбыз. Өкінішке қарай, қолдау тапқан жоқ. Енді осы ұсынысты қайтадан қолға алып көрейік дегім келеді.

Ирина:

— Мүгедектігі бар балалардың аналарын зейнетке ерте шығару туралы мәселені көптен бері көтеріп келеміз. Жоғары жақтан келген депутаттар да, басшылар да талап-тілегімізді тыңдап, назарға алатынын айтып кетеді. Бірақ әзірге нақты нәтиже жоқ. Бұл шешілетін мәселе ме?

— Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар тарапынан осы мәселені үнемі естіп жүрміз. Бұл жөнінде тиісті мекемелерге ұсыныстар да жасалған болатын. Осы ретте, аналарға аталған мәселені шешу біздің құзырымызда емес екенін айтқым келеді. Олардың зейнетке шығу жасын өзгерту туралы талабы Үкімет, министрлік деңгейінде қаралып, содан кейін ғана шешім шығарылады.

Дина:

— Мен ай сайын 4 банкке 300 мыңға жуық несие төлеймін. Оның ішінде ипотекам да бар. Ал отбасына кіретін айлық табыс көлемі – 350 мың теңге шамасында ғана. Үш баламыз бар. Осы жылы атаулы көмек ала аламын ба?

— Сіз алдымен жергілікті мекенжайыңыз бойынша орналасқан Мансап орталығына барып немесе электрондық үкімет порталы арқылы АӘК алуға өтініш беріп көргеніңіз жөн. Бұдан кейін ғана әлеуметтік көмек алуға құқығыңыздың бар-жоғы белгілі болады.

Алуа:

— Декреттік демалыста отырған анамын. Балам 2 жасқа толды. Мемлекеттен берілетін жәрдемақы тоқтап қалды. Жақында «тик-ток» желісінен мен сияқты жәрдемақы алмайтын әйелдер «жұмыссыз» ретінде тіркелсе, мемлекеттен төлемақы тағайындалатынын естідім. Бұл рас па?

— ҚР Әлеуметтік кодексінің 113-бабына сәйкес, Мансап орталықтарында тіркелген жұмыссыздар «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» акционерлік қоғамы арқылы жұмысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алуға құқылы. Алайда әлеуметтік төлем мөлшері әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Яғни, сіз жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейін ресми түрде жұмыс істеп, қорға әлеуметтік аударымдар жасауыңыз қажет. Мұны түсінбей жататындар да баршылық. Себебі, мемлекет мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жиналған қаражатты жұмысынан айырылған жағдайда жәрдемақы ретінде төлеуге пайдаланады. Егер аталған қорға жұмыс берушілер тарапынан ай сайын аударым жасалмаса, азамат жұмыссыз деп танылғанымен жәрдемақы талап ете алмайды. Сондықтан сіздің жағдайыңызда жұмыссыз ретінде жәрдемақы алу мүмкіндігі берілмеуі ықтимал.

Тілші сауалы:

— Өңірімізде халықты жұмыспен қамту шаралары қалай жүзеге асуда? Биыл қанша адам тұрақты жұмыс орындарымен қамтылады деп жоспарлануда?

— Биыл облыс бойынша 27 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Оның ішінде тұрақты сипаттағы 19 мың жұмыс орны ашылады. Бюджет қаражаты есебінен субсидияланатын жұмыс орындарымен 5,5 мыңнан астам адам қамтылады деп күтілуде.

Жалпы, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыруға ағымдағы жылы 8,3 млрд теңгеден астам қаражат бағытталмақ. Осы жылы да «Әлеуметтік жұмыс орны», «Жастар тәжірибесі», «Күміс жас» сынды жобалар мен қоғамдық жұмыстарға тарту шаралары жүзеге асатын болады.

Ағымдағы жылдан бастап ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Жастар тәжірибесі» жобаларын біріктірді. Бұдан басқа, жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін халықтың әлеуметтік осал санаттарындағы адамдарға 400 АЕК мөлшерінде өтеусіз гранттар беру көзделген.

Тілші сауалы:

— Облысымызда қандай жұмыс орындарына сұраныс жоғары және оның орнын толтыру мәселесі қалай шешіледі?

— Біз жыл сайын еңбек нарығының қажеттіліктеріне талдау жүргіземіз.Соның нәтижесі бойынша сұранысқа ие мамандықтар қатарында жұмысшы кәсіптері көш бастап тұр. Болашақта да бұл салаға деген қажеттілік арта түспек. Мәселен, алдымыздағы 6 жылда Павлодар облысы бойынша кадрларға жиынтық сұраныс 74 мың адамды құрайды деп болжануда. Оның жартысынан астамы, яғни 56 мыңға жуығы кәсіптік – техникалық білімі бар жұмысшы мамандықтарға тиесілі болмақ. Олардың қата-рында арнайы техникалардың жүргізушілері, сантехниктер, дәнекерлеушілер және құрылыс, ауыл шаруашылығы, техникалық бағытты меңгерген мамандар бар екенін атап өткен жөн.

