Астанада баспасөз, радио және интернет журналистика саласының үздіктеріне «Urker-2023» ұлттық сыйлығы табысталды. Үздіктер қатарында аймағымыздың белгілі фототілшісі Валерий Бугаев бар.

Биыл 12 аталым бойынша мықтылар анықталды. Облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің, облыс әкімінің баспасөз қызметінің журналисі Валерий Бугаевтың Екібастұздағы апатты жою кезіндегі түсірілген суреті «Жылдың үздік суреті» атанды. Автордың фотолары өңірлік қана емес, сондай-ақ, республикалық, халықаралық басылымдарда жарық көріп жүр.

— Жұмысыма осындай жоғары баға берген ұйымдастырушылар мен қазылар алқасына алғысым зор. Бұл сурет арқылы үйдегі жылудың қаншалықты маңызды екенін, ал ол жылулық қандай еңбекпен келетінін көрсеткім келді. Сурет Екібастұзда сол бір 30 градустық аязды түнде азаматтардың апатпен күресіп жатқан сәтінде түсірілген еді, — деді үздік деп танылған павлодарлық фототілші. Биыл үш жаңа номинация қосылды. Олар — «Үздік YouTube каналы», «Үздік халықаралық БАҚ», «Үздік подкаст». Үздік атануға аталмыш жылы журналистерден 450 өтінім түсіпті. Олардың басым бөлігі «Үздік өңірлік БАҚ», «Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал», «Жылдың үздік аналитикалық материалы», «Жылдың үздік сұхбаты», және «Жылдың үздік репортажы» аталымдарына тиесілі. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы облыстық «Saryarqa samaly» газеті «Үздік өңірлік БАҚ» атанды. Биыл бұл аталымда Қызылорда облысының «Сыр бойы» газеті үздік деп танылған.

Г.МАҒЖАН.