Павлодарлықтар Құрбан айт мейрамын жоғары деңгейде өткізді. Мұсылман жамағаты таңғы сағат 6.00-де мешіттерге жиналып, уағыз тыңдап, Айт намазын оқыды. Содан кейін қалалықтар «Құлагер» атшабарына барып, жылдағы дәстүр бойынша құрбандық шалды. Өңірдегі мешіт қызметкерлері, медресе ұстаздары мен шәкірттері тұрғындарға құрбандық шалу бойынша көмек көрсетті.
Мереке түстен кейін Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің ауласында жалғасты. Онда балалар арасында сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылып, сыйлықтар үлестірілді. Жас жеткіншектерге Қазақ елінің тарихы, сал-дәстүріміздің ерекшелігі, асыл дініміздің құндылғы, Исламның парыздары, иманның шарттары, Пайғамбарымыздың өмір-тарихы хақында маңызды сұрақтар қойылды. Балалар да шетінен белсенді қатысып, барлық сұрақтарға жауап беріп, ұйымдастырушылар дайындаған ойыншықтарды алып қайтты. Ал мешіттің ауласына балаларға арналған батуттар құрылып, аниматорлар түрлі қызықты ойындар өткізді. Сонымен қатар, ересектер арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Сегіз қырлы, бір сырлы жастар қазақ күресінен, садақ атудан, қол күресінен, гир тасын көтеруден және арқан тартудан бақ сынап, алып күш иелерін анықтап жатты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқар-масының Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас қажы Қоспақұлы барша жиналған қауымды Құрбан айт мерекесімен құттықтап, елімізге амандық, Отанымызға тыныштық тіледі.
— Бүгін, Аллаға шүкір, қасиетті Құрбан айт мерекесін жоғары деңгейде өткізіп жатырмыз. Құрбан айт — Аллаға ризашылық айтып, жаратушыға шүкірлік қылатын діни мереке. Бұл мереке бір-біріміздә кешіретін, бір-бірімізге мейірбандылық танытатын ізгілікке толы мейрам. Бұл — барша мұсылман қауым үшін Аллаға жақындайтын және жаратушының разылығын алатын қасиетті күн. Бұл — жылына бір рет еліміздің тыныштығы, отбасымыздың тұтастығы, өзіміздің жан амандығымыз үшін құрбандық шалып, жоқ-жітікке көмек көрсететін қасиетті мереке. Баршаңызды бүгінгі Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын, — деді Жолдас қажы.
Мешіт қызметкерлерінің сөзінше, Құрбан айттың үш күнінде «Құлагер» ипподромында қала тұрғындары 7 мыңға жуық ұсақ малды құрбандыққа шалған. Сонымен қатар, 170-тен астам сиыр Алла разылығы үшін құрбандыққа шалынды. Мереке күндері 4108 мұқтаж отбасыға және 5 мекемеге құрбандықтың еті таратылды.
Ал ҚМДБ-ның мәліметінше, республика көлемінде жалпы саны 36 046 мал құрбандыққа шалынды. Атап айтқанда, 31 906 бас қой, 1 973 бас ешкі, 2 119 сиыр және 48 түйе құрбандыққа шалыныпты. Құрбандық еттері арнайы қабылдау пункттеріне жиналып, дін қызметкерлері мен еріктілердің қатысуымен мұқтаж жандарға үлестірілді. Нәтижесінде 81 793 отбасыға құрбандық еті жеткізіліп берілді. Бұған қоса, арнайы сойылған малдың еттері еліміздегі 1236 әлеуметтік мекемеге – мүмкіндігі шектеулі жандар қорларына, зағиптар қоғамына, ауруханалар мен қарттар үйлеріне таратылды.
Айта кету керек, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен «Qurban 2025» республикалық қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Сонымен қатар, арнайы республикалық штаб құрылып, құрбан шалу рәсімдерін жүйелі түрде үйлестіріп, бүкіл ел бойынша ауқымды қайырымдылық жұмыстарын атқарды.
Тілеуберді Сахаба.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.