МӘМС мол мүмкіндік сыйлайды

Қаң 8, 2026

Биыл Қазақстандағы  денсаулық сақтау саласы дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. 2026 жылдан бастап медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесінің тұрақтылығын күшейтуге және медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған ауқымды іс жүзеге асырылады.

Жарнаны әкімдік төлейді

2026 жылдан бастап сақтандырылған азаматтар МӘМС шеңберінде жоспарлы медициналық қызметті толық көлемде ала алады. Қазақстанда 17 миллионға жуық адам, яғни халықтың 82 пайыздан астамы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Оның ішінде 12 миллионнан астам азамат жеңілдік санатына кіреді, ал 4,5 миллионнан астамы жарнаны өз қалтасынан төлеп отыр.

Реформаның негізгі бағыттарының бірі  — бұған дейін сақтандырудан тыс қалған азаматтар жүйеге енгізіледі. Бұдан былай жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санатқа жататын азаматтар үшін сақтандыру жарналарын төлейді. Бұл жаңашылдық әлеуметтік осал топтарды медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да жергілікті бюджет есебінен сақтандыру жүйесіне қосылады. Бұл өзгерістер жергілікті әкімдіктердің халықты жұмыспен қамту, жаңа жұмыс орындарын құру, кедейлікті азайту секілді әлеуметтік-экономикалық бағыттардағы жауапкершілігін арттырады. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сақтандырылған мәртебені сақтаудың неғұрлым икемді тетігін ұсынуда.

Павлодар облысында халықтың 85 пайызы сақтандырылған. Халықтың әлеуметтік осал санаттары үшін медициналық сақтандыруға төлемдер жоғарыда айтқанымыздай, жергілікті бюджеттен төленеді. Бұл жаңашылдық әлеуметтік осал топтарды медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Осылайша, аймағымызда 31 мыңнан астам адам үшін атқарушы орган жарна төлемек.

Уақытша үзіліс беріледі

Реформада халыққа жағымды тағы бір өзгеріс бар. Бұдан былай, жарналарды тұрақты түрде төлеп келген азаматтар белгілі бір себептермен ай сайынғы жарнаны аудара алмаса, медициналық қызметті ала береді. Яғни, уақытша үзіліс рұқсат етіледі. Дәлірек айтсақ, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жарна аудара алмай қалған тұрғындар қажетті медициналық көмекті 6 ай көлемінде тегін ала алады. Мұндай мүмкіндік 5 жыл көлемінде МӘМС-ке тұрақты түрде жарна төлеген азаматтарға ғана беріледі. Бірақ жұмысқа шығып, ай сайынғы жарнаны төлеуге мүмкіндігі болған жағдайда жарна аудармаған айлар үшін төлемді толық жасауға міндетті.

Атап өтерлігі, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар табыстың жоқтығына байланысты ай сайынғы төленетін жарнаны аудара алмаса, соңғы бір жылға толық төлеуі арқылы ғана мәртебеге ие бола алады. Олар айына
4 250 теңге немесе жылына 51 мың теңге төлей отырып, МӘМС аясындағы барлық қызметтерді пайдаланса болады. Мұндай мүмкіндік өзге тұрғындарға қарастырылмайды.

Тізім жаңартылды

2026 жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімі жаңартылды. Сақтандыру мәртебесіне қарамастан онкоскринингтер тегін әрі барлық азаматтар үшін қолжетімді болады. Скринингтік зерттеулер МӘМС пакетінен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі пакетіне ауыстырылды. Бұл өзгеріс  халыққа жатыр мойны обыры, сүт безі обыры, колоректальды қатерлі ісік, артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, глаукома, вирустық гепатит сияқты ауруларды алдын ала тегін анықтауға мүмкіндік береді.  Скрининг арқылы медицина қызметкерлері ағзадағы  ауруларды ерте анықтап, қажетті ем тағайындайды.

Атап өтерлігі, 8 әлеуметтік маңызы бар ауру бойынша тегін кеңес беріліп, диагностикалық көмек көрсетіледі. Яғни, туберкулез, АИТВ (ВИЧ), гепатит және бауыр циррозы, қатерлі ісік, психикалық және мінез-құлық ауытқулары, сирек кездесетін аурулар, миокард инфарктісі, инсульт сынды сырқат түрлерін емдеу ақысыз негізде жүргізіледі. Бұрын мұндай көмек тек туберкулез бен АИТВ бойынша тегін көрсетілетін. Бұған дейін бұл аурулар негізінен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде қамтылып келді. Бұл ретте емделуге, дәрі-дәрмекпен қамтылуға және оңалтуға қолже-
тімділік сақталады. Тек қаржыландыру көзі өзгереді.

