Мұрағат ісінің майталманы

Жел 18, 2025

Көпшілік үшін мұрағат – шаң басқан сөрелер мен сарғайған құжаттардың тыныш мекені. Бірақ дәл осы үнсіздік арасында күн сайын елдің жадын жүйелеп, жоғалған деректерді қайта тірілтіп жүрген мамандар бар. Солардың бірі – Қымбат Серікбаева. Ол — тарихты көзге көрінбес, бірақ қоғамға ауадай қажет дәлдікпен сақтайтын мұрағатшы.

Қымбат Сайлаубайқызы 1976 жылы Лебяжі ауданы (қазіргі) Шарбақты ауылында дүниеге келген. Павлодар қаласындағы Агроөнеркәсіптік техникумында 1993-1995 жылдар аралығында «Іс жүргізу жұмысын ұйымдастырушы-архивші» квалификациясын алды. Содан кейін 2009-2013 жылдарда Павлодар қаласындағы Инновациялық Еуразия университетінің «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша білімін жалғастырды.

– Студент кезде жетекшіміз біздің топты облыстық мемлекеттік архивке экскурсияға апарды. Сол кезде алғаш рет архив қоймаларын өз көзіммен көрдім. Архивте сақталып жатқан құжаттардың құндылығын, жауапкершілігін көріп, таңғалып, сол кезден бастап мамандығым жөнінде көп ойлана бастадым. Оқуымды бітірген соң архив саласының маманы боламын деп шештім, – дейді ол.

Қазіргі уақытта Қымбат Сайлаубайқызы облыстық мемлекеттік архивке қарасты Аққулы филиа-лында еңбек етеді. Онда 113 қор, 37 827 құжат бар. Негізгі қызмет бойынша құжаттарға ұйымдар, мекемелер мен кәсіпорындардың, ауданның совхоздары мен колхоздарының негізгі қызметіне қатысты бұйрықтар, штаттық кестелер және шығындар сметасы, жылдық статистикалық есептер және басқа да құжаттар жинақталған.

– Жеке құрам бойынша құжаттарды бұйрықтар, дербес есепшоттар және қызметкерлерге еңбекақыны аудару тізімдемесі құрайды. Жеке тектік құжаттар бойынша 514 құжат бар. Сақтаудағы құжаттар 1927-2020 жылдар аралығын қамтиды. Жеке тектік құжаттар қорлары – ішкі істер органының ардагері М.Садықовтың, Ұлы Отан соғысы ардагерлері – М.Қарабаевтың, Қ.Рақымбаевтың, Н.Даниловтың, Д.Сальниковтың, И.Кобляковтың, К.Кашовтың, Ж.Әйтымовтың, партия және еңбек ардагері, ГУЛАГ лагерінің бұрынғы тұтқыны Қ.Әкіжановтың, партия және еңбек ардагерлері – Ш.Садықованың, Б.Әбенованың, Еңбек ардагері, алғашқы тың игерушілердің бірі И.Яценконың, Кеңес одағы Коммунистік партиясы ХХVI съезінің делегаты, еңбек ардагері К.Әмринаның, білікті ұстаз, аудандық мәслихаттың депутаты, еңбек ардагері Ж.Молдакәрімо-ваның, білікті ұстаз, еңбек ардагері Д.Садықованың құжаттарынан тұрады. Қорларда ардагерлердің өмірбаяндық құжаттары, қоғамдық-саяси және еңбек кезеңдерін қамтитын құжаттар, марапаттаулар, орден-медальдары, құттықтау хаттары және фотосуреттері сақтаулы тұр. Олар білім ордаларында дәрістер өткізу барысында пайдаланылады, – деп атап өтті Қ.Серікбаева.

Иә, бүгінгі құжат – ертеңгі архивтің құнды қазынасы. Тамыры тереңнен бастау алатын еліміздің өткен өмірі тарих беттерінен орын алған. Ал бүгінгі күнге дейін мемлекетіміздің даму жолында атқарылған істердің айқын дәлелі ретінде сақталатын іс-қағаздар мен құжаттар — бүгінгі ұрпаққа құнды қор.

Біз болашағымыздың ізгілікке толы болуы үшін өткенімізді ұмытпауымыз керек. Басты міндет – қоғам үшін бағалы құжаттардың бәрін де сақтай білу екенін естен шығармау керек. Архив құжаттары – баға жетпес байлық, мемлекеттің, халықтың асыл қазынасы.

Айдана БОРАНБАЕВА.