Хижра күнтізбесі бойынша осы жылдың 6 ақпанынан 7 ақпанына қараған түн — Ережеп айындағы қасиетті Миғраж түні. Тарихта дәл осы түнде болған екі ғажайып оқиға Исра және Миғраж деп аталып, бірі Құран аяттары, ал екіншісі мәшһүр хадистермен қуатталған. Яғни, бұл таңғажайып екі оқиғаға сенбеу мұсылман баласы үшін үлкен айып болып саналған.
Миғраж түні – Миғраж сапары хижреттен бір жарым жыл бұрын Ережеп айының жиырма жетінші түнінде болды. Миғраж, сенімді дереккөздеріне қарағанда, Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Ережеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) пыраққа мініп, түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратушының құзырына шыққан болатын. Сөйтіп, үмметіне екі дүниенің бақытына кенелетін теңдесі жоқ сый — намазды әкелген еді. Пенде намаз оқыған сәтте бейне бір миғражға көтеріліп, Алланың құзырына барғандай әсерленеді.
Бұл түн туралы Құранда «Исра» сүресінің 1-аятында: «Құлын (Мұхаммедті) бір түнде Әл-харам мешітінен айналасына өзіміз құт-береке дарытқан Әл-Ақса мешітіне кейбір маңызды белгілеріміз бен дәлелдерімізді көрсету үшін алып барған Алла –
мінсіз, пәк. Ол — шәк-шүбәсіз бәрін естуші, бәрін де көруші», – деп баяндалады.
Миғраж түнінен кейін Жәбірейіл (ғ.с.) пайғамбары-мызға (с.а.у) намаздардың уақыттары мен оның оқу тәртібін үйретеді. Сол күнге дейін ол Ибрахим (ғ.с.) намаз оқығандай, күніне екі рет таң мен кешкі уақыттарында екі рәкағаттан төрт рәкәт намаз оқып жүретін еді.
Жалпы, Миғраж түні туралы кеңінен тарқатып айтар болсақ, «Миғраж түні» пайғамбарымыз Хазіреті Мұхаммед (с.а.у) Меккедегі Әл-харам мешітінен Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра (түнгі сапар) жасаған. Түнгі сапар арабтарда «исра» деп аталады. Одан миғражға яғни көкке көтеріліп, өзінен бұрын өткен барлық пайғамбарлармен кездесті, үнемі құлшылықтағы періштелермен жолықты. Құдіретті Жаратушымыздың түрлі белгі аяттарын көріп, Онымен тілдесті. 5 уақыт намаз осы түнде парыз етілді. «Миғраж» — пайғамбарымыздың ең үлкен мұғжизаларының бірі. «Мұғжиза» — Аллаһтың құдіретімен жүзеге асатын, адамдардан тек пайғамбарларға ғана тән, таңғажайып құбылыс. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Аллаһтың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді. Аллаһ Тағала 7 пайғамбарға миғражды сыйлаған. Олар: Адам, Ыдырыс, Ибрахим, Мұса, Жүніс, Иса (ғ.с) және Мұхаммед (с.а.у) пайғамбарлар. Осы түнде Жәбірейіл (ғ.с.) пайғамбарымызға (с.а.у.): «Ей, Мұхаммед, Аллаһ Тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырды», — дейді. Осыдан кейін Жәбірейіл (ғ.с.) Мұхаммед пайғамбарды Әл-харам мешітінен Әл-Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Бұл туралы Аллаһ Тағала қасиетті Құранда: «Аллаһ пәк. Мұғжизаларымызды көрсету үшін (Аллаһ Тағала) бір түні өз пендесін (Мұхаммедті) Әл-харам мешітінен төңірегі береке-байлыққа тұнған Әл-Ақса мешітіне алып келді. Шынында, Ол — (Аллаһ Тағала) естуші әрі көруші» («Исра» сүресі, 1-аят), — деді.
Міне, Ережеп айы Рағайып және Миғраж түндерімен де құнды. Қасиетті күндер мен түндерден басқа күні жасалған әрбір игі іс, Құраннан оқыған әрбір әріптің сауабы жүз немесе мыңға дейін көбейсе, бұл қасиетті айлар мен түндерде тіпті еселенеді. Сондықтан, бұл айларда қолымыздан келгенше Құран оқып, дұға жасап, кешірім тілеп, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтып, ораза ұстап, нәпіл намаз оқып, мүмкіндікті өткізіп алмауға тырысқанымыз абзал.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деп бұйырады: «Мені мұқият тыңдаңдар! Ережеп —
адамдардың ұрыс-керіске араласпай тыныш, бейбіт жүретін Алланың айы. Кімде-кім жүрегімен сеніп және шын пейілмен маңыз беріп, Ережеп айында бір күн ораза ұстаса, Ұлы Алланың ризалығына бөленеді»; «Ережеп – Алланікі, Шағбан – менікі, Рамазан — үмбетімнің айы» (Дәйләми, Фирдаус ІІ, 275).