Photo Valeriy BUGAYEV

Павлодар облысында талантты да талапты жастар баршылық. Әсіресе, креативті индустрия бағыты бойынша тың жобалар ұсынып, оны жүзеге асыра алатын өрендер көп. Олардың идеяларын қолдау, жалпы жастарға әлеуметтік көмек көрсету бойынша жергілікті билік тарапынан да ауқымды жұмыс атқарылуда.

 

Бүгінде аймағымызда 35 жасқа дейінгі 207 663 жас тұрады. Олардың қатарында бизнеспен айналысуға бейілді азаматтарға өз ісін ашу үшін түрлі мүмкіндік қарастырылған. Жұмыс орындарына орналасуы үшін де оңтайлы тетіктер бар. Мәселен, 2 трлн теңгеге 91 жобадан тұратын пул қалыптастырылды, ол 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осы жылдың 1 мамырына дейін қалалар мен аудандардың Мансап орталықтарына 1964 жас өтініш білдіріп, олардың 1424-і жұмысқа орналас-тырылды, оның ішінде 810 ауыл жасы бар. Оларды нақты жұмысқа орналастыру үшін «Тиімді таңдау» жобасы жүзеге асырылуда. Жастарға бағытталған осы және өзге де қолдау шаралары облыс әкімі Асайын Байхановтың белсенді жастармен кездесуі барысында айтылды.

Аймақ басшысымен кездесу барысында мемлекеттік қызмет саласына жастарды кеңінен тарту мәселесі де талқыланды. Бұған дейін жарияланған Өңірлік кадрлық резервке қабылдау аяқталды. Бұл – жас мемлекеттік қызметшілерге тиімді мүмкіндік. Сол сияқты жастардың өз ісін ашу және кеңейту үшін жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен биыл 820 млн теңге сомасына 164 жеңілдетілген шағын несие беру жоспарланған.

Жастарды мазалайтын басты мәселе баспана екені белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда да жергілікті билік қолдау көрсетуге әзір. Айталық, «Отбасы банкімен» бірлесіп Павлодар мен Ақсу қалаларында жұмыс істейтін жастарға арналған «Ертіс жастары» өңірлік жеңілдетілген несие беру бағдарламасы іске қосылды.

Бейресми форматта өткен кездесу барысында Асайын Байханов жетістіктерімен өңіріміздің даңқын асырып жүрген жастарға алғысын білдірді.

— Қазір ерекше шешімдер мен мүмкіндіктердің уақыты келді. Сіздердің батыл әрі жарқын идеяларыңызға қолдау көрсету біз үшін аса маңызды. Аймақ басшысы ретінде маған жастардың өңірімізде қалып, облыста оларға жан-жақты жағдай жасау да өзекті, — деді А.Байханов.

Кездесу «сұрақ-жауап» форматында өтті. «Astana Hub» өңірлік community менеджері Нұрсипат Төлеубай шағын аудандарда жастар үшін тегін коворкингтер ашуды ұсынса, хореограф Алима Макитова «Ертіс Promenade» сахнасында өтетін дарынды және креативті жастар фестивалінің тұжырымдамасымен бөлісті. Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Ризат Рахымжанов коммуналдық мәселелер бойынша жүгінуге арналған платформаны таныс-тырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы жастардың танымал демалыс орындарында тауарлар мен қызметтерге жеңілдіктер ұсынатын еліміздегі алғашқы жоба — «Жастар картасын» құру туралы бастаманы қолдады. Жалпы, жүздесу кезінде блогерлік турлардан бастап өңірдің имидждік өнімін жасауға дейін бірқатар идея айтылды.

Асайын Байханов көпшілікке белгілі жерлес жастарды да атап өтті. Олардың қатарында әнші Мария Мудряк, Иманбек, Скриптонит, «Ирина Кайратовна» тобының негізін қалаушылардың бірі Алдияр Жапарханов, IT-технологиялар саласының ғалымы, PhD докторы, Google орталығында жұмыс істейтін Қуат Есенов бар. Аймағымыз даңқты спортшыларымен де танымал. Бұл кездесуге 22 жасқа дейінгі ерлер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Сабыр Ерболат қатысты. Аймақ басшысы Павлодар бокс мектебінің тәрбиеленушісін жоғары жетісті-імен құттықтап, жас спортшыға 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға лицензия алуына тілек білдірді және 1 млн теңгелік ақшалай сертификат табыс етті.

Кездесу соңында Асайын Байханов ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген қанатты сөзін айтып, өңірдің болашағын әрдайым қолдайтынын жеткізді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.