Мопед міну үшін жүргізуші куәлігін алу — міндет. Онымен қоса, мопедті көлік ретінде тіркеу қажет. Бұл — осынау қос дөңгелекті көліктің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайтудың амалы. Өкінішке қарай, мопедшілердің қатысуымен тіркелетін апат саны жыл сайын артып келеді.
Жұртшылық «қарапайым халық қолы жететін жалғыз көлік құра-лының өзінен қол үзіп қалатын болдық» деген уәж айтуда.
Себебі мопед кейбір жастардың күнкөріс қамына айналған. Талай студент осы көлікті тізгіндеп тұрғындардың тапсырысын жеткі-зумен айналысуда. Алдағы уақытта мопед тізгіндеушілер оны басқару құқығынан айырылуы мүмкін. Себебі екі дөңгелекті көлік құралын жүргізудің жаңа ережесі қабылданады
Жол апаты көбейді
Мәжіліс әкімшілік құқық бұзушылық туралы заң жобасына енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Құжатқа сәйкес, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын мопедтер механикалық көлікке жататын болады және мемлекеттік тіркеуден өтіп, нөмір алады. Жыл сайын техникалық байқаудан өтіп, сақтандыру полисін де рәсімдеуі шарт. Депутаттардың айтуынша, бұл жолдағы қауіпсіздікті едәуір арттырады.
Аталған көлік түрлеріне сұраныс артып келеді. Жұмысқа, оқу орнына жылдам жеткізетін болғандықтан, оны пайдалушылар күн сайын көбеюде. Әсіресе, түрлі тауар жеткізушілердің тұрақты темір тұлпарына айналған. Бір жағынан жеңіл, арзан, жүргізуші куәлігі қажет емес. Тіркеп те әуре болмайсың. Десек те, көшенің кез келген бұрышынан тұтқиылдан шыға келетін электросамокаттар мен мопедтер жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілеріне қиындық тудыруда.
Ішкі істер министрлігінің мәлі-метіне сүйенсек, 2023 жылы мопедтердің қатысуымен 750 жолкөлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 39 адам қаза тауып, 730 адам зардап шеккен. Бұл — 2022 жылмен салыстырғанда
4 есеге көп. Ал биыл жыл басынан бері 171 жол-көлік оқиғасы орын алған. Өкінішке қарай, бір адам мерт болып, 173 адам жараланған.
Жүргізушілер жазаланады
Заңның жаңа талабына сәйкес, мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушы-ларына теңестірілетінін айттық.
— Күн жылынды, енді мопед мініп, көшеге шығатындар көбейеді. Жолдағы кептеліс, келеңсіз жағдайлар көбіне осы көлік тізгіндегендердің қатысуымен болып жатыр. Енді олар да басқа автокөліктер сияқты бірдей тәртіпке бағынуы керек, азаматтар жауапкершілікті сезінуі тиіс. Қазір құрылғыны рәсімдеу жолдарын қарастырып жатырмыз. Жұмыс тобын құрып, белгілі бір мерзімді белгілейміз. Бұл көлік түрін мінетіндерге ешқандай жауапкершілік жүктелмеген. Енді олар «А» санатындағы жүргізуші куәлігін алып, жыл сайын техникалық байқаудан өтуге міндеттеледі, — дейді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.
Мопед автокөлік құралына жатқызылатындықтан, жүргізу-шілеріне де жаза күшейеді. Бұған дейін мопед мінгендер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтың 615-бабына сәйкес, 2 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін. Бұдан былай, мысалы, жолдың тыйым салынған бөлігінен өткені үшін 10 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалайды. Бұдан бөлек, мопедті мас күйде тізгіндесе, 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.
Ал электросамокат – бұл «орындығы жоқ, электр қозғалт-қышын пайдалану арқылы бір адамның қозғалуына арналған екі немесе үш дөңгелегі бар
жеке мобильділік» электр көлігі. Электросамокат жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан аспауы қажет. Ал одан жоғары, яғни саға-
тына 50 шақырым болса, А1 санатындағы жүргізуші куәлігі талап етіледі. Өйткені бұл кезде көлік мопед ретінде саналады.
Тәртіп бәріне ортақ
Жыл басынан бері Павлодар облысында электросамокат, мопедтің қатысуымен 5 жол апаты орын алып, 5 адам жарақат алған. Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы, полиция капитаны Абылайхан Алпысбай электросамокат, мопед, скутер жүргізушілеріне рөлді бір қолмен ұстауға, ұялы телефонға қарауға, онымен сөйлесуге тыйым салынатынын айтады.
— Ереже бойынша электросамокаттар жаяу жүргіншілердің жолымен ақырын қозғалуы керек. Электросамокат және мопедпен келе жатқанда ұялы телефонмен дауысын қосып қою арқылы сөйлесуге болады. Жолаушы және жүк тасуға арналған орын болмаса, жүргізуші жалғыз жүруі тиіс. Жаяу жүргіншілер жолынан көліктен түсіп, жаяу өтуі тиіс. Қараңғы уақытта айналадағы көліктер мен адамдарға көрінуі үшін жарық шағылыстыратын зат тағуы — міндет. «Жол қозғалысы туралы» заңда электросамокат жүргізушісі веложолмен жүруі керек деп көрсетілген. Егер веложол болмаса, жолдың оң жақ шетімен жүруі тиіс. Жол жиегімен де жүруге рұқсат етілген. Самокат тізгіндегендер адамдарға қауіп төндірмей, сағатына 6 км-ден аспайтын жылдамдықпен тротуар немесе жаяу жүргіншілер жолағымен жүре алады, — дейді Абылайхан Қуандықұлы.
