Үкімет басшысы Олжас Бектенов жуырда моно-қалалардың тұрақты дамуы, тәжірибесі мәселелеріне арналған алқалы жиында осылай деді. Яғни, кеншілер қаласына баланатын, кейін жылу желісіндегі жағдайға байланысты «батыр қала» атанып кеткен Екібастұз моношаһар шеңберінен шығуға шақ қалды. Бұл дегеніңіз, қаланың өсуі, өркендеуі қарқын алған. Экономиканың, өндірістің бір ғана бағытына байланып қалмағанын, жан-жақты даму даңғылына түскенін білдіреді.
Дамуына қарай — даңғылы
Жалпы, Қазақстан аумағында бүгінде 20 шақты моноқала бар. Аумағы мен дамуы, өндірісінің өркендеуі жағынан оларда айтарлықтай алшақтық бар. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Президент Халыққа Жолдауында дәл осы моношаһарларды дамытуға, экономикасын әртараптандыруға ден қоюды тапсырды. Содан елімізде шағын қалаларды дамытудың жаңа тәсілдері қаралуда.
Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бүгінде жалпы халық саны 1,5 млн адам тұратын 20 моноқала бар. Бүгінде мұнда елдегі өнеркәсіп өндірісінің үштен бір үлесі тиесілі. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, өнеркәсіп өндірісі көлемінің 36,4 пайызы Қазақстанның моноқалаларында өндірілген. Бұл қалаларда өндіріс көлемі 18,2 трлн теңгені құраған. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 3,4 пайызға өскені тіркелген. Оларда 18 қала құраушы кәсіпорын жұмыс істейді. Мұндай алып кәсіпорындардың жұмысы аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Басым бөлігі негізінен тау-кен, металлургия және энергетика салаларына негізделген. Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков өткен жылы моноқалалардың негізгі капиталына құйылған инвестиция 2 трлн теңгеге жетіп, 17,4 пайызға өскенін атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында 78 көрсеткіш негізінде әлеуметтік-экономикалық дамуға талдау жүргізілген. Индустриалды аймақты құру, жеңілдікпен несиелеу және басқа да жұмыстардың нәтижесінде моноқала мәртебесінен шыққан Саран қаласының оң тәжірибесі ескеріліпті. Нәтижесінде моноқалалар үш топқа жіктеліп отыр. Олардың әрқайсысы үшін басым шаралар айқындалды. Жалпыұлттық жоспарға сәйкес бүгінде алғашқы топқа «Әртараптандыру сатысындағы қалалар» жатқызылды. Оған Екібастұз, Ақсу, Теміртау, Рудный, Кентау және Степногорск шаһарлары кіргізілген. Жаңаөзен, Сәтбаев, Балқаш, Құлсары, Риддер, Ақсай, Абай, Хромтау, Лисаковск, Шахтинск, Алтай қалалары «Экономикасын ары қарай әртараптандыруға әлеуеті бар, тұрақты даму үстіндегі қалалар» санатына жатқызылды. Ал Курчатов, Жітіқара, Қаражал шағын шаһарлары «Әлеуметтік-экономикалық даму үшін мемлекеттік қолдаудың қосымша шараларын қажет ететін қалалар» деп танылды.
Міне, осыған қарай мемлекет тарапынан қолдау шаралары қолданылады. Даму деңгейіне қарай қалалардың инфрақұрылымын жаңғырту мен жаңа өндіріс орындарын іске қосудан бастап индустриялық аймақтар құруға дейінгі сараланған шаралар қабылданады. Министрліктегілер бұл тәсіл мемлекеттің ресурстары мен күш-жігерін тиімдірек пайдалануға мүмкіндік беретініне үмітті. Жалпы, Үкімет инфрақұрылымдық мәселелері мен экономиканың нақты секторын дамытуды жүйелі түрде шешу үшін бірқатар шағын шаһарды дамытудың кешенді жоспарын бекіткен. 2023-2027 жылдар аралығында бұл қалаларда 456 млрд теңгенің 326 шарасын іске асыру қарастырылыпты.
Жалпы, шағын қалаларды дамытуға 2020 жылдан бері де аз ақша бағытталмаған. Инфра-құрылымдарын жақсартуға қаржылық қолдау ретінде 2020-2024 жылдары 512,4 млрд теңге бөлініпті. Оның 241,6 млрд теңгесі республикалық қазынадан қарастырылған. Биыл елімізде моноқалаларды дамытуға 106,6 млрд теңге бөлу жоспар-ланған, оның 28,7 млрд теңгесі республикалық бюджеттен қарас-тырылыпты.
