Мешіт – адамзатқа ортақ үй

Сәу 17, 2025

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкілдігі жыл сайын аудан және ауыл имамдарының рейтингін шығарып, үздіктерді марапаттайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша «Үздік аудан имамы-2024» конкурсын Аққулы аудандық мешітінің бас имамы Мақсат Ибраев жеңіп алған еді. Дін қызметкерімен әңгімелесіп, аудандағы діни ахуал, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы бірнеше сұрақ қойған едік.

— Мақсат мырза, сіз облыс көлеміндегі ең жас имамдардың бірісіз. Имамдық қызметке неше жасыңызда кірістіңіз және қанша уақыт болды?

— Иә, дұрыс айтасыз, мен облыстағы ең жас имамдардың бірімін. Алғаш бұл салаға 21 жасымда келдім. Ал Аққулы аудандық мешітінің бас имамы қызметіне 2014 жылы кіріскен едім. Содан бері Алланың қалауымен және жергілікті жамағаттың қолдауымен асыл дінімізді насихаттау, халықтың діни сауатын арттыру және басқа да бағыттарда жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз.

— Сіз 2024 жылдың үздік имамы атаныпсыз, бұл атақ сіздің қандай қызметтеріңіз үшін берілді?

— Мәшһүр Жүсіп орталық мешіті жыл сайын «Үздік ұстаз», «Үздік имам», «Үздік азаншы» және басқа да аталымдар бойынша конкурс- тар ұйымдастырып, жеңімпаздарды анықтайды. Мақсаты — мамандарды өз ісіне ынталандыру, талаптандыру. Бұл – көп жылдан бері жалғасып келе жатқан дәстүр. Өткен жылы аудандар арасындағы «Үздік имам» номинациясы маған бұйырған екен. Бұл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмаларын уақытында орындау, өңір тұрғындарының діни сауатын көтеру, жат ағымдардың алдын алу, медресеге шәкірттер дайындау және басқа да саладағы жұмыстардың рейтингі бойынша шығарылды.

— Аққулы ауданына имам болып келгелі қандай елеулі істер атқарылды?

— Ауданның бас имамы болып келгеннен кейін бірінші қолға алған шаруам мешіттің жөндеу жұмысы болды.  Көп жылдар бойы жөндеу көрмеген ғибадат үйінің ішкі және сыртқы бөлігін толық жаңарттық. Сонымен қатар, мешіттің ішкі құрал-жабдықтарын ауыстырдық.  Ал соңғы жылдары мешіттің намаз оқу бөлмесін кеңейту, асхананы үлкейту, ерлер мен әйелдерге жеке-жеке дәрет алатын орын салу сынды ауқымды жұмыстар атқарылды. Одан бөлек, дұғалыққа, жабдыққа арналған ас мәзірі бекітілді. Қазір аудан жұртшылығы дұғалық асының дастарханын біз бекіткен ас мәзірі бойынша дайындайды. Сондай-ақ, марқұмдардың зиратын көтерудың бірыңғай стандарты бекітілді. Бұған аудан тұрғындары да үйренді, зираттар тек бір жүйе, бір тәртіп бойынша салынады. Тіпті, кірпіштердің түсіне дейін бірдей болдыруға тырысамыз. Содан кейін марқұмның құлпытасына фото-сурет қойылмайды, құран әріптері жазылмайды және биіктігі топырақтың көлемімен бірдей болуы керек. Сонымен қатар, жат ағымдармен күрес жұмысы тоқтаған емес, тұрақты жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда аудан орталығында теріс ағымды ұстанатын адамдар жоқ деуге болады. Ал ауылдарда бірлі-жарымды бар екенін мойындаймыз, бірақ олардан ешқандай қауіп жоқ. Дегенмен бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпаймыз, әсіресе жастарға біздің ата-баба жолынан, дәстүрлі дінімізден айырылмауды, бөтеннің алдауы мен арбауына түсіп кетпеуді тұрақты насихаттап келеміз.

— Аққулы ауданы республикалық маңызы бар автожолдың бойында. Осы ретте жолаушылардың аялдап намаз оқуына, тынығуына жағдай жасалған ба?

— Иә, біз республикалық маңызы бар автожолдың бойында болғандықтан жолаушылар жиі келіп тұрады. Сондықтан, жолаушыларға арналған бөлме аштық. Онда жол жүрген адамдардың жуынып, дәрет алуына, намаз оқуына барлық жағдай жасалған. Тіпті, өздерімен алып жүрген шай-тамағын ішіп, қонып кетуіне де болады.  Себебі, мешіт —
ешкімнің жеке мүлкі емес, бұл бүкіл мұсылман қауымның, қала берді, барша адамзат баласына ортақ үй.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Тілеуберді САХАБА.