Облыстық полиция департаментінің қызметкері электросамокатты, мопедті мас күйде жүргізуге тыйым салынатынын айтты. Облыста 20-30 мамыр аралығында «Абайлаңыз, балалар!» республикалық акциясы өтуде. Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 57 жол апаты тіркелген. Өкінішке қарай, 69 бала жарақат алған.
— Санаулы күндерден кейін балалар жазғы демалысқа шығады.
Көшеде самокат, мопед тізгіндейтіндер көбейеді. Жоғарыдағы статистика көбеймесін десек, жол қауіпсіздігі ережесін бір кісідей сақтағанымыз абзал. Осы орайда, мопед, электросамокат тізгіндеушілер мен жаяу жүргіншілерге де жол ережесін сақтауға шақырамын, — дейді полицей.
Тұрғындар не дейді?
Павлодар қаласының тұрғыны Сәуле Жантемірқызы немере-лерімен көшеде серуендеуді күн тәртібіне енгізген. Бірақ жолда жүйткіген электросамокат, мопедтер үрей тудыратынын жасырмады.
— Немерелерімді мектепке апарамын, үйге әкелемін, далада ойнатамын. Қазір көше бойында электросамокат, мопед көп. Электросамокат тротуармен, мопедтер көліктердің арасымен жүйткіп жүреді. Жылдамдықты шамадан тыс асырады. Өйткені олардың қалай өте шыққанын байқамай қаламыз. Тіпті, келе жатқанын білдіретін дыбыс та бермейді. Қатты жылдамдықпен келе жатқанда баланы қалай қорғап үлгереміз? Жанымыздан зу етіп өте шығады. Сол үшін де немерелерімді уайымдаймын. Олар жалғыз жүрсе қалай қорғанады? Сондықтан электросамокаттардың жүргізушілері жылдамдықты асырмай, жаяу жүргіншілер жолында ақырын жүрсе деймін, — дейді зейнеткер.
Ербол Асылтас облыс орта-лығындағы тұрғындардың тапсырысын жедел жеткізеді. Мопедке мініп, аз ғана уақыттың ішінде жұрт тапсырыс берген тағамды ыстық күйінде үйіне апарып береді.
— Торайғыров университетінің студентімін. Сабақтан бос уақытта қосымша табыс табамын. Жеткізу қызметімен айналысамын. Өзімнің мопедім бар. Тапсырыстарды көлігіммен жедел жеткізіп, нан тауып жүрмін. Өкінішке қарай, алдағы уақытта жүргізуші куәлігі талап етілетінін, бізге талап күшейетінін естідім. Тәртіпке бағы-нудан басқа амалым жоқ. Алдағы уақытта ереже қабылданған кезде бірден арнайы оқуға жазылып, куәлік алатын боламын. Өкініштісі, айыппұл көлемінің шамадан тыс артатыны ұнамады. Ереже бұзсам, маңдай термен тапқан табысым айыппұл төлеуге кететін болады. Екінші мәселе, қазір түнімен жұмыс істейтін жастар түрлі энергети-калық сусындар ішеді. Салдарынан мас күйде мопедке отырды деп 7 жылға куәліктен айырылып қалса, не болады? Тауып отырған нанын жоғалтады ғой. Жол-көлік оқиғасын азайтамыз деп отбасын асырап жүрген жастардың жағдайын күрделендіріп жібергендейміз, — дейді Ербол Асылтас.
Павлодар қаласының тұрғыны Серік Болатбектің жаяу жүргіншілерге айтар уәжі бар. Ол электросамокатпен келе жатқанда тротуардағы жаяу жүргіншілер жол бермейтінін айтады.
— Қазір қала көшелерінің әр бұрышында электросамокат толып тұр. Бұл көліктің бағасы да қалтаға салмақ салмайды. Сондықтан да күнделікті өмірде пайдаланамыз. Рас, мопед, электросамокат, велосипедпен жүруге арналған арнайы жол жоқ. Сондықтан біз тротуармен, жаяу жүргіншілерге арналған жолмен жүруге мәжбүрміз. Өкінішке қарай, тротуармен келе жатқанда алдымыздағы адамдар жол бермей, ашулы қабақпен қарайды. Тек солардың жолы ғана сияқты. Сондықтан тұрғындар да түсіністік танытып, жолдан өткізіп отырса деймін. Бұл көлік түрлері қоғамға керек болғаннан кейін енгізілді, — дейді С.Болатбек.
Экологияны жақсартып, жаңа заманға ілесу де дұрыс. Бірақ қауіпсіздікті бірінші орынға қойған жөн. Үкімет тарапынан енгізілетін өзгерістер қауіптің алдын алса игі.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.