Бүгін аймақ өмірінің айнасына айналған облыстық «Saryarqa samaly» газе-тінің алғашқы нөмірі шыққанына тура — 95 жыл. Мерейтой қарсаңында  облыстық басылымның 65 жылдан бергі тұрақты оқырманы әрі авторы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Мұхтар Әбеновтің шаңырағында болып қайттық. Сапар барысында газеттің тыныс-тіршілігі, қоғамдағы рөлі мен маңызы жайлы әңгіме өрбіттік.

Бір ғасырға жуық тарихы бар «Saryarqa samaly» газеті алдымен ормандай оқырманымен еңселі. Ат жалын тартып мініп, азамат болған күннен бүгінге дейін басылымнан бір елі ажырамай, берен достықтан айнымай келе жатқан бекзада оқырманы барда газеттің ұлтпен бірге жасай беретіндігі де — өмір шындығы.

Ұлттың үніне айналған басылымның дәл осы сипаттағы бір оқырманы — Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентінде тұратын Мұхтар Зәпішұлы Әбенов. Ол — «Saryarqa samaly» газетінің ең егде жанашыры. Бұлай деп кесіп айтуымызға қадірменді қарияның тоқсаннан асқан жасы ғана емес, ел газетінде не жарияланғанына әлі күнге дейін құлақ түріп отыратын ежелгі дағдысы негіз бола алады. Осы жылы бұйырса ата басылымның ақсақал оқырманы 92 жастың белесін бағындырмақ. Мұхтар ата басылымға өткен ғасырдың 50-інші жылдарынан бері жазылып, бүгінге дейін бірде-бір санын құр жібермей оқиды.

Жұмыс барысында тұрақты оқырманымызбен сұхбаттасу үшін Баянауыл ауданына қарасты Майқайың кентіне арнайы іздеп бардық. Біз үйіне барып, амандық сұрасқан соң, атамыз өзінің жұмыс бөлмесінің оң жақ қапталындағы біркелкі жиюлы тұрған газет тігінділерін бір-бірден шығара бастады. Бір қызығы, 90-нан асқан атамыздың есте сақтау қабілеті өте жақсы. Қай мақаланың қай жерде тұрғанын анық біледі.

Әңгіме барысында Мұхтар Зәпішұлының газеттің әр шығарылымын ұқыптылықпен жинағанын байқадық. Мәселен, күні бүгінге дейін Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев секілді тұлғалар туралы жазылған мақалаларды рет-ретімен жинап, әр тұлғаға жеке папка арнаған. Кейбір кітапханалар мен архивтерде сақталмаған басылымның қиындыларын осы бұрыштан табуға болады.

— Газет — қоғамның айнасы. 95 жылдық тарихы бар «Saryarqa samaly» газетімен өткен ғасырдың 1956 жылынан бері таныспын. Мен оқи бастағанда «Қызыл ту» деген атаумен шығатын. Ол кездегі бас редактор Әзілхан Нұршайықов екені есімде қалыпты, — деп әңгімесін бастады ақсақал.

Қарияның бүгінге дейін газеттің тігіндісін жинап, соған көзінің қарашығындай қарап, қаз- қалпында сақтап келгенін жары Әнна Ыбырайқызы растайды.

— Мәкеңмен отау құрғанымызға биыл 60 жыл. Жұмысына өте тиянақты адам. Зейнеткерлік жасқа шыққаннан күні бүгінге дейін қоғамдық шараларға жиі қатысады. Осы Майқайыңда мәдениет үйінің жанынан өлкетану музейін ашты. Оған 2 мыңнан астам фотосурет тапсырды. Әлі де толықтырамын деп жоспарлап отыр. Ал оның кен саласындағы еңбегі, ұйымдастырушылық қабілеті —
бөлек әңгіме. Сонау 50-інші жылдардан бері бұл газетті оқып келеміз. Мақалалары тұшымды. Кейде жолдасымнан газетті оқуға әзер сұрап аламын. Өйткені, газеттің тігінділері өз орнында, бұрынғы қалпында сақталып тұруы тиіс, — деп күліп баяндады құдай қосқан жары.

Мұхтар Әбенов Майқайың кентіндегі кен орнында қызмет ете жүріп, қаламын қолынан тастамай, республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі басылымдармен қарым-қатынасын үзбеді. Күні бүгінге дейін өлке тарихына, ұлт тәрбиесіне қатысты ойлы мақалалары газет-журнал беттерінде үзбей жарияланып келеді. Әр басылымдарда түйткілді мәселелерді көтереді. Соның нәтижесі болар, осыдан біраз уақыт бұрын аталған кентегі орта мектепке жазушы Мұхтар Әуезовтың есімі берілді.

