Наурыз айы туғанда…

Нау 20, 2025

Көгілдір көктемнің келуі мен жаңа жылдың басталуын бейнелейтін Наурыз мейрамын мерекелеудің мән-маңызы жылдан-жылға артып келе жатқаны байқалады. Соның дәлеліндей, былтырдан бастап елімізде Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасы жасалып, бекітілген болатын. Сол бойынша 14 наурыз – Көрісу күнінен бастап, 23 наурыз –
Тазару күніне дейінгі Наурызнаманың онкүндігі жарияланды. Ұлыс күні қарсаңында оқырмандарымызға осынау он керемет күнге арналған айқарма жобаны ұсынғанды жөн көрдік.

Қайырымды жандарға алғыс

Қайырымдылық – ізгіліктің көрінісі. Оны жасау үшін асып-тасып бай болудың қажеті жоқ. Бастысы, мейірімді жүрек пен таза ниет болса жеткілікті. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әртүрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқау жүргендерді жұбата отырып күлкі сыйласа, екіншілері қиын сәтте қол ұшын беріп, қолдап жатады

Жуырда Май ауданы Қаратерек ауылының тұрғыны Азамат Қожахметовтің баспанасын өрт шарпып, жас отбасы қиын жағдайға тап болған еді. Көпбалалы отбасының басына түскен бұл оқиға аймақ тұрғындарын бейжай қалдырмады. Олар  облыстық зекет қорының бастамасымен жас отбасыға 1 млн 860 мың теңгеге қаражат жинап берді. Осы оқиғадан еңсесі түскен отбасы жаңа үй алуға қажетті қаржы табысталған соң көңіл орнына түсіп, қол ұшын созған қайырымды жандарға алғысын білдірді.

— Өрт – тілсіз жау. Оны алдын ала болжап білу мүмкін емес. Осындай қиын-қыстау кезеңде қол ұшын беріп, қолдау көрсеткен ағайынға мың алғыс! — дейді А.Қожахметов.

Бұл күн жақсылық жасауға, мұқтаж жандарға көмектесуге және қайырымды істерді көбейтуге арналған. Осы ретте «Ертіс Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыстық қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болып, жалғызбасты қарияларға қуаныш сыйлады.

Дәстүр дәріптеліп…

Наурыз – салт-дәстүрлеріміз жаңғырып, ұлттық құндылықтар ұлықталатын мейрам. Ал салт-дәстүр – ұлттың қазығы. Осы орайда өскелең ұрпақ арасында құндылықтарды дәріптеп, насихаттап жүрген жандардың бірі – «Қазақ аналары – дәстүрге жол» атты республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалының басшысы Айжан Әпсаттарова ұйым құрылғаннан бері талай жоба қолға алынып келе жатқанын айтты.

– Ұлттық құндылықтардың елімізде алатын орны өзгеше. Қазақтың салт-дәстүрін жаңғырту жастар санасын ояту деген сөз. Осындай ұлттық тәрбиенің арқасында ұлтжанды ұрпақты алға жетелейміз. Ұмыт болған дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды таныту – мақсаттарымыздың бірі. 2023 жылы филиал ашылған кезде ұйымымызда бар-жоғы үш адам болатын. Бүгінде 300-ден аса ана ортамызға қосылып, қоғамға пайдасы зор ортақ істі атқарып отырмыз. Осы уақытқа дейін 100-ден аса шара ұйымдастырып үлгердік. Оған қоса, қатарымыз кеңейіп, үлкен-кіші аралас қатысушылар жаңа жобаларды жүргізуде, – дейді  ол.

«Наурызнама» онкүндігін-дегі мәдениет және салт-дәстүр күніне орай өңірімізде бірнеше шара өткізілді. Солардың бірі – қаладағы сурет галереясының жаңаруы. Аталмыш мәдени шара аясында Н.Нұрмұхамедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейі «Наурыз Ерке Ертістің жағасында..» экспозициясында Ертіс-Баян өңірінің көркем мәтіндегі ұлттық колоритті көрсетті. Ашық аспан астында Ә.Игембаев, Ө.Шоранов, Қ.Нүркенов, С.Әбішева, Қ.Қаржасов, А.Атеева, Т.Төлеев танымал суретшілердің жұмыстары бейнеленген.

Батамен ел көгереді

Наурызнамадағы тағы бір күн Шаңыраққа арналған. «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» дегендей, бата — қазақ  халқының асыл қазынасы. Біз қашанда үлкенді сыйлап, кішіні құрметтеген елміз. Сондықтан қазыналы қарттарымыздың батасы – қасиетті, мағыналы, тек жақсылық тілейтін әдеп.

