«Облыс орталығында тұратын мұсылман қауым үшін тағы бір ғибадат үйі керек». Бұл — Павлодар қаласы тұрғындарының біраздан бергі айтып жүрген ұсынысы. Аталмыш мәселені жергілікті тұрғындар облыс әкімі Асайын Байхановтың есеп беру кездесуінде биыл екінші мәрте көтеріп, оған аймақ басшысы тұшымды жауап берді.

Жергілікті жамағат ғибадат үйін әу баста Павлодар қаласының «Сарыарқа» шағын ауданына салу жөнінде рұқсат сұраған болатын. Яғни, жер мәселесі шешілсе, оған қаржы құятын демеушілер де дайын екенін айтқан еді. Одан бері де бір жыл өте шықты. Бірақ, бұл аумақтан Алла үйіне лайықты орын табылмағандықтан қазір басқа ықшам ауданға салу мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді.

Аймақ басшысы Асайын Байхановтың жұртшылықпен кездесуінде тұрғындардың бірі былтыр көтерілген мәселені қайта еске салды. Аймақ басшысы өз кезегінде Сарыарқа шағын ауданында мешіт салатын жер жоқ екенін айтып, аталған шағын ауданнан алыс емес Қамзин көшесінен бір орын табылғанын жеткізді. Бүгінгі таңда Достық шағын ауданында мешіт салу бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол үшін жер учаскесі мен жомарт жүректі демеушілер де табылған сыңайлы. Жоба мемлекеттік сараптамаға өткізілген соң құрылыс қолға алынады деп атап өтті.

–   Демеушілер бірінші кезекте Достық шағын ауданында салуды ұсынып отыр. Себебі, жаңа аудан және әуежайға бара жатқан жолда қонақтарға да ыңғайлы болады. Бұл ұсынысты қолдадық және 2025 жылы құрылысты бастау жоспарланып отыр, – деді Асайын Байханов.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас Қоспақұлының айтуынша, аймақта 100-ден астам мешіт бар. Оның жетеуі облыс орталығында. Бірақ, қала халқының өсуіне, жаңа шағын аудандардың құрылуына байланысты жеті мешіт жеткіліксіз. Әсіресе, жұма намазы мен Айт намаздары кезінде жамағат Алланың үйіне сыйыспай, мешіттің ауласында сапқа тұрып, намаз оқуға мәжбүр.

— Қазіргі уақытта жамағаттың  жылдан-жылға көбеюіне байланысты мешіттерге сыймайтын жағдайлар кездесіп жүр. Сондықтан, Павлодар қаласына бір мешіт қажет екені анықталды. Әсіресе, жаңа шағын аудандарда бір-бір мешіттің болғанын құптаймыз. Осыған байланысты жергілікті жамағатпен бірлесіп мәселе көтеріп, облыс әкімдігіне жеткізген болатынбыз. Жергілікті билік өкілдері де құптады. Дәл қазіргі уақытта Достық шағын ауданына бір Алланың үйін салуға жер бөлініп, құжаттары рәсімделу үстінде. Ал егер болашақта Сарыарқа жақтан тағы бір қолайлы жер учаскесі шығып жатса ол жаққа да бір мешіт тұрғызу жұмысын қолға алуымыз
мүмкін, — деді Жолдас имам.

Бас имамның айтуынша, облыс орталығына даңғарадай үлкен мешіттердің керегі жоқ. Шағын аудандағы мешітке келуші жамағаттың көлемін ескере отырып,  ықшамдалып салынатын болады. Мешіт құрылысына мемлекет тарапынан қаражат қарастырылмайтындықтан арнайы қор құрылып, оған жергілікті жамағат пен демеушілер атсалысатын болады.

 

Рашит БЕКТЕМІРОВ, «Ақсақалдар тағылымы» ҚБ мүшесі:

— Әрбір шағын ауданда бір-бір Алланың үйі болса, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, қалада халық көп, оның үстіне үнемі өсу үстінде, жаңа тұрғын үй кешендері де үздіксіз салынып жатыр. Дегенмен барлығы өз уақытымен болады деп ойлаймын. Мешіт –
имандылық ордасы, күллі мұсылман қауым үшін ең құнды да қасиетті орын. Сондықтан, ұрпағымыз Алладан алыстамасын, сенімінен айырылмасын десек, ғибадат үйлері де жеткілікті болуы керек.

Тілеуберді САХАБА.