Әсет:

— Соңғы уақытта бой көтеріп жатқан көпқабатты үйлердің барлығында пандустар салынған. Алайда 1990 жылдары қабырғасы қаланған көпқабатты үйлердің көбінде мұндай мүмкіндік жоқ. Арбаға таңылған адам үшін сатыдан түсіп-шығу өте қиын. Осы мәселені қалай шешуге болады?

— Иә, кейінгі кезде салынып жатқан көпқабатты үйлерде мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалған. Алайда бұрын бой көтерген көпқабатты үйлердің басым бөлігінде пандустар жоқ және оны мұндай ескі үйлерге орнату үшін мемлекеттен қаржы қарастырылмайды. Сол үшін биік үйлердегі пәтерде тұратын мүгедектігі бар азаматтар тек демеушілердің көмегіне ғана жүгіне алады. Егер әлеуметтік нысандарда пандустар болмаған жағдайда, бұл мәселені шешуге мемлекет тарапынан тиісті қаражат бөлінеді.

Алтын:

— Мен психикасы мен сөйлеу тілі бұзылған (ЗПР) бала тәрбиелеп отырған көпбалалы анамын. Осындай балаларды оңалту орталықтары мүгедектігі бар балғындарға ғана тегін қызмет көрсетеді. Ал дефектолог, логопед, психолог мамандардың сабағына ақылы түрде қатысуға кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Тек 1 сабақтың бағасы 5-6 мың теңге тұрады. Сол үшін көпбалалы немесе жағдайы төмен отбасыларының балаларын оңалтуға мемлекеттен неге қолдау көрсетілмейді?

— Өкінішке қарай, бүгінде психикасы бұзылған, тілі кеш шығатын балалар көбейіп барады. Бірақ қолданыстағы заң бойынша тегін арнаулы әлеуметтік қызметтер тек мүгедектігі бар жеткіншектерге ғана көрсетіледі. Ал мүгедектігі жоқ бүлдіршіндер білім беру саласының құзырына жататын түзету қызметтерін ғана ала алады.

Шолпан:

— Жол апатынан кейін аяғыма ота жасалып, балдаққа сүйеніп қалдым. Енді ІІ топтың мүгедектігі берілмек. Әзірге жұмысқа баруға мүмкіндігім жоқ. Мүгедектік рәсімделгеннен кейін заң бойынша жұмыс беруші тараптан қандайда бір жеңілдіктер бола ма?

— ҚР Еңбек Кодексі бойынша жұмыс беруші тарап мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер жасауы тиіс. Бұл жөнінде толық ақпарат алу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне жүгінуіңіз қажет. Сондай-ақ, Еңбек инспекциясының 61-80-05 (87182) сенім телефонына хабарласып, кеңес алуыңызға да болады.

Данияр:

— Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтыған жұмыс берушіге мемлекет тарапынан қандай жеңілдік қарастырылған?

— Еңбек етуге қабілетті мүгедектігі бар азаматтар да ел қатарлы жұмыс істеуге құқылы. Осындай жарымжан жандардың жағдайына байланысты жұмыс ұсынып, қажетті құрал-жабдықпен қамтып отырған жұмыс берушілерге мемлекеттен арнайы субсидия төленеді.

Мәрия:

— Көрші үйде қарт ана мен орта жастағы ұлы тұрады. Ер азамат төсек тартып жатқандықтан өздігінен дәретханаға бара алмайтын көрінеді. Оны күтіп-бағуға қарияның да шамасы келмейтін сияқты. Олай дейтінім, сол үйден шыққан жағымсыз иіс подъезд ішіне таралып, қолқаны қабады. Мұндай жағдайда қайдан көмек сұрау керек? Жүріп-тұра алмайтын адамдарға әлеу-меттік қызметкерлер қол ұшын бере ме?

— Бұл мәселе жөнінде кеңес сұрап отырған оқырман тұрғылықты жері бойынша орналасқан жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барып, мән-жайды айтуы тиіс. Содан кейін аталған мекеме мамандары ол кісінің жағдайын біліп, қолдау көрсетуге тырысады.

                              Түйін:

— Өздеріңіз куә болғандай, «Тікелей желі» барысында оқырмандар тарапынан мүгедектігі бар азаматтар мен жарымжан балалардың мәселесіне қатысты сұрақтар көп түсті. Бұған қарап, әлеуметтік қорғау саласында әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселелердің аз еместігін аңғаруға болады. Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі және басқа да мемлекеттік қолдаулар жөнінде білгісі келген тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарына толық жауап алды деген үміттеміз.

«Тікелей желіні» жүргізген – Нұржайна ШОДЫР,

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.