Елдегі достық пен бірлікті нығайтудың мәні Қазақстанның жетістіктерінің басты кілті деп ойлаймын. Өйткені, ұлтаралық қатынас мәдениеті ұлттардың айырмашылығына, тілі мен салт-дәстүріне және әдет-ғұрпына құрметпен қараудан басталады.
Біздің түріміз басқа болғанымен тілегіміз, мақсатымыз бір. Бала бойына дана халқымыздың мәдениетін, әдет-ғұрпын, тарихын кіш-кентайынан сіңіре білгеніміз жөн. Мектеп жасына дейінгі балалардың патриоттық сезімін қалыптастыруда тіл дамыту, көркем әдебиеттің алатын орны ерекше. Отанын сүйген, елі мен жерін қорғаған батырлардың ерлігі, ақындардың өлең-жырлары жас ұрпақтың бойына патриоттық сезімді қалыптастыруда маңызы зор.
Қазақстандағы барлық ұлт өкілі үшін ерекше саналатын Бірлік күнінде сенбіліктер өткізіп, ағаш отырғызу, қайырымдылық жәрмеңкелері қолға алынса құба-құп. Өзге ұлт өкілдері қазақтың спорттық ойындары бойынша жарысқа түссе, қазақ тілі мен әдебиетін, салт-дәстүрін, мәдениетін, тарихы мен қолөнерін жете меңгерген ұлт өкілдерінің арасында мәдени сайыстар өткізілсе деген ойым бар.
Бейбітшілік пен тұрақтылық – жалпыхалықтық жетістік. Көзі ашық, көкірегі ояу жастар мұны жақсы түсінеді. Сондықтан, бүгінде татулықты сақтап, айрандай ұйып отырған бірегей елдің тыныштығы мен берекесін арттыру маңызды.
Бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлыс өкілдерінің достығы мен өзара түсіністігі, еліміздегі ұлтаралық татулық, ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін!
Любовь БОГНАТ, «Белорусь» этномәдени бірлестігінің төрағасы.