Тәуелсіздіктен кейін Павлодар қаласында алғаш бой көтерген мешіттердің бірі — «Ғазиз» мешіті. Биыл аталған ғибадат үйінің ашылғанына 25 жыл толды.
«Ғазиз» мешіті 2000 жылы ашылып, мұсылман қауымның игілігіне берілді. Ашылу рәсіміне жергілікті жамағатпен бірге сол кездегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі де қатысып, жомарт жүрек жандарға алғысын айтып, ақ батасын берген. Мешітті есімі осы аймаққа белгілі тұлғалардың бірі – Ғазиз Ахметжановтың ұрпақтары өз қаражаттарына салдырған.
Ғимараттың жалпы көлемі – 543 шаршы метр, мұнарасының биіктігі – 27 метр. Бұл өлшемнің де өз философиясы бар. Ол жамағатпен оқылған намаздың жалғыз оқыған адамның нама-зынан 27 есе артық екендігін білдіріп тұрғандай.
Ғибадат үйінде бір жолда 300 адам намаз оқитын орын бар. Екі қабаттан тұратын ғимарат ішінде жастарға Құран оқуды үйрететін сынып, Құран бағыштайтын бөлме, сүндетке отырғызу бөлмесі, шағын кітапхана бар. Уақыт талабына және халқымыздың салт-дәстүріне сай аруақтарды еске алып, ас беру рәсімін өткізуге қажет асхана жұмыс атқаруда.
Алла үйі еліміздің мәдени-рухани, діни таным көкжиегінің кеңеюі жолында зор үлес қосып келеді. Ширек ғасыр уақыт ішінде Алла үйіне алты имам басшылық етіп, діни қызметін жүргізген. Соның алтыншысы – Қуаныш Асқар. Ол бұл мешітке 2023 жылы бас имам болып тағайындалып, жамағатпен бірге түрлі бағыттағы жұмыстарды жүргізіп келеді. Ал одан бұрын үш жылдай уақыт ұстаз болып істеп, ондаған шәкірт тәрбиелеп, жастардың діни сауатын ашқан. Бас имамның айтуынша, мешітте 200-ден астам тұрақты жамағат бар. Екі ұстаз сабақ жүргізіп, шәкірттерге діни дәріс оқиды. Курсқа тұрақты келіп, сабаққа қатысатын 40-50 адам бар.
– Шәкірттердің алды медресе бітіріп, Павлодар облысында дін саласында әртүрлі жұмыс жасауда. Бізде білім алып, сауат ашқан балалардың көбі Астана, Шымкент, Павлодар медреселерінде оқып, білімдерін жетілдірді. Ал мешіт жамағаттарының өзі өзгелерден тақуалығымен ерекшеленеді. Атап айтқанда, біздің жамағаттардың 99 пайызы Ұмра қажылығын өтеп келген, – деді бас имам Қуаныш Асқар.
Мешіт имамдары түрлі қайы-рымдылық жобаларына қатысып, түрлі тақырыпта іс-шаралар ұйымдастырып тұрады. Биыл «Мектепке жол!» қайырымдылық акциясына қатысып, мектеп оқушыларына мектепке қажет құрал-жабдықтарын табыстады. Жамағаттар арасында діни-рухани және спорттық жарыстар да жиі ұйымдастырылып тұрады.
– Мен Павлодар қаласындағы «Ғазиз» мешітіне жиі барып тұрамын. Жамағаттар саны жыл сайын көбейіп келеді. Жұма күндері мешіт ішіне сыймайтыны соншалық, сыртта сапқа тұрып, жұма намазын оқиды. Имамдары да сауатты һәм білімді. Біздің сұрақтарымызға мүдірмей жауап беріп, егжей-тегжейлі түсіндіріп береді, – дейді Бауыржан есімді мешіттің тұрақты жамағаты.
Асыл дініміздің шын жанашыры болған Ғазиз Ахметжанов көзі тірісінде қаланың ішіне бір ғибадат үйін салып, халықтың алғыс-
батасын алуды армандаған екен. Міне, сол арманын балалары орындап, сауабы қияметке дейін баратын үлкен іс атқарып отыр.
– Мешіттің бой көтеруіне барлық аға-бауырларымыз атсалысты. Алла тағаланың қалауымен сол мешіт қазірге дейін жұмыс істеп, елдің имандылық жолында қызмет атқарып жатыр. Мешітке
жамағаттар көп келеді. Әсіресе жұма күндері далаға кілем төсеп оқып жатады. Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Кімде-кім мешіт салса, көпір салса не болмаса кітап жазып, ғылым қалдырса, оның сауабы ана дүниеге барады» деген екен, — дейді мешіт жанашыры Бейсенғазы Ғазизұлы.
Тілеуберді Сахаба.