Мән-маңызымен аталуы тиіс

Нау 13, 2025

Ұлыстың ұлы күні мән-маңызымен жоғары деңгейде аталып өтуі тиіс. Аймақ басшысы осындай талап қойып отыр. Нақтысы, Наурыз мейрамын ұйымдастыруда түпкі негізіне маңыз беру керектігін, көрермендер қатарын барынша толықтыру қажеттігін атап өтті.

Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында Ұлттық мейрам бір күнмен шектелмейтіні айтылды. Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов былтыр Мемлекет басшысы мақұлдаған Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес жаңартылған форматта – Наурызнама онкүндігі аясында өтетінін мәлімдеді.

— Наурызнаманың әрбір күні қоғам өмірінің жекелеген аспектісіне арналған. Бұл мерекенің мағынасы мен мәнін тереңдетуге мүмкіндік береді. Жаңару жеке қарым-қатынастардан бастап қоғамдық құндылықтарға дейінгі барлық салаларды қамтиды, — деді Ә.Сейдуманов.

14 наурыз «Көрісу – Амал мерекесінен» басталады. Келесі күні қайырымдылық, татулық, мейірімділікке арналмақ. Жалпы-ұлттық қайырымдылық акциясы ұйымдастырылады, оған барлық аудандар мен қалалар атсалысады деп күтілуде. Шаңырақ күнінде отбасы құндылықтары дәріптелсе, 17 наурызда мәдениет, өнер және ұлттық құндылықтар насихатталады. Ұлттық киім күнінде сәнді киімдер көрсетілімі, этнофестивальдер өткізілмек. Жаңару күні «Наурыз – елдің заманауи тарихындағы ауқымды өзгерістерге жол ашқан жаңа саяси кезеңнің бастауы» деген идеологеманы бекіту үшін білім беру мекемелерінде таңымдық сағаттарын өткізу жоспарланыпты.  Ұлттық спорт күні түрлі жарыстар ұйымдастырылып, ұлттық спорт салтанат құрмақ. Ынтымақ күні Мемлекет басшысының қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтауы күтілуде. Этномәдени  бірлестіктерінің өкілдері Наурыз мейрамы – Ынтымақ  мерекесі  атты  құттықтауларын жарияламақ. 22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні толығымен мерекелік атмосфера орнап, өңірде этноауылдар мен жалпыға арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал онкүндіктің соңғы күні Тазару күні деп аталған. Аты айтып тұрғандай, бұл күні жалпыұлттық экологиялық акция бастау алады.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның мәлімдеуінше, өңірімізде Наурыз мейрамын мерекелеу аясында 2000-нан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Наурызнама онкүндігінің әр күніне лайықтап өнер көрсетіледі. Түрлі көрсетілімдер ұйымдастырылады. Бүгін әнші, ақын Жаяу Мұсаның 190 жылдығына орай «Жігіттер, шамаң келсе маған ұқса» тақырыбында жас ақындар арасында ақындар айтысымен мәдени шаралар шеруі бастау алмақ. Бүгін сондай-ақ, «Ертіс» музейінде «Сырмақ time» облыстық сырмақ сыру байқауы ұйымдастырылуда.

Ұлыстың ұлы күніне орай облыста 157 киіз үй тігіледі. Оның 31-і Павлодар қаласында орнатылады. Оның ішінде 10-ы тақырыптық көрме киіз үйлері болмақ. Облыстың қалалары мен аудандарда көпшілік мерекелік іс-шаралар 22 наурыз күні орталық алаңдарда сағат 11.00-ден 14.00-ге дейін өткізіледі. Облыс орталығында орналасқан бас сахнаның жүргізушілері — Бексұлтан Әкімжан және Гүлнұр Оразымбетова.

Мерекелік концертке Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясының әншілері, ұжымдары және арнайы шақы-рылған қонақтар – Мархаба Сәби мен «Әгугай» ансамблі. Кешкі концертке TURAR мен Мадина Сәдуақасова қатысады. Екібастұздықтар Қуандық Рахым және Алтынай Жорабаеваның өнерін тамашаласа, ақсулықтар «Алатау серілері» тобының ән-шашуына куә бола алады. Бұдан бөлек, облыс орталығында коммерциялық жобалар да іске асады. 17-18 наурыз күндері Естай атындағы мәдениет сарайында «Астана Балеті» Бизе-Щедриннің «Кармен-Сюита» балеті көрсетілсе, 19 наурызда Мария Мудряктың концерті өтеді.

Облыс әкімі Асайын Байханов мәні де, сәні де жарасымды ұлттық мейрамымызды жоғары деңгейде атап өту қажеттігін айтты. Іс-шаралардың маңызын арттыру үшін ақсақалдар кеңесін, аналар кеңесін, қоғамдық ұйым басшыларын, мүшелерін тартып, мән-маңызын ұрпаққа тереңінен жеткізу керек. Президенттің бастамасымен қолға алынған Наурызнаманың әр күні мағыналы өтуі тиіс, деді.

Айта кету керек, мейрамның бір ажырамас бөлігі – ұлттық ойындар. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Азамат Имашевтің мәлімдеуінше, аймақта 70-тен астам бұқаралық спорттық шара өтеді. Осы ретте, облыс әкімі ұлттық спорт түрлері кеңінен насихатталатын Ұлттық мейрам мүмкіндіктерін толығымен пайдаланып қалуды тапсырды. Сондай-ақ, бұл шараларға жаңа көрермендер тартуға маңыз беру керектігін атап өтті.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.