Кезінде ел қарияларының батасынсыз ешбір қазақ жауға немесе жолға аттанбаған. Сондай-ақ, қазақ қызын батасыз ұзатпаған, нәрестеге батасыз азан шақырып ат қоймаған. Батаны қазақ жұрты түрлі жамандықтан, қауіп-қатерден қорғайтын қалқан деп сенетіні жасырын емес. Сол себепті, бата жастарды ізгілікке, қайырымдылыққа және мейірімділік пен жақсылыққа жетелейді.

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Павлодар облысының және Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, республикалық бата беру байқауының екі мәрте жеңімпазы, ақын, күйші, сазгер, батагөй ақсақал Балтабай Сыздықов отбасында бата беру әдебі сақталатынын айтады.

— Екі қызымнан 5 жиен-немере сүйіп отырмын. Қазақ салтында ер адам бата береді. Екі ұл жиеніме бата берудің тәртібін үйреткенмін. Екеуі де ас қайыру батасын жақсы біледі. Отбасымызда дастарханға міндетті түрде бата беріледі. Өзім батаның 40-тан астам түрін жазғанмын. Барлық бата — өз еңбегім. Бұрынғы бата мал-жанға байланысты болса, қазіргі батаны заманауи жаңарттым. Екібастұз, Павлодар қалалары мен Баянауыл ауданында бата беруден оқушылар арасында 3 мәрте, ақсақалдар арасында бір мәрте байқау ұйымдастырып, батаны насихаттау мақсатында игілікті іс атқарудамын. Алдағы сәуір айында Шоң Едігеұлының 270 жылдығына арналған «Аталардың ақ батасы» деген байқау өткізбекшіміз. Батаның түрі көп. Адам өмірге келген сәтте шілдехана батасы, бесікке бөлеу батасы, тұсау кесу батасы, сүндет той батасы, ашамайға міну батасы, тоқымқағар батасы, тілашар батасы, т.б деп жалғаса береді. Әр бата осы қуаныштарға байланысты жөнімен беріледі, — дейді ақсақал.

Еске сала кетейік, облыста 17 наурыз — Шаңырақ күні тойланды. Бұл күні Н.Нұрмұ-хамедов атындағы облыстық көкркемсурет музейінде павлодарлық суретшілердің «Наурыз» мейрамына орай көрме ұйым-дастырылды.

Ұлт ажары

Ұлттық киім күні деп айрықша ат қойылып, Наурызнаманың бір күні ретінде таңдалуы бекер емес. Қазақта «Адам көркі – шүберек» дейді. Сәнімен, мәнімен киілген әрбір киім адамға өң береді, сұлулығын, өзіндік ерекшелігін толықтыра түседі. Ал ол киім қазақтың ұлттық киімі болса, тіпті көзтоярлық көрініске куә етеді. Қазақтың ұлттық киіміне деген қызығу-шылық соңғы жылдары арта түскенін байқаймыз. Тігіншілер де мұны растап отыр. Тереңкөлдік тігінші Айнагүл Сейітқали құрақ көрпемен қоса, балалардың ұлттық киімдеріне де тапсырыс
алады.

— Соңғы жылдары мектептерде сынып болып оқушылар бірдей ұлттық жилет киюге бетбұруда. Наурыз айы басталысымен бір ай бойы сабаққа ұлттық киіммен баруды көптеген мектептер дәстүрге айналдырып алды. Бұл айда мектепке жолыңыз түссе, қос бұрымды арулардың үстіндегі ұлттық нақыштағы жилеттермен бірге шолпыны да, шекелікті де көресіз. Қазақ қызының әсемдігін аша түседі. Бұл ұлттық бұйымдарға, киімдерге бүгінгі ұрпақтың сондай ықыласпен қарайтыны қуантады. Абысыным екеуіміз биыл екі айда бірнеше сыныптың оқушыларына біркелкі жилет тіктік. Әлі де бұл үрдіс үзілмей, қазақтығымызды айғақтай түсетін ұлттық киіміміз
жасай берсін деп тілеймін, — дейді Айнагүл Сейітқали.

Бағыт-бағдар белгіленеді

Наурызнама онкүндігінде 19 наурыз – Жаңару күні деп белгіленген. Бұл күн ел өміріндегі жаңа кезеңнің басталуын білдіреді. Жалпы, Ұлыстың ұлы күні — алдағы уақытқа мығым жоспар құратын кезең. Бұл — тек табиғаттың емес, қоғамдық-саяси өмірдің де жаңаратын уақыты.

