Мол мүмкіндік қаласы

Шіл 3, 2025

Биыл еліміздің бас қаласы – Астанаға астана мәртебесінің берілгеніне 27 жыл толып отыр. Тәуелсіз елмен бірге өркендеп, көркейіп келе жатқан шаһар осы уақыт аралығында тек отандық емес, әлемдік деңгейде саясат, білім мен ғылым, спорт, мәдениет орталығына айналды. Шетелдіктер көз тіге қарайтын, отандастар тұрақты тұрғыны болуға асығатын шырайлы шаһар жыл санап дамып, жаңа нысандармен қаланың сәні кіріп, халықаралық деңгейдегі беделі артып келеді.

Тарих неден басталады?

Астана — әлемдегі үздік 30 қаланың бірі әрі ең жас астана атанды. Қайта құрылып, әлемдік деңгейге көтерілген шаһардың өзіндік тарихы бар. Тарихқа көз жүгіртсек, 1994 жылы 6 шілдеде қалаға астана мәртебесін беруге қатысты алғашқы құжат қабылданды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Астананы Ақмола қаласына көшіру туралы» қаулы қабылдады. Елорданы Алматыдан басқа қалаға көшірудің бірнеше себебі бар еді. Соның ішінде Қазақстанның оңтүстік шекарасында орналасқан Алматының өнеркәсіп орталықтарынан шалғай орналасуы ықпал етті. Ақмола облыстардың ішінде алдыңғы қатарда болды. Сонымен қатар, бұрынғы астананы одан әрі кеңейту мүмкіндігі аз болды, ал Ақмоланың бұл жағынан әлеуеті зор екені байқалды. Сөйтіп, бас қаланы ауыстыру бойынша негізгі жұмыс басталды. Астана күнінің 6 шілде күні аталып өтуінің түпкі себебі де – осы. Ал жалпы алғанда, географиялық орналасуы, ауа райы, көліктік инфрақұрылым мен басқа да тетіктер ескерілді.

1997 жылы орталық мемлекеттік мекемелер Ақмолаға ресми түрде көшірілді. Ал келесі жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қалаға «Астана» деген жаңа атау берілді. 1998 жылы 10 маусымда Астана қаласының Қазақстан Республикасының жаңа астанасы ретінде халықаралық тұсаукесері өтті. Одан кейін 10 жыл бойы қала күні жергілікті халық арасында 10 маусымда аталып келді. Ал 2008 жылы мерекелер туралы заңға қосымшалар енгізіліп, соған сәйкес Астана күні мемлекеттік мереке болып бекітілді. Осылайша қазақ елі Астана күнін 6 шілдеде атап өтетін болды.

2019 жылы 20 наурызда Астанаға тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді. Араға үш жыл салып, 2022 жылы 17 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр-Сұлтан қаласының атауын Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласы деп өзгерту туралы» Жарлыққа қол қойды. Осылайша, Астана атауы қайта оралды.

Сәулеті келіскен саяси орда

Бас қаланың атауы бірнеше рет өзгергенімен, бұл оның дамуына кері әсер еткен жоқ. Керісінше, шырайлы шаһар көз ілеспес жылдамдықпен дамып, көркейіп келеді. Еуразия құрлығының жүрегінде орналасқан кішігірім қала өсіп-өркендеп, әлемдегі ең әдемі шаһарлардың біріне айналды. Әсіресе, саяси тұрғыдан алар
орны ерекше. Мұнда негізгі республикалық мемлекеттік мекемелер шоғырланған. Әлемдік ірі саяси жиындар да Астанада өтеді. Сол себепті болар, Президент бас қаланы әлемдік саясаткерлердің бейбітшілік алаңына балады.

— Елорда геосаяси аймағымыздың маңызды орталығы ретінде дами беретініне сенімдімін. Астана – кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен адамдар келуге ұмтылатын жас әрі өршіл қала. Елорда қазірдің өзінде талай жастың өміріне қадам басқан. Бүгін Астана – әрбір азамат өз әлеуетін іске асыра алатын, мансап құра алатын, идеялары мен армандарын жүзеге асыра алатын зор мүмкіндіктер қаласы, — деген еді Қ.Тоқаев.

Шаһарға астана мәртебесі берілгелі бері оның сол атқа сай болуы үшін келбетіне ерекше мән берілді. Астанада жаңа құрылыс жобалары жүзеге асып, жас астананың танымал символдарына айналған ғимараттар салынды. Олардың қатарында «Бәйтерек» монументі, Қазақстанның Ұлттық музейі, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Астана» орталық концерт залы, «Ханшатыр» ойын-сауық орталығы сынды сәулеті келіскен ерекше ғимараттарды атап өтуге болады.

Сіз білесіз бе?

Астана – әлемдегі жас әрі әдемі қалалардың бірі ғана емес. Сонымен қатар, оны өзге қалалар мен астаналардан ерекшелейтін өзге қырлары бар. Қандай дейсіз ғой? Ендеше, саралап көрелік.

Астана – әлемдегі ең салқын қалалардың бірі. Канада астанасы Оттавадан да суық қала. Ол әлем бойынша Моңғолия астанасы Улан-Батырдан кейінгі суық астана болып саналады.

«Ханшатыр» ойын-сауық орталығы әлемдегі шатыр пішініндегі ең үлкен ғимарат ретінде Гиннес рекордтар кітабына енген. Ғимараттың биіктігі – 150 метр. Қазақстандағы ең үлкен ту Астана қаласында орналасқан. Көлемі 15х30, 111 метр биіктікте тұр.

Астанадағы ұлттық академиялық кітапханада 2,5 миллионнан астам кітап қоры бар. Бастысы, Елорданың құрметіне балаларының есімін орайластырып қоятын азаматтар қатары көбейді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда Астана есімді 24 адам тұрады. Мұндай есімді арқалаған адамдардың басым бөлігі – ерлер. Яғни, 17 азаматтың есім – Астана. Мұндай есімі бар қазақстандықтарды Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және Жетісу облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кездестіруге болады.

Сондай-ақ, Астана атауын қамтитын өзге де есімдер бар. Олар — Астанабек, Астанадин, Астанай, Астанақұл, Астанали, Астанахан, Астанат, Ерастанахан, Нұрастана, Саммидастана, Элин Астана, Ару-Астана.

Әзірлеген – Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.