Наурыз мерекесінің мән-маңызын арттырудың жолы қандай?

Нау 20, 2025

Күн мен түн теңелетін, жыл бастауы саналған Наурыз мейрамында халқымыздың ұлттық салт-дәстүрі, өнері паш етіледі. Бұл – қазақ халқы үшін ең қастерлі мереке. Сондықтан Наурыз мейрамының мәні зор, мағынасы терең. Бар жақсылықтың бастауына айналған Ұлыстың ұлы күні көктемнің, еңбек пен рухани тазарудың, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерейлі мерекесі. Ағайын-туыс қауышып, бір дастарханнан наурызкөже ішіп, мәре-сәре болатын күн. Ерекше мейрамның табалдырығымыздан аттайтынына да санаулы күн қалды. Жаңару мен жасарудың белгісі саналатын жыл басы аймағымызда қалай тойланып жүр? Наурызды түлетіп, түрлендіру үшін не істеу керек?

 

Данияр ЖҰМАДІЛОВ, «JEBE» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:

— «JEBE» қоғамдық бірлестігінің негізгі бағыты – ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, мемлекеттік тілді, ұлттық ойындарды насихаттау, дәріптеу болғандықтан, Наурыз мерекесіне ерекше ден қоямыз. Көп жылдан бері ілгері, ауқымды жобаларды жүзеге асырдық. Бастаманың бірқатары Павлодар облысында алғаш рет қолға алынды. Оның ішінде ерекше атап өтетін жоба – «ең әдемі киім – ұлттық киім» деп аталды. Осы жобаның арқасында Павлодар өңірінің тұрғындары 1 наурыздан 31 наурызға дейін бір ай бойы ұлттық киім киюді қолға алды. Бұл бастама осыдан 5 жыл бұрын бастау алды. 2-3 жыл қатарынан елге үндеу жариялап, Наурыз айы бойы ұлттық нақыштағы киім киюді сұраған болатынбыз. Қуантарлығы, облыс басшылығынан бастап қатардағы азаматтарға дейін бұл үндеуге үн қосты. Әсіресе, мәдениет, білім беру мекемелерінің қызметкерлері жаппай ұлттық киім киюге көшті. Қазір осы бастаманың жемісін көрудеміз. Жыл сайын ешқандай үндеусіз тұрғындардың санасында наурыз айының 1-інен бастап ұлттық киім кию керек деген ұғым қалыптасқан. Бұл -«JEBE» қоғамдық бірлестігінің жемісі, жеңісі деп ауыз толтырып айта аламыз.

Ел арасында кең таралған жобаның бірі  «Көршіңмен көже іш» деп аталады. Қазір қалада тұратын жұртшылық көршісімен араласа қоймайды. Туған-туыстарын сирек көреді. Наурыз береке-бірлікті, мейрімділікті сыйлайтын мереке болғандықтан, тұрғындар арасындағы мерекенің маңызын арттыру мақсатында өзіміз бас болып, көже ұсындық. Ел іліп әкетіп, көршілер бір-біріне қонаққа барып, көжеден дәм татты. Тіпті, мекеме ұжымдары да бір-бірін көжеге шақырған жағдайлар болды. Сонымен қатар, Қыдыр атамен бірге аймағымыздағы елге танымал азаматтардың шаңырағы мен  аз қамтылған отбасылардың үйіне барып, балаларға тәтті сыйлық тарту еттік. Атап өтерлігі,осы жобаның бәрі «JEBE» қоғамдық бірлестігінің өз күшімен жүргізілді. Қазір Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып, ерекше сипатқа ие болған. Осындай ерекше жобалар қолға алынса, Наурыз мерекесінің мән-маңызы арта түсері сөзсіз.

 

Ризат РАХЫМЖАНОВ, облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығының басшысы:

— Ұлыстың ұлы күні жастар арасында да ерекше маңызға ие. Әсіресе, мектеп оқушыларынан бастап студенттерге дейін Наурыз мейрамын тойлауға белсене араласады. Бұл мереке қазақ халқында 1-2 күн емес, бір айға дейін тойланған. Қазір қолға алынып жатқан Наурызнама онкүндігі сол дәстүрдің жалғасы деп білемін.