Байқасақ, соңғы жылдары ірі саяси оқиғалар дәл 19 наурызға дөп келеді. Айталық, осыдан тура екі жыл бұрын Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа жүйе бойынша сайланып, іске кіріскен еді. Сол сияқты басты алқалы жиын – Ұлттық құрылтайдың да Наурыз мейрамы қарсаңында өтуі игі дәстүрге айналып келеді.

Ұлттық құрылтайдың мүшесі, облыстық мәслихат депутаты Серік Сәдуақасов жыл басы келісімен тұтас ел болып іргелі істерге қадам басып, болашаққа бағдарымызды айқындап алатынымызды алға тартты.

— Наурыз – күллі қазақ халқы шаттыққа бөленіп, шат-шадыман күйге енетін жалпыхалықтық мейрам. Оған қоса, жалпы қоғам боп жаңаратын, саяси өзгерістер орын алып жатады. Соның бір айғағы – Ұлттық құрылтай. Осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылған құрылтайда келелі мәселелер көтерілді. Айталық, биылғы жиында құрылтай мүшелері соңғы уақытта дүйім жұртты алаңдатып отырған әлеуметтік мәселелерді көтерді. Мемлекет басшысы ұлттық идеология, ономастика, мәдениет, жалпыұлттық бірлік, экономика сынды сан саланы қамтып, нақты міндеттерді белгілеп, тапсырмалар берді. Сол арқылы жаңа жылға жаңа жоспарлар түзілді. Бұл – жаңару кезеңінің нағыз көрінісі, — дейді С.Сәдуақасов.

Ұлттық ойын ұрпақты шынықтырады

Кейбір деректерге сүйенсек, көшпелі қазақ халқының дәстүрлі ұлттық спорт түрлерінің қоржынында 150-ге жуық ойын бар көрінеді. Ата-бабамыз бойындағы түрлі қасиет-қабілетті шынықтыру бағытында қолданған бұл ойындардың бір парасы бүгінгі қоғамымызда да кең дәріптеле бастады. Соның айқын дәлелі – былтыр ғана елімізде өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Осы дүбірлі додада Қазақстан намысын абыроймен қорғаған, бес асық ойынынан алтын алып келген жерлесіміз, Тереңкөл ауданы Аққайың орта мектебінің химия пәнінің мұғалімі Керім Жаздықбай да ұлттық ойынға деген көзқарастың оңалғанын, балалардың да қызығушылығы артқанын айтады.

— Ұлттық спорт түрлерінің арасында елімізде көкпар, асық ату өте жақсы дамуда. Федерация да көп көңіл бөліп жатыр. Қазақстанда көшпенділер ойынының өтуі ұлттық ойынымыздың дамуына жаңа серпіліс әкелді. Жыл өткен сайын деңгейі артып келеді. Былтыр Республика күніне орай Астанада өткен асық атудан жарыстың бас жүлдесіне темір тұлпар тігілді. Бұрын-соңды мұндай қолдау болған емес. Өз басым бала кезден асық атып, ойнаймын. Ал 2019 жылдан бері кәсіби түрде айналысамын. Аудандық, облыстық жарыстарда топ жарып, республиканың құрамасына кірдім. Асық ату — 6-дан 60 жасқа дейінгі адамдар ойнайтын ойынымыз. Бұл ойын бала бойында икемділікті, ептілікті, моториканы дамытады. Шыдамдылық, сабырлылық, ширақтық қасиеттерін дарытады.
12 метрлік шеңберді айналып, әрдайым қозға-лыста болу өкпеге де пайдалы. Сондықтан мұндай пайдасы көп ұлттық ойындарымыз дамып, кең насихаттала беруі тиіс, — дейді Керім Оңғарұлы.

Көшелі елдің көшеті көк!

Көктем келісімен өңірді жасыл аймаққа айналдыру жұмыстары жанданып, айналамыз көріктене түсетіні көзді қуантады. Табиғат-ана оянған мезгілде облыс бойынша жас шыбықтар отырғызу — жақсы үрдіске айналған. Биыл да бұл жақсы ғадет жалғасын таппақ.

Жыл сайын облыс аумағында наурыз айында экологиялық науқан бастау алып, жасыл желек алқабын арттыру жұмыстары қарқынды дамып келеді. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаевтың айтуынша, бекітілген кешенді жоспарға сәйкес соңғы екі жыл ішінде
6,2 мың гектар жерге 32,5 миллион көшет егілді. Оның ішінде былтыр облыс бойынша 16,8 миллион түп қарағай отырғызылды.