— 50-інші жылдардан бері газеттің әр нөмірін үзбей оқимын. Оқумен қатар, мақалаларым да жарияланып тұрады. Осыдан біраз уақыт Майқайың кентіндегі орта мектепке жазушы Мұхтар Әуезовтің есімін беру туралы талай мәселе көтердім. Одан бөлек, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Зекебай Солтанбаев және Майқайыңның тарихы мен дамуы жайлы бірқатар мақала жаздым. Оларды осы басылымда жариялауға беріп тұрдым. Әлі де жолдаймын. Редакция ұжымы сөзімді екі етпей, материалдарын басып отырады, — дейді М.Әбенов.

— Бала күнімнен газет-журнал, кітапты сүйіп оқимын. Қазіргі жастарға, тіпті таңырқай қараймын. Өйткені, олар кітап оқымайды. Солардың қалай таң атырып, кеш батыратынын түсінбеймін. Газет оқымасам, бір дүние кем боп тұрғандай көрінеді. Ол аяқтың астына тастай салатын оңай дүние емес. Бұл — қаншама еңбектің нәтижесі. Оның бетінде қанша адамның тағдыры, бейнесі, суреті салынады. Ата тарихымыздан үзінділер де кездеседі. Сондықтан оның әр нөмірін сақтап, жинап жүремін, – деп жалғастырды өз сөзін ақсақал.

Қазір көпшілікке ғаламторсыз өмір сүру мүмкін еместей көрінеді. Себебі, шұғыл ақпаратты осы әлеуметтік желіден таба алады. Дегенмен, «Маған интернет ақтарғаннан гөрі газет-журнал оқыған әлдеқайда ыңғайлы» дейтіндер де аз емес. Бұл пікірді Мұхтар Әбенов те қолдайды.

— Ақпарат құралының өкілдеріне деген бұқараның сенімі жылдан-жылға арта түспесе, кеміген жоқ. Халық қоғамдағы күрмеуі қиын мәселенің түйінін тарқату үшін кейде БАҚ-ның көмегіне жүгініп жатады. Бұл баспасөздің төртінші билік деңгейінен түспегендігін көрсетсе керек. Газет — әу бастан шындықтың айнасы, адамгершілік пен ізгіліктің үлгісі. Биыл 95 жылдық мерейтойын атап өтетін облыстық «Saryarqa samaly» газеті де Ахметше айтсақ, «халықтың көзі, құлағы, һәм тілі» болып аймақпен бірге жасасып келеді, — дейді ол.

Мұхтар Зәпішұлының айтуынша, осыдан 5-6 жыл бұрын қазақ газеттері жойылады деген болжамдар жасалған. Алайда уақыттың өзі көрсетіп отырғандай, жоғала қойған жоқ. Қарыштап дамыған Жапонияның өзінде қазір жастарды кітапқа жақындату мемлекеттік тұрғыда қолға алынып жатыр. Өйткені цифрлы техника алдымен адам денсаулығына зиян. Интернет адамның ойлануына мүмкіндік бермейді, жалқаулыққа жетелейді.

– Газетті қолға ұстап, иісін сезіп оқығанға не жетсін?! Ой-өрісің кеңейіп, жан дүниеңді байытады. Анығында, шағын экранның арғы жағындағы кей жұтаң дүниелерді көргеннен ел ішіндегі жаңалықты, елеулі оқиғаны, рухани-танымдық мақалаларды газет арқылы қолыңа ұстап оқығанның орны тым бөлек. Кітап оқудан алшақтап, ойын қағаз бетіне түсіре алмайтын ұрпақ өспесін десек, газеттен бас тартпауымыз керек. Газет болған, бар, бола бермек. Себебі газет біз секілді оқырманымен ғұмырлы. Жүз жылға жуық уақыт халыққа еңбек етіп келе жатқан газеттің мерейтойы құтты болсын. Оқырманы көп болсын! – деп сөзін түйіндеді ақсақал.

 

Жоғарыда айтқандай, газет — оқырманымен ғұмырлы. Оқырманы жоқ басылым  қанатсыз құспен тең. Осы орайда «Saryarqa samaly» газетінің жылдан-жылға жолынан жаңылмай, үрдісін жалғастырып келе жатқанына оқырмандардың да өзіндік септігі бар. Басылым бетіне жарияланған мақалаларға сын-пікір айтып, журналистің ойына ой қосып отыратын оқырман журналистің шабытын шалқытып, газет жұмысының жандануына атсалысады. Жасыратыны жоқ, газетке жазылып, тұрақты оқырманы болу да сол басылымды өміршең етеді. Олай болса құрметті оқырман, аймақтың төл басылымы төріңізден түспей, өңір жаңалықтарынан әрдайым хабардар болып отырыңыз демекпіз.

Айдана БОРАНБАЕВА, Майқайың кенті, Баянауыл ауданы.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.