Биыл орталық Наурызнама онкүндігі аясында өтетін шараларға да үн қосуда. Мәселен, Көрісу күнінде «Павлодар күй қанатында» тақырыбында флэшмоб ұйымдастырдық. Оған бір мыңға жуық жас қатысып, қазақтың күйін шертіп, құлақ құрышын қандырды. Наурыз мейрамында қоғамдық өмірдің түрлі саласы бойынша игі іс істеліп, жоқ-жітік пен жетім-жесірге әлеуметтік көмек берілуі керек. Осы ретте қайырымдылық күнінде еріктілер мұқтаж жандарға көмек қолын созды. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында орталық жағалауда «Наурыз алаңы» жобасы өткізіледі. Оның аясында бірнеше алаң құрылатын болады. Мәселен, «Жастар жәрмеңкесінде» жас кәсіпкерлер ұлттық нақыштағы киімдерді, бұйымдарды тұрғындар назарына ұсынатын болады. Ал «Jastar Vibe» алаңында еріктілер, тәжірибелі аниматорлар Наурыз мейрамын тойлауға келген қонақтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Тұрғындар арасында ұлттық ойындар өткізіледі. «Nauryz music» алаңында келушілер қазақ халқының әндерімен танысып, сүйікті әндерін шырқайтын болады. Жыл сайын Наурыз мейрамына жастар тарапынан жаңаша үн қосуға атсалысып келеміз.

Атап өтерлігі, қазір Наурыз мейрамы тек әншілер ән шырқап, ел тек концерт көріп қайтатын мазмұннан алшақтады. Жастар да Наурызды ерте тойлауды санасына сіңірген, Наурызнамадағы онкүндіктің мән-маңызын жақсы біледі. Осындай игі бастамалар Наурыздың мән-маңызын арттырып, айшықтай түседі.

 

Лаура ҚҰМАРОВА, Аққулы аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

— Ауылдағы Наурыз мерекесінің жөні бөлек қой, шіркін! Бір ерек-шелігі, ауылда киіз үй құру сөз емес. Ұлыс күнінде Аққулы ауылында 6 киіз үй тігіледі. Әр киіз үй Наурызнамадағы онкүндіктің атауларына бөлінген. Онда тақырыптар бойынша көрме ұйымдастырылады. Наурыз мерекесіне ауылдың барлық тұрғыны қатысып, көрші ауылдардан да қонақтар келеді. Биыл Наурыз ерекше өткізіледі. Өйткені, жергілікті тұрғындар биыл ұмыт болған салт-дәстүрлерді жаңғыртады. Ұлттық киім түрлерін де назарға ұсынады. Бұл ретте кимешек, сәукеленің көне түрлері көрсетіледі. Сонымен қатар, қонақтар ұмыт болған ұлттық тағамдардан дәм тататын болады. Әр киіз үйдің ауласында Наурыз көже мен ыстық бауырсақ тегін үлестіріледі. Ойын алаңында қой көтеру, жілік сындыру, қол күресі, арқан тарту секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Ат спортынан аударыспақ та жоспарланған. Аудандағы әр ауыл көше-көшеге бөлініп, ұлттық киім киіп, ұлттық тағамдардан дастархан жаятын болады. Жылдағыдай, жұртышылық Қыдыр атаның батасын алып, көркемөнерпаздардың концертін тамашалайды.

Ұлыс мерекесі деген ұлан-асыр той жасап, тамақ ішіп, ат шаптырып, сауық өткізу емес. Оның мән-мағынасы жас буынның ойына қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, мәдениетін сіңдіруде. Ата-бабамыз табиғаттану, жаратылыс-тану, адамтану, өзін-өзі тану деген үлкен ұғымдарды осы Наурыз мерекесінде жас ұрпаққа кеңінен таныс-тырып отырған. Балалардың үй аралап көже ішуі, оларға базарлық пен көрімдіктің берілуі ұлттық санаға әсер етеді. Балалар бұл күні ойынға қанса, үлкендерден бата алып, ел аралап, үлкендердің аузынан тағылым тыңдаса, дәстүрдің бәрі санасында қалыптасады. Міне, біздің де мақсатымыз сол. Ұлттық құндылығымызды ұрпаққа мұра етсек, Наурыздың мән-маңызы жоғалмайтыны ақиқат.  

Сауалнаманы жүргізген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.