— Павлодар облысында жасыл желек аумағын кеңейтуге қатысты ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Әр көктем сайын игі дәстүрге айналған сенбіліктер жарияланып, саябақтарда тал егу жұмыстары қолға алынды. Бүгінгі таңда аудан-қалаларда көшеттерді отырғызу ғана емес, оны күтіп-баптау, суару жұмыстары жүйелі түрде атқарылып жатыр. Мәселен, ағаштарды уақытылы суарып, тыңайтқыштар сеуіп, күтім жұмыстары жүргізілуде. Әрине, отырғызылған көшеттердің өнімділігі күз айында белгілі болады, — деді ол.

Ал Павлодар облысы әкімдігінің орман қорғау мекемелеріне көгалдандырудың кешенді жоспары аясында 5 жыл ішінде 5,3 мың гектар алқапқа 32 миллионға жуық көшет отырғызу жоспарлануда. Былтыр
1560 гектар алқапқа 9,6 млн көшет отырғызылды. Атап айтсақ, көктемде 800 гектар алқапқа 4,5 миллион көшет отырғызылса, қалғаны күзде егілді. Биыл бұл бағытта облыс бойынша 1400 гектар жерге 8,5 млн түп көшет егіледі деп күтілуде. Бүгінгі күні орман қорғау мекемелерінде дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жақсылыққа толы жыл басы

22 наурыз — Жыл басы ретінде ерекше мән-маңызға ие. Жасару мен жаңару мере-кесі саналатын бұл күнді қадым заманнан қазақ халқы «Ұлыс күніне» балап, бір-біріне «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп жарыса жақсылық тілеген. Ұлттық мерекені шат-шадыман көңіл-күймен қарсы алып, әр шаңырақта Наурыз көже пісіріліп, ағайын-туыс, көрші-қолаң арқа-жарқа болып бас қосқан. Осы күні әсем ән шырқалып, тәтті күй тартылып, мың бұралған бишілер өнер көрсеткен. Ұлттық салт-дәстүріміз насихатталып, әрбір адам мерекенің жылы лебін сезініп, көңілін көтеріп, думанды кештердің куәсі болған. Осынау керемет көріністер биыл да жалғасын табады деп күтілуде. Мәселен, алысқа бармай-ақ, өз өңірімізге тоқталар болсақ, Наурыз мерекесі қарсаңында 157 киіз үй тігіліп, тұрғындар назарына мерекелік бағдар-
лама ұсынылмақ. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан:

— 22 наурыз күні аймағы-мызға белгілі өнер жұлдыз-дары арнайы келіп, ән-шашуын тарту етеді. Сондай-ақ, облыс орталығындағы, қалалар мен аудандардағы мәдениет үйлерінде де түрлі тақырыпта мерекелік іс-шаралар ұйымдас-тырылатын болады. Жалпы, жыл басы – ел тарихы, қоғам өмірі үшін ерекше сәт саналып, тарихтың жаңа кезеңі басталады. Сондықтан да осы күннің мән-мағынасы тереңде, — дейді.

Салт-дәстүрге құрмет

Светлана Подюкованың ұлты – орыс. Ол бала кезден мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, қазақ халқының салт-дәстүрлерін берік ұстанады.  Отбасымен бірге әр ұлттық мерекені ерекше етіп қарсы алады.

Мәселен, Светлана әуле-тімен Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамын асыға күтеді. Бұл күні жеті тағамнан дайындалатын Наурыз көже әзірлеп, ет асады, бауырсақ пісіреді. Көрші-қолаңды қонаққа шақырып, мол дастарханын жаяды. Осыдан-ақ Наурыз ұлт пен ұлтты байланыстыратын ынтымақ мерекесі екенін аңға-руға болады.

Келген қонақты жылы жүзбен, қонақжайлылықпен қарсы алған отағасы мен отанасының бойынан қазаққа тән қоңыр мінезді бірден байқауға болады. Әр қонағын құдасындай сыйлап қарсы алып, бар жақсысын көрсететін кейіпкерлеріміз сырттай қазақ отбасына ұқсап та кеткен сияқты.

— Менің ұлтым орыс болғанымен, қазақ тілін тілім шыққаннан бастап білемін. 1- сыныптан бастап мемле-кеттік тілде білім алдым. Отбасымызда барлығымыз қазақша сөйлесеміз. Бүгінде Қызылорда облысы Екпінді ауылы, найман елінің келінімін. Қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін берік ұстанамын. Павлодар облысына жолдасымның қызмет бабымен ауысып келдік. Болашақ фельдшермін, —
дейді Светлана.

Әзірлеген – «Saryarqa samaly» газетінің журналистер тобы.