Ақсу қаласында шаңырақ көтергісі келетін жұптар некелерін салтанатты түрде рәсімдей алады. Ол үшін АХАТ бөлімінде жас отбасылар үшін неке залы ашылды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың 1 шілдесінен бастап азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің қызметі корпорацияға берілген. Оның аясында Ақсу қаласының тұрғындары үшін неке қию залы өз жұмысын бастады. Отау құруды қалайтын жұптар Астана көшесі, 26-үй мекенжайы бойынша орналасқан АХАТ бөлімінде салтанатты түрде ерлі-зайыпты атана алады.
Мұндай қуанышты сәттің куәсі болу үшін жұптар АХАТ бөліміне 15 күн бұрын өтінім беруі тиіс. Жыл басынан бері жергілікті АХАТ бөлімі 2242 қызмет көрсеткен. Оның ішінде 100-ге жуық неке тіркелді.
Атап өтерлігі, салтанатты тіркеу қызметі ақылы негізде көрсетіледі. Ол үшін жұптар 10 мың теңге төлеуі керек. Неке қию рәсімі күнінде залға қонақтар, фотограф және бейнеоператор кіре алады.
Еске сала кетейік, облыс орталығы мен Павлодар ауданының тұрғындары Есеналиев көшесі, 24-үй мекенжайында некелерін қия алады. Мұндағы зал да жақында жөндеуден өткен.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.