Мерекелер қалай тойланады?

Сәу 24, 2025

Мамыр айында елімізде үш үлкен мереке аталып өтпек. Осыған орай облысымызда мерекелік іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді.

Бұрнағы күні аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен аппараттық жиында «1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні», «7 мамыр — Отан қорғаушылар күні» және «9 мамыр — Жеңіс күні» қарсаңында өңірімізде өтетін іс-шаралар жоспары таныстырылды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов:

— Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеу шеңберінде Президент Әкімшілігінің ұсынымдарына сәйкес қала-аудан әкімдіктерімен бірлесіп, 70-тен астам түрлі форматтағы іс-шараларды қамтитын бірыңғай жоспар әзірленді. Аталған шаралар Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылады, — деді.

Мереке қарсаңында «Бірлік жарысын» өткізу жоспарланған. Ал мектептерде бейбітшілік тақырыбындағы сабақтар, орталық жағажайда Ассамблеяның 30 жылдығына арналған шеру, этномәдени бірлестіктердің көрмелері мен шығармашылық ұжымдарының концерті өтеді деп көзделуде. Сондай-ақ, 26 сәуір мен 1 мамыр аралығында әлеуметтік желілерде «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» атты челлендж, бейнеқұттықтаулар, этностар арасындағы достық туралы бейнероликтер іске қосылмақ.

Отандастарымыздың ерлігін еске алып, өрлігін насихаттайтын Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күні де жоғары деңгейде аталып өтетін болады.

— 30 сәуір мен 15 мамыр аралығындағы кезеңге арналған бағдарлама жоспары жасалды. Сол бойынша соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету және өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған 200-ден астам түрлі форматтағы іс-шаралар өтеді. 7 мамыр күні сағат 11.00-де Отан қорғаушылар күніне орай «Ertis Рromenade» сахнасында, Екібастұз, Ақсу қалаларының LED экрандарында Астанада болатын мерекелік шаралар мен республикалық әскери шеру көрсетіледі. Оған облысымыздан 15 адамнан тұратын делегация қатысады, — деді басқарма басшысы. Сонымен қатар, ол мереке күндері «Үлкенге құрмет!» акциясы аясында жастар тыл еңбеккерлері мен ардагерлердің үйлеріне барып, қайырымдылық шараларын ұйымдастыратынын айтты. Бұдан басқа, 30 сәуірден бастап мектептерде әскери мамандық алған түлектердің қатысуымен «Ерлік сабақтары», «Қазақ даласы» командалық техникалық-тактикалық ойындар, жасөспірімдер арасында спорттық әскери-патриоттық эстафеталар өтіп, патриоттық фильмдер көрсетіледі. Тұрғындарға Жеңістің 80 жылдығының логотипі бар 30 мың дана «Жеңіс лентасы» таратылып, 9 мамыр күні жылдағы дәстүр бойынша Даңқ обелискісі мен соғыс ардагерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылады.

Атап өтерлігі, Жеңіс күніне орай майдангерлер мен тыл еңбеккерлері «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталады.

Мерекелік іс-шаралар мұнымен ғана шектелмейді. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның айтуынша, музейлерде көрмелер, дөңгелек үстелдер, фестивальдер, «Шаңырақ» орталығы мен «Batyr mall» сауда үйінде мерекелік концерт өткізу, ал екі облыстық театрда «Қызыл алма» және «Шальные деньги» комедияларын қою жоспарланған.

— Павлодар қаласындағы «Ertis Рromenade» сахнасында қалалар мен аудандардың Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің қатысуымен шеру және мерекелік концерт ұйымдастырылады. Оған танымал жұлдыз Нұрболат Абдуллин арнайы келіп, өнер көрсетеді. Ал Екібастұз қаласының тұрғындары Асылхан Шалқаровтың өнерін тамашалайды, — деді Медет Тауасқан. Оның айтуынша, Отан қорғаушылар күні қарсаңында да облыстағы барлық мәдениет мекемесінде мерекелік іс-шаралар өтеді. Осы күні Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында Қайрат Нұртастың коммерциялық ән кеші болады.

Ал 9 мамыр — Жеңіс күніне орай облыс бойынша 1000-ға жуық мәдени іс-шара жоспарланған. Басты кеш — «Ertis Promenade» сахнасында сағат 18.00-21.00 аралығында Иса Байзақов атындағы облыстық филармония мен Естай атындағы мәдениет сарайы әртістерінің қатысуымен өтіп, соңы отшашуға ұласпақ.

Аймақ басшысы жауапты мамандарға мерекелік шара-лардың мазмұнды әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылуын тапсырып, қауіпсіздікті қамта-масыз ету керектігін қатаң ескертті.

Нұржайна ШОДЫР.