Өткен қыркүйек айының 4 жұлдызында мұсылман күнтізбесіндегі Рабиғул әууәл айы басталғанын хабарлаған едік. Бұл — Алланың елшісі дүниеге келген қасиетті ай. Мұны мұсылман қауым Мәуліт мерекесі деп атап, ерекше құрметпен қараған. Жақында Екібастұз қалалық мешітінде Мәуліт мерекесіне арналған рухани кеш өтіп, Алла елшісінің өнегелі өсиеті, өмірбаяны насихатталды.
Мәуліт түні — Қадір түнінен кейінгі ең қадірлі түн. Бұл түні пайғамбарымыздың туғанына қуанғандар кешіріледі дейді дінімізде.
Шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы қатысып, барша мұсылман қауымды адамзаттың асылы дүниеге келген ұлық аймен құттықтады. Сонымен қатар, Павлодар қаласындағы «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінің шәкірттері қатысып, ұлы елшінің құрметіне салауаттар айтты. Облыстың бас имамы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаяны туралы және Мәуліт мерекесінің шығуы мен маңыздылығы хақында уағыз-насихат айтты.
— Бұл – адамзаттың абзалы, екі дүниенің сардары болған Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы. Сондай-ақ, осы айда өмірден өтті. Алла елшісі дүниеге келген Мәуліт айында тәлім мен тәрбиеге толы рухани кештер, кездесулер өтілуде. Мешіттерімізде Аллаға мадақ, пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтылып, тәуелсіз еліміздің рухани тұтастығы мен халықтар бірлігі үшін дұға жасалуда. Ең басты мақсатымыз – Алла елшісіне (с.ғ.с.) құрмет көрсету екенін естен шығармаған жөн. Себебі Пайғамбарға салауат айтудың маңызы зор, сауабы мол. Ол — Алланың ең сүйікті құлы, бізге Ислам дінін жеткізген адам. Сондықтан біз мұсылман ретінде иман еткенде Алланың бар екеніне, ұлық екеніне және Мұхаммед оның елшісі екеніне куәлік береміз. Сонымен қатар, осы мүмкіндікті пайдаланып, кері діни ағымдарға қарсы насихаттарға да орын берілді, — деді Жолдас Қоспақұлы.
Бұл мерекеде орындалатын ең ұлық, ең маңызды рәсімдердің бірі – Мәуліт оқу. Бұл пайғамбардың дүниеге келуін және оның өмірі мен миғражы туралы насихатты өлеңмен жеткізу, жырмен әспеттеу, көркем сөзбен мадақтау дегенді білдіреді. Алла елшісінің аты аталған жерде салауат оқу туралы қасиетті Құранда да, Пайғамбардың хадистерінде де айтылған.
«Ал құлым» деп бір Алла,
Қылады бізге мархабат.
Құрметіне бас иіп,
Айтайық тұрып салауат, — деп Алла елшісінің әзиз рухына арнап салауаттар айтылады. Осы шара барысында Мәуліт жырын «Әбу Бәкір Сыддық» медресесінен келген шәкірттер оқыды.
Екібастұз қалалық мешітінің бас имамы Нұрсейіт Омаров уағыз айтып, осы кештің өтуіне мұрындық болған азаматтарға алғысын білдірді. Ал жергілікті кәсіпкер Тамара Белгібай-қызы мерекелік дастархан жайып, алыс-жақыннан келген қонақтарға құрметін, қонақжайлығын білдірді. Жиын соңында жиналған жамағат арасында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірбаянына қатысты сұрақ-жауап сайысы өткізіліп, дұрыс жауап берген қатысушыларға сыйлықтар таратылды.
Екібастұз қалалық мешітінің наиб имамы Төлеген Мұратұлының айтуынша, мұнда Мәуліт мерекесі жыл сайын ұйымдастырылып, түрлі шаралар, рухани кештер, сұрақ-жауап сайыстар өткізіліп келеді.
— Бұрын мешітте жамағат аз болған кезде жергілікті ақсақалдар өздерінің үйлерінде Мәуліт кешін өткізіп, Пайғамбар рухына дұға бағыштап, салауат айтады екен. Кейін бұл шараның ауқымы кеңейіп, мешіттерде, мәдениет үйлерінде өтіп, бүкіл қала халқының тамашалауына мүмкіндік берілді. Осындай шаралардың арқасында қала тұрғындарының, әсіресе жас жеткіншектердің Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілігі артып, дінге деген көзқарастары өзгеріп жатыр. Екіншіден, мұндай жиындар ата дініміз бен дәстүрімізді мойындамайтын жат ағымдарға да айтарлықтай тосқауыл болды. Осындай шараларға қатысып, айтылған уағыз-насихаттарды санасына сіңірген, дәстүрлі құндылықтарды ойларына тоқыған жастар ешқандай жат ағымның арбауына, алдауына түспейтініне сенімдіміз, — деді мешіт қызметкері.
Тілеуберді САХАБА.