Мерекеге орай Тереңкөл ауданының орталығында 8 отбасы баспаналы болды. Олардың барлығы – тұрғын үй кезегінде тұрған аз қамтылған отбасылар.
Кілттерді салтанатты түрде табыстаған аудан әкімі Азамат Маңғұтов баспаналы болған отбасыларға ақ тілегін айтты. Барша жиылған қауымды Республика күнімен құттықтап, еліміздің тыныштығын тіледі. Әкімнің мәлім-деуінше, бүгінде ауданда 649 адам пәтер кезегінде тұрса, оның 99 пайызы Тереңкөл ауылында тіркеуде. Бұл екі пәтерлі төрт үйді биыл жеке компания өз қаражатына салған. Бір үйдің құны – 24 млн теңге. Баспаналар стандартты эскиздік жоба бойынша тұрғызылған. Әр үй 160 шаршы метр аумақты алып жатыр. Жаңа үйлер бой көтерген көшеге келесі жылы асфальт төселмек. Қоныс тойына жиналған жұртшылық баспаналы болған жандарды құттықтап, шашу шашты. Ал ауыл ақсақалы Балтабай Алдоңғаров жаңа қонысқа жайғасқан тұрғындарға жылы лебізін білдіріп, батасын берді. Айта кету керек, ауданға қарасты Жасқайрат ауылында да екі пәтерлі бір үйдің құрылысы аяқталды. Аталған үй ауылға қоныс аударған қандастарға арналыпты. Ауданда тұрғындарды баспанамен қамту алдағы жылы да жалғасын таппақ.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.