Дәрігерлерді адам жанының арашасысы дейміз. Сала мамандары бұл сөзді күнде еңбек-
терімен дәлелдеп келеді. Өмірімді сақтап қалған ақ халатты жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ.

 

Өткен жылдың күз айында жол апатына ұшырадым. Ауыр жарақаттың салдарынан көзімді жан сақтау бөлімінде ашыппын. Ауруханаға өте ауыр жағдайда түскен екенмін. Басыма зақым келіп, қол-аяғым бірнеше жерден сыныпты. Ауыр халдегі маған екінші өмірді дәрігерлер қауымы сыйлады. №1 Павлодар қалалық ауруханадағы политравма бөлімшесіндегі білікті дәрігер Азамат Ибраев маған күрделі ота жүргізіп, өмірімді сақтап қалды. Сонымен қатар, аталған бөлімшедегі Арай, Сая есімді және тағы басқа медбикелер істеріне жауапкершілікпен қарады. Өз еркіммен жүріп-тұра алмаған менің жанымнан табылды. Медицина қызметкерлері психологиялық және моральдік тұрғыда үлкен қолдау білдірді. Тіпті, техникалық қызметкердің өзі жанымнан табыла білді. Ұжым өте ұйымшыл. Ем-шарасын жүргізіп қана қоймай, әрдайым қолдау білдіргендерінің арқасында аяғымнан тұрдым.

Бұдан бөлек, емді тіркеуде тұрған «Мед С» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде дәрігерім Еркежан Дәуленбаева жалғастырды. Оңалту бөлімінің қызметкері Алтынай Макимова қолыма массаж жасауы арқылы қолымды көтере алуыма мүмкіндік берді. Денсаулығымды қалыпқа келтіру үшін жарты жыл көлемінде ем қабылдадым. Әлі күнге дейін оңалту шараларын өтіп, ай сайын сараптамалар тапсырудамын.

Осы орайда, науқас жанға қолдарынан келген көмекті аямай, мені аман алып қалу үшін барын салған дәрігерлер қауымына, медбикелерге айтар алғысым шексіз. Массаж жасаған Алтынай Құмарқызына да ризамын. Баршаңызды кәсіби мерекемен құттықтап, қызметтеріңізге жеміс тілеймін! Күрделі саладағы еңбектеріңіз елене
берсін!

 

А.ИМАНҒАЗИНА,  Павлодар қаласының тұрғыны.