Мүгедектігі бар жандарға арнайы жұмыс орнын жабдықтау шығындарын мемлекет субсидиялайды. Алайда көпшілік бұл қолдау жөнінде біле бермейтін көрінеді. Төменде осы мәселе төңірегінде маңызды ақпараттарды бөліскенді жөн көрдік.

ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің айтуынша, Әлеуметтік кодекс талаптарына сәйкес жергілікті атқарушы органдар мүгедектігі бар адамдар үшін 2-4 пайызға дейін квота белгілеген. Осы жылдың алғашқы алты айында 7,9 мың қазақстандық аталған квота арқылы жұмысқа кірген. Сонымен қатар, арнайы жұмыс орнын жабдықтауға байланысты жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау да қарастырылған. Аталмыш қолдау жұмыс берушілерге арнайы жұмыс орындарын жарақтандыру үшін жабдық сатып алуға, монтаждауға және орнатуға жұмсалған шығынды өтеу мақсатында үлестірілмек. Министрліктің мәліметінше, биылдан бастап жұмыс берушілердің 1 млн теңгеге дейінгі шығындары өтелуде екен. Бұл бағыттағы жұмыстарға 2023 жылы 207 адам үшін 214,2 млн теңге қарастырылған. Жалпы, жабдықталған арнайы жұмыс орындарына алынатын мүгедектегі бар адамдардың жалақысы үш жыл ішінде үздіксіз субсидияланады деп жоспарланған. Мәселен, бірінші жылы жалақының 70 пайызын мемлекет, 30 пайызын жұмыс беруші субсидиялайды. Екінші жылы 65 пайызын мемлекет, 35 пайызын жұмыс беруші, үшінші жыл 60 пайызын мемлекет, 40 пайызын жұмыс беруші өтейді. Осы мақсатқа, яғни жалақыны субсидиялауға биыл 90 млн теңге бөлінген. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары Кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасында да қарастырылған. Онда жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар және азаматтардың жекелеген санаттары, оның ішінде мүгедектігі барлар, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар мен біліктіліктері бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарынан, «Электронды еңбек биржасы» базасында (skills.enbek.kz) онлайн оқытудан өтуге, бизнес-идеяларды іске асыру үшін өтеусіз грант алуға, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» және «Ұрпақтар келісімшарты» жоба-ларына қатысуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда еліміз бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 25 мыңға жуық мүгедектігі бар адам қамтылған екен.

Н.АҚЫТЕГІ.