Биылдан бастап МӘМС-тің базалық пакетіне амбулаториялық диализ, кеңес беру және диагностикалық көмек, амбула-ториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, жоспарлы түрде стационарлық және стационарды алмастыратын көмек енгізілді. Мұндай көмек 12 созылмалы ауру түрлеріне көрсетіледі. Яғни, бауыр, қан және қан түзетін органдар аурулары, асқазан-ішек жолдарының жоғарғы бөлімдерінің сырқаттары, инфекциялық энтерит, буын және омыртқа аурулары, қалқанша безі аурулары, қуықасты безінің гиперплазиясы, сүт безінің қатерсіз дисплазиясы, бронхо-өкпе дисплазия, жүрек және даму ақаулары да тегін емделеді.

Бүйрек ауыстыру — тегін

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Аида Балаева өткен жылдың соңында денсаулық сақтау саласына енгізілген тағы бір жағымды жаңалықпен бөлісті. Ол созылмалы бүйрек жетіспеушілігі бар азаматтарға да айрықша қолдау көрсетілетінін атап өтті.

— 1,5 миллион қазақстандық артериялық гипертензия диагнозымен есепте тұр. Жыл сайын осы сырқаттың асқынуынан 50 мыңнан астам инсульт және инфаркт жағдайы тіркеледі. 2026 жылдан бастап мұндай науқастарға көрсетілетін барлық қажетті медициналық қызметтер міндетті медициналық сақтандыру есебінен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, елімізде 25 мыңнан астам азамат созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен өмір сүрсе, олардың 8 мыңы гемодиализге мұқтаж. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бақылау, диагностика, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, гемодиализ және тіпті, бүйрек трансплантациясы міндетті медициналық сақтандыру пакеті арқылы сақтандырылған азаматтарға қосымша шығынсыз қолжетімді болады, — деді А.Балаева.

Вице-премьердің айтуынша, қант диабеті  — әлемдегі  кең тараған инфекциялық емес аурулардың бірі. Қазақ-станда бұл диагнозбен шамамен 500 мың адам тіркеуде тұр. Бұл ауру тұрақты бақылауды талап етеді. Мысалы, анализ тапсыру, дәрігер кеңесі, емді түзету және басқа да шаралар бар.

2026 жылдан бастап қант диабеті бар азаматтардың емделуі мен диспансерлік бақылауы толығымен міндетті медици-налық сақтандыру жүйесіне енгізіледі. Демек, барлық жоспарлы  қабылдау, қажетті зерттеу мен дәрі-дәрмек қосымша төлемсіз беріледі. Ең басты шарт —  науқас міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болуы тиіс.

Қазақстанда 1,5 миллион адам артериалды гипертензия бойынша есепте тұр. Жыл сайын мидың қан айналымы мен жүрек бұлшық етінің бұзылуының (инсульт, инфаркт) 50 мыңға жуық жағдайы тіркеледі.

Аталған ауруларды емдеу құны заманауи жоғары тиімді технологияларды қолдануға байланысты 7 миллион теңгені құрайды, бұл соманы әркімнің қалтасы көтере алмайтыны анық.

Цифрландыру жалғасады

Реформа аясында медицина қызмет-керлеріне де ерекше көңіл бөлінуде. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерін материалдық ынталандырудың жаңа тетіктерін әзірлеуде. 2026 жылдан бастап енгізілуі мүмкін қосымша төлемдер мен қолдау шаралары мамандықтың беделін арттыруға және білікті кадрларды  ұстап қалуға бағытталмақ.

Саланы  цифрландыру да — маңызды басымдықтардың бірі. Электрондық сервистерді кеңейту, медициналық және сақтандыру деректер базаларын интегра-циялау, сондай-ақ МӘМС қаражатын бақылауды күшейту жоспарлануда. Бола-шақта цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект элементтері медициналық қызметтердің сапасын басқаруға және жүйенің ашықтығын арттыруға қызмет етеді.

Реформа тек қаржылық және басқару-шылық өзгерістермен шектелмейді. Мемлекет ауруханалар, емханалар мен мамандандырылған орталықтарды салу және жаңғырту жұмыстарын жалғастырады. Бұл әсіресе, өңірлер үшін аса маңызды, өйткені сапалы медициналық көмекке қолжетімділік — халықтың негізгі сұранысы. Жаңа реформа тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге жағдай туғызып, қызметке қолжетімділікті арттырса деген тілегіміз бар.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.