Екібастұздың екпіні
Жоғарыда атап өткеніміздей, Премьер-министр Екібастұз қаласы экономикасын көтерудің және әртараптандырудың орнықты серпінін атап өтті. Бұл ретте, шаһардың дамуына 800-ден астам жұмыс орнын аша отырып, құны 138,4 млрд теңге болатын ферроқорытпа зауытын салу жобасын іске қосу оң ықпал еткен. Сондай-ақ индустриялық аймақ қалыптастыру маңызды рөл атқарған.
— Моноқалалар «өсуге ықпал ете алатын» аймақтарға айнала алады. Біз бұған «жасыл» технологиялар мен цифрлы инфрақұрылымның немесе креативті экономиканың даму мүмкіндіктері ретінде қарауымыз керек. Болашақ индустриясы осындай шағын қалаларда бастау алуы керек. Моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға баса назар аудару керек. Бұл олардың экономикасын көтеруге және моноқалалар қатарынан шығуына мүмкіндік береді. Мысалы, қазіргі уақытта Екібастұз экономикалық құрылымы әртүрлі, көпсалалы қалаға айналуда. Яғни, ол үшін моноқала мәртебесі өзекті емес. Заманауи стандарттарға сәйкес келетін жаңа инфрақұрылымдық саясат құру бойынша жұмысты күшейту қажет, — деді Екібастұздың дамуына ерекше тоқталған Олжас Бектенов.
Осы орайда, Премьер-Министр тұрақты дамудың негізгі шарты жұмыс орындарын құру және кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау екенін атады. Ең басты мәселе – моноқалаларға инвесторлар тарту, деді Үкімет басшысы. Себебі, Мемлекет әрбір қалада аурухана, мектеп, стадион және басқа да әлеуметтік нысандар сала алғанымен, жұмыс болмаса, ешкім онда тұрақтамайтынын да тілге тиек етті. Сондықтан инвесторлар тартып, оларға қажетті жағдай жасауға мән берілуі тиіс. Оларға бос тұрған ғимараттарды, жер телімдерін ұсынып, жаңа кәсіпорындар ашуға жағдай жасау қажеттігін атап өтті. Олжас Бектенов мұндай тәсіл болмаса, онда ешқандай даму болмайтынын ескертті. Қазіргі таңда инвесторлар тартудан Саран, Екібастұз және басқа қалаларда нәтижелер бар екенін айтты, алайда әлі де бұл бағытта белсендірек жұмыс істеу керек, деді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 5 жыл ішінде еліміздің моноқалаларында 44 жоба іске асырылып, бес мыңнан астам жұмыс орны ашылған. Екібастұз, Саран, Қаражал, Рудный сияқты қалаларда мыс концентраты, автомобиль шиналары, теміржол дөңгелектері, натрий цианиді және металл прокатын өндіретін ірі өнеркәсіп нысандары іске қосылған. Алдағы жылдары тағы шамамен 14,9 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Себебі, 46 жаңа өнеркәсіп жобасы іске аспақ.
Үкімет басшысының айтуынша, моноқалаларды дамытуда бизнесті қолдау жүйесінде жергілікті деңгейде қосымша құралдарды қолдану маңызды. Атап айтқанда, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) жұмысының маңыздылығы және олардың экспортқа бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға қатысуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Екібастұзды дамытуға қайта оралсақ, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының мәліметінше, моноқалаларды дамытудың мемлекеттік саясаты шеңберінде 2013-2025 жылдар кезеңінде кеншілер шаһарына 19,7 млрд теңге бағытталған. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған іс-шараларға қаражат бөлінген. Нәтижесінде, жол инфрақұрылымын, жылумен, сумен қамтудың ауқымды жұмыстары атқарылды.
Әлді әртараптандыру
Моноқаланың анықтамасына келсек, бұл – өндірісті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету мақсатында қала түзуші кәсіпорынға негізделген елді мекен. Яғни, әу баста бір бағытқа басымдық беріледі. Шаһардың бүкіл тынысы сол өндіріске қарап тұрады. Мәселен, Екібастұзды алсақ, бұрыннан кеншілер шаһары, энергетиктер қаласы атанып келеді. Бұл дегеніңіз, шағын қаламыз дәл осы энергетика саласына негізделген. Енді, міне, кейінгі кезде металлургия, машина жасау кластері ептеп етек жая бастады.
Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының мәліметіне сүйенсек, Екібастұздың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 1,3 трлн теңгені құрайды. Аймағымызға құйылған инвестицияда әлеуеті жоғары. Облыс құрылымында инвестиция көлемі 30 пайыздан асады және облыста бірінші орында. Кеншілер шаһары аумағында 3 ферроқорытпа зауыты салынуда. Жалпы, металлургиялық кластер дамуда.
Сонымен қатар, көпшілік Екібастұзда теміржол саласындағы жобалардың көптеп жүзеге асып жатқанынан хабардар. Екібастұзда экономиканы әртараптандыру жұмыстарының белсенді жүріп жатқанын қала басшысы Аян Бейсекин де Үкімет деңгейінде өткен жиында баяндады. Бүгінде кеншілер қаласы жаңа үлгідегі моноқаланы дамытудың оң тәжірибесін ұсынды. Қала әкімінің айтуынша, Екібастұз қазіргі таңда индустриялық қана емес әлеуметтік тұрғыдан да инвестиция тартуға қабілетті, жайлы мекенге айналуда.
Қалада жалпы құны 2 трлн теңге болатын 13 ірі инвестициялық жоба іске асуда. Олар сәтімен жұмысын бастаса, 9 мыңнан астам адам тұрақты еңбекпен қамтылады. Мұндағы басты бағыттар – металлургиялық зауыттар мен жел энергетикасын дамыту. Аян Бейсекин қаланы дамытуға деген кешенді қадамдар айтарлықтай нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік бергенін мәлім етті.
— Екібастұз қолда бар ресурстар сауатты пайдаланылса, инвестиция тарту мен тұрғындармен етене байланыс орнатылса, моноқаланы қарқынды дамитын аумаққа айналдыру мүмкін екенін көрсетіп отыр, — деді А.Бейсекин.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Екібастұзда металлургиялық кластерді құру басталып кетті. Жоба аясында ферросилиций, темір мен болатты тікелей қалпына келтіру өндірісі кәсіпорындарының құрылысы жоспарланып отыр. Нәтижесінде 3 мың адам жұмысқа тұрады. Сонымен қатар, кеншілер қаласы энергетикалық әлеуетін де арттыруда. Қазірдің өзінде екібастұздық энергия торабының белгіленген қуаты 5 мың МВт-қа жетеді. Былайша айтқанда, Екібастұз — энергетиканың стратегиялық маңызды орталығы. Енді ГРЭС-1, ГРЭС-2 станциялары жаңғыртылса, ГРЭС-3 станциясы салынса, күн санап электр қуатына деген өсіп жатқан қажеттілікті өтейді, жаңадан өндіріс орындарын іске қосуға мүмкіндік туады.
Экономикасы екпін алған мекенде әлеуметтік саласы да, инфрақұрылымы да, жалпы тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру да ілгерілей түсетіні айқын. Екібастұздың бұл тұрғыда есебі түгенделуде. Тозығы жеткен инженерлік желілерін жаңғырту қарқынды жүзеге асуда. Бұл ретте, мемлекет те жан-жақты қолдау білдіруде. Соңғы үш жылда қалада 200 шақырым желі жөндеу көрген. 8 әлеуметтік нысан салынды. Көшелер мен аулаларды көріктендіру, жолдарды реттеу де ескерусіз қалған жоқ. 170 аула абаттандырылған.
Ал Екібастұзды қашан моношаһар мәртебесінен шығарып, қанатын кеңге жайған қала қатарына қосу шарасы қолға алынатыны беймәлім. Моноқала мәртебесінен шығару ҚР Ұлттық экономика министрлігінің құзыретінде. Дәл осы құзырлы министрлік елді мекендердің өлшемшарттарын белгілейді. Экономиканы әртараптандыру деңгейін және даму перспективаларын талдау негізінде мәртебені өзгерту шешімін қабылдайтын көрінеді. Әрине, мұндай өзгеріс бір күнде іске аспайтыны да анық. Бір анығы, Екібастұз екпін алды, бағытын айқындады. Енді тек еселей түсу үшін күш, қажырлы еңбек қажет.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.